Елімізде судың 65%-ы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Алайда оның өзі толық игерілмей келеді. Бұл туралы "Қазақстан фермерлері қауымдастығы" басқарма төрағасының орынбасары Ақпар Мауленов Atameken Business арнасындағы "Түскі формат" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Қазақстан су ресурстары бойынша көрші мемлекеттерге тәуелді. Шығыс өңір Қытайға, оңтүстік Өзбекстан мен Қырғызстанға, Батыс Қазақстан Ресейге. Біздің өз елімізде су ресурстары қалыптаспайды. Сондықтан, әрине, жылдан-жылға оның тапшылығы байқала береді. Себебі көршілес мемлекеттер де өздерінің ауыл шаруашылығын дамытып, егістік алқаптарын ұлғайтып жатыр. Олардың өздеріне де су керек", – дейді спикер.
Бұл ретте ол көрші елдермен су ресурстары мәселесіне қатысты келіссөз жүргізетін лауазымды тұлғалар өз позицияларына берік болып, ел мүддесі үшін барын салуы шарт деп есептейді. Себебі Қазақстан көршілерден су алса, орнына энергия сынды басқа ресурс береді.
Еске сала кетсек, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселені көтеріп, алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін деген еді.
"Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті, бізге оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық", – деген Мемлекет басшысы.
Мұны "Қазақстан фермерлері қауымдастығы" басқарма төрағасының орынбасары да растап отыр. Оның айтуынша, елімізде арықтар ескірген, каналдар тозған. Салдарынан шаруалар суды үнемді пайдалана алмай келеді. Ал тамшылап, жаңбырлатып суару сынды технологиялардың барлығы қомақты қаржы тұрады. Сондықтан ол субсидия мәселесін қайта қарау керек деп есептейді.
"Көптеген шаруалар егістік алқаптарын әлі ескі әдіспен суарады. Суды бұрынғыдай арықпен жібереді. Тамшылап, жаңбырлатын суару деген де қолданылады. Бірақ елімізде 1,3 млн гектар суармалы жер болса, оның 290 мың гектарында ғана суды үнемдеу технологиялары пайданылады. 200 мың гектары жаңбырлатып суару, 80 мың гектары тамшылатып суарылады. Ал қалғаны, яғни көбі бұрынғы әдісті қолданады. Мұның басты себебі – шаруалардың қаржылық жағдайы төмен. Өйткені бұл жүйелердің барлығы өте қымбат. Әрине, оларға субсидия беріледі. Дегенмен көптеген шаруаның қалтасы мұны көтере бермейді", – деді маман.
Сондықтан сарапшы бірінші кезекте инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында аталған жүйелердің бағасын қайта қарап, қаржы көлемін арттыру керек екеніне тоқталды.
"Екіншіден, су тапшылығы басталғандықтан, ішкі мүмкіншіліктерді іздеу керек. Нақтырақ айтқанда, еліміздің жерасты су қорларын барлау жұмыстарын бастау шарт. Кеңестік кезеңде мұндай жұмыстар жүргізілген. Жерасты су қорлары анықталып, оның картасы да жасалған. Сол архивтер де бар шығар. Соларды көтеру керек немесе биологиялық барлау жұмыстарын қолға алу маңызды", – деп қорытындылады фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары.