"Қазақстан" шипажайындағы бассыздықтар бұрыннан белгілі болған

1838

Санаторий банкрот жағдайына жеткізілген. 

"Қазақстан" шипажайындағы бассыздықтар бұрыннан белгілі болған

Ішкі істер министрлігі өзіне қарасты "Қазақстан" санаторийі" АҚ бұрынғы президенті Қазбек Сұлтанның тұтқындалғанын хабарлады.

Оның қызы да қылмыстық қудалауға ілікті, бірақ ол әзірге үй қамағына алынған. ІІМ баспасөз қызметінің дерегінше, қылмыстық іс аясында басты айыпталушының жақын туыстарына және компанияның бірқатар қызметкерлеріне де айып тағылып отыр.

Қазбек Сұлтанның өзіне ірі көлемде қаражат ұрлаған деген күдік келтіріліп отыр. Ол 2013 жылы нысанды жөндеп, реконструкциялаймын деп банктен 2,5 миллиард теңге кредит алады. Және компания табысын өсіріп көрсеткен екен. ІІМ мәліметінше, Қ.Сұлтан қаражатты жалған кәсіпорын арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, 974 млн теңгені өз қалтасына басқан көрінеді.

2015–2019 жылдары спорттық сауықтыру кешенін Сұлтановтың кенже қызы Бейсебаева басқарды. Тергеу байламынша, ол да нысанның кірістерін ұрлаған. Қазіргі кезде компания борыш батпағына батып барады, кредиторларға 3,5 млрд теңге қарызы жиналып қалды.

Тергеу жалғасуда. Оның барысында біраз жаңа былық ашылуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Өйткені "Қазақстандағы" былықтар туралы құқық қорғау органдарына бұрыннан белгілі болыпты. Мысалы, Бас прокуратураға 2013 жылғы 9 шілдеде оның қызметкері Марина Голубевадан шағым түседі. Ол кезде ІІМ-нің "Қазақстан" шипажайы сырқатты құлан-таза айықтыра алар білікті мамандарымен танымал болатын.

"Ұжымымыз үлкен, әрі бір-біріне достық пейілдегі жандардан тұратын. Президент Қазбек Сұлтанов алып келген жаңа команда басшылық еткен кезеңде басшылық құрам толығымен ауыстырылды. Бірақ басты проблема бұл емес еді. Біріншіден, басшы лауазымдарына медицинаның ең қарапайым талаптарын да білмейтін біліксіз адамдар келді. Екіншіден, үлкен жұмыс тәжірибесі бар, ұжымда және сырқаттар арасында сенім мен құрметке ие білікті мамандар кетті. Олардың орнына сауатсыз, пайдакүнем, жұмысы сапасыз мамансымақтар келді. Ұжым акционерлік қоғам кімнің қолдауымен құрдымға құлап бара жатқанын түсінбей дал", – деп қамығады хат иесі.

Ол Қ.Сұлтан өзін алғашқы күннен бастап тағайындалған басқарушы емес, кешенді төл қаржысына сатып алған қожайын секілді ұстағанын айтады. Сол тұста оның жеке клиникасы да болыпты.  

"Сұлтан мырза әлдебір Мамырованы дегенді ілгерілете бастады. Ол 2005 жылы ІІМ госпиталінде жұмыс жасаған және дәріхананы басқарған әйел, мамандығы бойынша провизор. Алайда дәрі-дәрмек жеткізу бойынша бұзушылығы үшін жұмысынан қуылған, сапасыз препарат кесірінен сырқаттардың біразы реанимацияға түсті. Мамырова госпитальге жеткізетін дәрі-дәрмекті бизнесмен Қ.Сұлтан жалға алған дәріханадан сатып алып отырған. Сырқаттар қайтыс болмағандықтан Мамырова тек жұмысынан босатылды", – деп баяндайды прокуратураға Марина Голубева.

Оның айтуынша, 2011 жылы қазанда Мамырова емдеу кешенінің бүкіл жұмысын бақылауға алыпты.

"Ол тендерлік сатып алулармен айналысты: дәрі-дәрмек, азық-түлік, шаруашылық тауарлары, құрал-жабдықтар – барлық тауар тобы соның қолынан өтті. Мұнымен шектелмей, Мамырова кадрлық мәселелермен шұғылдануға кірісті. Бұл ретте ол "Қазақстан" санаторийінде тіпті ресми бекітілмеген де еді. Өзін бас әкімші деп атаған ол санаторий клиенттерінен түсетін барлық ақшаны да бақылауға алды. Мысалы, 2012 жылғы маусымда жаңа жүйе іске қосылды. Демалушылардың белгілі бір саны ғана есепке қойылады, шынында тұрушылар және қызметті пайдаланушылар қатары мүлдем басқаша болды. Әкімшілерге клиенттерді компьютерге енгізбеу жүктелді, олар тек кілт пен төсек-орын ғана тапсырумен айналысты", – дейді М.Голубева.

Ол 2012 жылдың соңына қарай санаторий басшылығы жөндеуге деп кредит алуға кіріскенін әңгімеледі.   

"Олар осыны сылтауратып, өз үйін салды. Тіпті санаторийдің люкс бөлмелеріндегі жаңа жиһаздың өзін тиын-тебенге бағалап, өздеріне алып кетті. Ал санаторийді жөндеу жұмыстарын бас бухгалтер Үмбетованың күйеуі және Қ.Сұлтанның досы басқарды. Ендеше өз үйлерін қалай салғаны, төл Центр-Ден клиникасының қалай жөнделгені, жаңа әрі қымбат жабдықтардың қайдан алынғаны түсінікті бола түседі. Госпиталге он жыл бұрынғы ескірген үлгідегі аппаратура сатып алынады. Санаторийді жөндеуге және реконструкциялауға деп алынған 2 миллиардтан астам кредит бұлардың барлығына да жетті. Бірақ ол қарыздың борышын кім төлейді?" – делінген Бас прокуратураға хатта. 

Онда 2011 жылдың желтоқсанында емдеу бөлімі жөніндегі вице-президент лауазымына Қ.Сұлтанның досы, бұрын базар басқарған Г.Әбділманов тағайындалғаны жазылған. Рас, оның медицина маманы дипломы бар. Бірақ дәрігерлікті тәрк етіп, бизнеске кеткен. Арызданушы оның оғаш қылықтарын теріпті: ұжымды жинап, өз балаларын мектеп бітіруімен құттықтауды сұраған. Жиналыста отбасындағы жағдайды сөз ететін болған. Дәрігерлер жалақысы жоғары болмаса да бастығына құрмет-қошемет көрсетуге мәжбүрленген. ІІМ ардагерлері болып табылатын сырқаттарға тіл тигізген кезі де болыпты.

"Қазақстан" санаторийі бертінде тіпті саудаға да қойылды. Үкімет шығынды ұйымды жекешелендірілетін мемлекеттік мүлік тізіміне қосты. Дегенмен, 2017 жылғы мамырда ақпарат құралдарына сұхбат берген Қазбек Сұлтан "Халық банкі" алдында борышқа батқанына қарамастан, оның Ішкі істер министрлігі қарауында қалуы үшін шипажай басшылығы қолдан келгеннің бәрін жасайтынын мәлімдеді. Ақыры шипажай саудадан алып тасталды. Оны бюджетке масыл ете бермей, бәсекелестік ортаға табыстау бастамасын Ерболат Досаев басқарған тұста Ұлттық экономика министрлігі ілгерілеткен болатын.

Қазбек Сұлтан "жөндеуден соң және заманауи құрал-жабдықтар сатып алынғаннан кейін де шипажайдың ісі өрге баспағанын" айтып, бұған елдегі экономикалық ахуалдың нашарлауын айыптады. Компания эконом бөлмелерінің құнын бұрынғы 11 мың теңгеден 8 мың теңгеге дейін арзандатқанымен ұйымдардың тендерлерін ұтып ала алмапты.

Салдарынан, "Қазақстанның" банктер алдындағы қарызы миллиардтап өсті. Санаторий іс жүзінде банкрот жағдайына жеткізілген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу