Қазақстан SMS-парольге көшеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3000

Электронды цифрлық қолтаңба қолданыстан шығарылады.

Қазақстан SMS-парольге көшеді

Жыл соңына дейін мемлекеттік қызмет көрсетудің 81%-ы электронды форматқа ауысады. Бұл үшін Қазақстан электронды цифрлық қолтаңбадан бас тартады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мәлімдегендей, электронды цифрлық қолтаңба SMS-парольге немесе бірыңғай сәйкестендіру нөміріне алмастырылады.

"Электронды цифрлық қолтаңбаға балама ретінде бір реттік SMS-пароль немесе бірыңғай сәйкестендіру нөмірін қолдану әдісін енгізуді жоспарлап отырмыз", – деді Анар Жайылғанова.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстанда SMS-пароль 64 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілген кезде ғана қолданылады.

"Бұл тәжірибе Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай мемлекеттерінде сәтті қолданылып жатыр. Мемлекеттік органдар тізілімінен басқа органдарға ақпаратты растау ретінде ұсынылатын әртүрлі үзінді көшірмелердің және құжаттардың 62 түрі алынып тасталады. Бұл тізімде қылмыстық жазаның жоқтығы, уақытша еңбекке жарамсыздығы, жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы, пациенттің медициналық картасынан алынған үзінді сияқты сұраныс сертификаттары болады. Ұйымдар аталған құжаттарды ақпараттық жүйелерден алады. Бұл үшін азаматтардың уақытын кетірмейді", – деді Анар Жайылғанова.

Естеріңізге салайық, осыдан 2 жыл бұрын ҚР бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде Бағдат Мусин электронды цифрлық қолтаңбаны SMS-парольмен алмастыру бастамасын көтерді.

Ол электронды цифрлық қолтаңба қазіргі заманның технологиялық талабына сай емес екенін алға тартып, электронды цифрлық қолтаңба мемлекеттік  қызмет алу үдерісін тежейтінін тілге тиек етті. Сонымен қатар электронды цифрлық қолтаңба алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бару, электронды цифрлық қолтаңбаны үнемі тасып жүру азаматтарға қолайсыздық туғызатынын жеткізді.

"Болашақта адамдар телефоннан басқа артық зат ұстамайтын болады. Олардың қаржылық келісімнен басқа барлық операциялары телефон арқылы шешіледі. Мақсатқа жету үшін электронды цифрлық қолтаңбаны бір реттік SMS-парольмен алмастыру қажет. Бұл үшін телефон номері халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеледі. Қандай да бір құжат қажет болған кезде халыққа қызмет көрсету орталығына тіркелген номер жолданады. Ізінше  SMS-пароль келеді. Соны қолдану арқылы қалаған құжатқа қол жеткізуге  болады", – деген еді Бағдат Мусин.

Бірақ неге екені белгісіз, сол кезде бұл бастама қолдау таппады.

Айта кетейік, 2018 жылы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы 6 млн-нан астам электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеді. 2017 жылмен салыстырғанда электрондық цифрлық қолтаңба 1,4 млн-ға артық болды.

"Азаматтарға берілген электрондық цифрлық қолтаңба санының ұлғаюы электронды үкімет порталын пайдаланушылардың қатары көбейгенін көрсетеді. 2018 жылы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан 12 млн адам өз бетінше электронды қызмет алды. Өткен жылдың қорытындысында азаматтарға 32 млн рет мемлекеттік қызмет көрсетілгені белгілі болды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 17% аз көрсеткіш. Яғни азаматтар мемлекеттік қызмет халыққа қызмет көрсету орталықтарынан емес, онлайн форматта өз бетінше алуды әдетке айналдырған", – деп хабарлады "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу