Қазақстан солтүстік көршіден инфляция "импорттайды"

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4020

Инфляция үкіметтің араласуымен ғана төмен болып тұр.

Қазақстан солтүстік көршіден инфляция "импорттайды"

2018 жылдың қорытындысы бойынша елдегі инфляция деңгейі  Ұлттық банктің жоспарлаған 5-7 пайыз аралығынан аспады. Әсіресе жылдың соңғы үш айында бұл көрсеткіш 5,3 пайыз шамасында болып, тұрақтылықты байқатты.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, биылғы инфляция былтырғымен салыстырғанда барлық тұтыну тауарлары мен қызметтері бойынша төмендеген. Азық-түлік бойынша бағаның өсімі былтыр 6,5 пайыздан биыл 5,1 пайызға, азық-түлік емес тауарлары бойынша былтырғы 8,9 пайыздан биыл 6,4 пайызға, ақылы қызметтер былтырғы 5,9 пайыздан биыл 4,5 пайызға азайған. 

Өткен жылдың соңында халықтың теңгеге деген сенімі де күшейген екен. Мәселен, былтыр желтоқсан айында халықтың инфляциялық күтулері іс жүзіндегі инфляциядан төмен болды. Инфляцияның өзі 5,3 пайыз болғанда халықтың инфляциялық күтілері 5 пайыз ғана шамасында болған еді. Жалпы төрт тоқсан бойынша халықтың инфляциялық күтулері 6,4 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеді. Халықтың инфляциялық күтулерін төмендету Ұлттық банк жұмысының басым бағыттары болғаны да анық.

Жалпы, жыл сайын Ұлттық банк мақсатты түрде теңгенің әлсіреуін төмендету жұмыстарын белсенді жүргізгеніне қарамастан, нарықта инфляция жыл санап артпаса, кемір емес. "Тұтыну нарығында инфляцияның күшеюі әлі де болса сақталуда. Тез ауытқитын бағалар мен реттелетін компоненттерді санамағанда инфляция 2018 жылы 6,2 пайыздан 6,7 пайызға күшейіп кетті", деп мәлімдеген Ақышев тек үкіметтің араласуымен ғана инфляцияны қолдан азайтып отырғанын мойындайды. Бас банкирдің айтуынша, инфляцияны төмендетудің басты факторы ішкі сұранысты толығымен қамту.

"Былтырғы 11 айда халықтың нақты табысы 4,4 пайызға өсті. 2019 жылы ең төменгі жалақының артуы, айлығы аз азаматтардың салық ауыртпалығының төмендеуі ішкі нарықтағы сұраныстың артуына ықпал етеді", дейді Ақышев.

2017-2018 жылдардағы банк секторын сауықтыру шараларының өз жемісін беретін уақыты да жетті. Осы орайда, бас банкир 2019 жылдан бастап банктердің несие портфелі ұлғайып, бұл өз кезегінде елдің номиналды ІЖӨ-нің артуына ықпал етпек.

Сыртқы факторлар бойынша Ақышев қысқамерзімді және ортамерзімді қатерлердің баршылық екенін жоққа шығармайды. "Өткен жылдың соңында күрт төмендеген мұнай бағасының жыл басында қайтадан 60 доллардан асқанына қарамастан, баға әлі де болса төмен болып тұр", дейді Ақышев. Оның айтуынша, бұл өз кезегінде жаһандық экономика үшін қатер.

"Сыртқы факторлардың күшеюі байқалады. Басты сауда әріптесіміз Ресейдегі жылдық инфляцияның мақсатты 4 пайыздан асып кеткені белгілі. Ресейден келетін импорттың көптігін ескерсек, биыл біз үшін де инфляцияның күшею қаупі жоғары", деді бас банкир.

Айта кетейік, Ұлттық банк 2019 жылғы инфляцияны 4-6 пайыз аралығында ұстап тұруды жоспарлап отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу