Жағасы алыстаған Аралдың тағдырына Каспий де қосылып келеді, өзен-көлдердің жайын айтпағанда, өңірлерде егінге су жетпей, құрғақшылық қайталана беретіні де рас.
Енді Қазақстан су ресурстары жүйесінде маңызды өзгерістерге қадам баспақ. Әуелі жекенің қолында тұрған, күтімі жоқтықтан көктемдегі аумалы-төкпелі кезеңде халыққа үрей туғызатын гидротехникалық нысандарды мемлекет меншігіне қайтарып алуға ниетті екені байқалды. Мәселен, еліміз 2027 жылға 2 мыңға жуық гидротехникалық нысанды қайтарып алмақ. Қазір коммуналдық гидротехникалық құрылыс жайларды басқару және пайдалану жөніндегі 16 мамандандырылған ұйым жұмыс істейді. Олардың 10-ы 2024-2025 жылдары жаңадан құрылған. Қазір бұл мекемелердің балансына 872 гидротехникалық нысан қабылданып үлгерген екен.
Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, республиканың бірнеше аймағында құрылған ұйымдар нысандардың қауіпсіздігін, техникалық жағдайын, уақытылы жөнделуін қадағалайды. Жалпы, нысандарды жаппай мемлекет иелігіне қайтару бастамасы – құптарлық дүние. Оған бір-ақ себеп жеткілікті, былтыр көктемде Қазақстанның көп өңірін су басып жатқанда салаға қатысты ведомство статистикаларды түзген.
Есепке қарасақ, елде ақауы бар гидротехникалық құрылысжайлардың, бөгет-плотиналардың саны 537-ге жеткен. Бұлардың бәрі кезек күттірмей шұғыл жөндеуді талап етіп тұрыпты. Ал тасқын кезінде осылар бірінші кезек сыр бергені даусыз. Бұл аз болса, тексеріс кезінде қолданыстағы 1 502 гидротехникалық нысанның ішінде 535-інің, яғни, үштен бір бөлігінен астамының тиісті техникалық құжаттары жоқ болып шықты. Яғни, бақылаусыз қалған.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған ГТҚ-лардың негізгі бөлігі коммуналдық меншікте болған. Жоғарыда айтылған 1 502 объекті тұрақты тексеруді талап етеді. Соның 229-ы жеке меншікте болса, тағы алтауы мүлде иесіз қалып қойған. Өткен ғасырда салынып, кейін күрделі жөндеуден өтпеген, әліге дейін қолданыста тұрған обьектілер қауіптің көзіне айналып кетті. Жеке меншікте жатқан нысандар тіпті қадағаланбайды. Иелері балық өсіреді, табыс табады, ал жауапкершілікке келгенде басын ала қашады.
Мәселен, Ақтөбедегі Мағаджан су қоймасының плотинасына қажет күтім жасалмай, салдарынан 2024 жылдың 5 сәуірінде бөгет жарылып, Хромтау ауданындағы үш ауыл және Ақтөбеге жақын орналасқан саяжайларды су басып қалды. 15,8 миллион текше метр суды төменге ағызып жіберген бөгет 1985 жылы қолдананысқа беріліп, содан бері күтім көрмеген.
Кем-кетіктің бірі су қоймалары иелерінің жауапкершілік алмауында, өйткені жаза жеңіл. Нысан жарылып елді мекенді су алса, халық шығынын биліктен талап етеді, ал гидротехникалық нысанның иесі аздаған айыппұлмен құтылады. Әкімшілік кодексте "Бөгеттерді декларацияланатын бөгеттерге жатқызу өлшем шарттарына сәйкес келетін тежеуіш гидротехникалық құрылысжайларды қауіпсіздік декларациясы болмай пайдаланғаны" үшін 25 АЕК (92 300 теңге) ғана айыппұл салынады. Ең ауыр жазасы – әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК (1 476 800 теңге) айыппұл арқалатады. Былтырдан бері бұл жазаны ауырлату бағытында жұмыс істелуде, дегенмен айыппұл бірнеше есе өсіп қана қояды, ал қоймаларды қараусыз қалдырған иелері қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кетеді.
Сонымен, алдағы 2 жыл аралықта мемлекет 2 мыңға жуық гидротехникалық нысанды қайтарып алатын болса, осындай олқылықтар тыйыла бастауы мүмкін. Оның үстіне басты ресурс саналатын тіршілік көзі де жөн-жосықсыз жұмсалмайды.
Биыл Қазақстан цифрландыру, жасанды интеллект жайын көп талқылап жатқаны белгілі. Оның бір ұшығы су саласына да қатысты. Дамыған елдер ресурстың жағдайын, қалай өзгеріп жатқанын ғарыштан-ақ бақылай алады. Бұл тәжірибе Қазақстанда да бар, алайда қолданылуына келгенде бейжай қараушы ұйымдар көп.
Мысалы, ғарыштан Жерді қашықтықтан зондтау серігінің түсірген суреті арқылы су тасқынына болжам жасап, қауіп-қатеріне мониторинг жасауға болады. Бұл – Жерді қашықтықтан зондтау ғылымының интеллектуалды есебі деп аталады. 2014 жылдан Жер орбитасында жүрген KazEOSat-1 жерсерігінің мүмкіндігі шектеулі, алайда су тасқыны болатын ошақтарды дәл көрсетіп бере алады. "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы жерді, соның ішінде Қазақстан аумағын күнде суретке түсіріп отырады. Суреттер Төтенше жағдайлар қызметіне тегін беріледі. Ал басқа мүдделі органдар тапсырыс беру арқылы ақылай алатын.
Қазақстан енді су ресурстарының цифрлық базасын даярлауға көшпек. Ұлттық платформа әртүрлі су пайдалану сценарийлеріне бейімдеуге және барлық аймақтарда бірыңғай цифрлық стандарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде ерте болжам жасау жүйесі де бар. Ол климаттық, гидрологиялық және агротехникалық факторларды ескере отырып, салалар мен өңірлер бойынша су тұтыну көлемдерін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Талдауға жасанды интеллект қатысады.
Әрине, бір қарағанда бастаманың тиімділігі көп. Оны 2026 жылдың соңына қарай іске қосу көзделген. Осы арқылы Қазақстан су ресурстарының жайына көңіл бөлуді арттырмақ. Әйтсе де бұл тұрғыда ғылыми талдау, болжамнан бөлек, саяси келісім факторлары да бар. Әсіресе, шекаралық өзендерден келетін су көлеміне байланысты түйткіл көп. Көрші елдер кейде су көлемін қысқартып, кейде толассыз жіберіп, тұрақсыз жағдай қалыптастырып отырғаны жасырын емес.