Қазақстан су тасқынына байланысты қандай шаралардан бас тартты?

3522

Негізгі бас тартулар алда көрінеді.

Қазақстан су тасқынына байланысты қандай шаралардан бас тартты? Фото: inbusiness.kz

Мемлекет басшысы бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма бергені мәлім.

"Жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет! Сондықтан елімізде бұрын жоспарланған халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы нақты тапсырма бердім", – деп қайталады Президент 25 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында.

Қазірдің өзінде тосқауыл қойылған іс-шаралардың тізімі белгілі болуда.

Астана халықаралық форумы

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші болып, Астана халықаралық форумынан бас тартты.

"Биыл Астана халықаралық форумын өткізбейтін болдық. Әрине, бұл – елімізге қажет, өте маңызды жиын. Дегенмен оны кейінге қалдыра тұруға болады. Ал кезек күттірмейтін кездесулер мен іс-шаралардың жөні бөлек. Бұл ел игілігі үшін керек", – деді Мемлекет басшысы.

Бұл – Қазақстан өткізетін халықаралық жиындарының ішіндегі аса қымбатының бірі. Соңғы форумы 2023 жылғы 8-9 маусымда, дәстүрлі түрде елордада өтті. Бұрын ол "Астана экономикалық форумы" (АЭФ, AEF) аталатын. Ұзақ жыл бойы осы бренді халықаралық деңгейде ілгерілетілді. Кейін оның атауы "Астана халықаралық форумы" (АХФғ AIF) деп өзгертілді. 2023 жылы жаңа атауымен ұйымдастырылды.

АХФ былтырғы пленарлық сессиясына Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, сөз сөйледі. Форумға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумның төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЕҚЫҰ бас хатшысы Хельга Шмид, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары–ЭСКАТО ұйымының атқарушы директоры Армида Салсиа Алисджабана және басқалар қатысты.

Белгілі болғанындай, мәртебелі меймандардың сапары, яғни ұшақпен қос бағытта бірінші және бизнес сыныппен ұшу билеті, Астанадағы ең салтанатты қонақүйлерде жатуы, күзеті, қымбат көліктері, мейрамханаларда түстенуі сияқты барлық шығын бюджеттен өтелген.

2023 жылғы 8-9 маусымда бұл басқосуды өткізу үшін Үкіметтің ел бюджетінен 1,5 миллиард теңге шығындағаны анық болды. Биыл да сонша сома жұмсалуы керек болған. Тасқын тойтарды.

"Биыл Астана халықаралық форумын өткізуге бюджеттен 1,4 миллиард теңге қаражат қарастырдық. Бұл бұрынғы жылдардан біршама аз. Мысалы, 2018 жылы Астана экономикалық форумын өткізуге бюджеттен – 2,4 миллиард теңге, былтыр – 1,5 миллиард теңге шығындалды", – деді 2024 жылғы 19 наурызда Қаржы министрі Мәди Такиев.

Биылғы жылы AIF 13-14 маусым күндері Астанада өтуге тиіс болатын. Қазақстан билігі оған шет мемлекеттердің көшбасшылары мен үкімет мүшелерін, бүкіл әлемнен бизнес-лидерлерді шақырып қойыпты.

АХФ сайтының басқы бетінде, ағылшын тілінде: "АХФ өткізуден Қазақстандағы жойқын тасқын кесірінен бас тартылды. Келесі форум 2025 жылы өтеді. Түсіністік үшін рахмет", – деген ескерту жазылған.

Қазақстан халқының бірлігі күні думаны

Тасқынға байланысты биыл "1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні" көптеген өңірде кең ауқымда атап өтілмеді. Топан су аясында әкімдіктер Роза Рымбаева, Қайрат Нұртастарды шақырып, бұқараға арналған мерекелік концерттер мен халықтық серуендер ұйымдастырмады. Бұл "жұлдыздарды" шақыру құны орта есеппен 10 миллион теңге тұратынын ескерсек, бюджеттен кем дегенде сонша соманы үнемдеді.

Елорданың өзінде әкімдік кешегі мереке күні "Жастар" сарайында "Біздің сарайдың балалары" балалар шығармашылық ұжымдарының есептік концертін өткізумен шектелді. Оған ұжымдар тегін қатысқан.

Сарайдың бірінші қабатындағы фойесінде бейнелеу өнері шеберханасы студиясының жас суретшілерінің суреттерінің көрмесі жайылды. Екінші қабатта жас сәнгерлер жаңа киім топтамасын ұсынды.

Демеушілердің қолдауымен, бұл күні астаналық волонтерлер көшеде 10 келідей бауырсақ пен тәтті таратты.

"Жеңіс күні" парады

"Қазақстан биыл Жеңіс парадын тек Байқоңырда ғана өткізеді" деп жазуда ақпарат құралдары. Алайда ғасыр ортасына дейін Ресейдің басқаруына берілген бұл қазақстандық қалада қазақстандық билік – әкімдік жоқ. Бұл шаһарды Мәскеу тағайындаған Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин басқарады. Оның бес орынбасарының бәрі – ресейліктер.

"Байқоңыр" ғарыш айлағының бір бөлігі ретінде Байқоңыр қаласы "Ресей федерациясының федералдық маңыздағы қаласы мәртебесіне" сәйкес статусқа ие. Сондықтан бұл қалада Жеңіс парадын Қазақстан емес, Ресей ұйымдастырмақ. Байқоңыр әкімшілігі 9 мамыр күні Ленин алаңында Жеңіс парады, митинг пен концерт өтетінін күнібұрын хабарлап тастады.

Қазақстанда соңғы Жеңіс парады 2018 жылғы 7 мамырда өтті. 2020 және 2021 жылы әскери шеруді өткізуге коронавирустық шектеулер кедергі болғаны алға тартылды.

Биыл да Қазақстан Отан қорғаушы және Жеңіс күніне арналған әскери салтанатты марштан бас тартты.

Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, бұл өзге шаруаға алаңдамай, ұлттық армияның жауынгерлік даярлығын үздіксіз нығайту, әрі қаржы үнемдеу үшін жасалды.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың мәліметінше, "бір әскери парадты өткізу бюджеттен орта есеппен 4 миллиард теңгеден артық шығынды талап етеді".

"Ал Қарулы күштеріміздің алдында салмақты міндеттер тұр. Жоғарғы бас қолбасшы нақты міндеттер қойды. Парад тым көп шығынды қажет етеді. Жанар-жағармай материалдары, әскерилердің іс-сапар шығыстары, жеке құрамды орналастыру, тамақтандыру және басқа шығындары жетерлік. Біз таңдау жасадық: жаттығулар өткізіп, әскерді ұдайы жауынгерлік дайындықта ұстаған дұрыс па, әлде парадтың қамына бас қатырған жөн бе? Біздің ойымызша, аймақтағы қазіргі күрделі жағдайда Қарулы күштердің ұрыс даярлығын шыңдаған орынды", – деді былтыр Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Әйтсе де, оған бұл ұстанымын өзгертуге тура келуі мүмкін.

Спорттық шаралар

Көшпенділердің мұрагерлері болып табылатын Азия мен Еуропа елдерінің өзіндік Олимпиадасы саналатын халықаралық сайыс 2024 жылы Қазақстанда өтуге тиіс. Биылғы Көшпенділер ойынына әлемнің 100 елінен өкілдер қатысады деп күтілуде. Спорттың 20 түрінен 4 мыңға жуық қатысушы сынға түсетіні хабарланды. Ұлы Дала төсін дүбірге бөлейтін мереке бір аптаға созылуға тиіс.

Билік одан бас тартпайтынын жариялады. Бірақ ашылу-жабылу салтанаттары және басқа да шығындары қысқартылады.

"Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады", – деп мәлімдеді биылғы 15 наурызда, Ұлттық құрылтай жиынында Президент.

21 наурызда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаев, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған және басқа да шенділер елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына қанша күн қалғанын көрсетіп тұратын кері санақ тақтасын салтанатты түрде іске қосты. Сол күні кері санақ тақтасында ойындарға 171 күн қалғаны көрсетілді. Бәлкім, бюджет жағдайы нашарласа, оны да кейін қалдыруы ғажап емес.

Туризм және спорт министрлігі басқа спорттық шаралардан бас тартылып жатқанын хабарлады. Мысалы, оқшауланған Ресей Олимпиадаға балама ретінде енгізген "Игры будущего" халықаралық жарысы келесі жылы өтпейді.

"Президент тапсырмасына байланысты биылғы күзде ұйымдастырылатын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу шығындары оңтайландырылуда. Ал, "Болашақтың ойындары" халықаралық мультиспорт турнирін ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстарын 2025 жылдан 2026 жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Биылғы ақпанда Президент Қ.Тоқаев Татарстанның Қазан қаласында өткен "Болашақтың ойындары" бәсекесінің ашылу салтанатына қатысып, келесі жылғы мультиспорт турнирі Қазақстанда өтетінін мәлімдеген еді", – деп хабарлады министрлік.

Ulttyq Onim көрмесі

Ел Үкіметі Қазақстанның барлық 20 өңірін жұмылдырып, елімізде отандық өнім шығаруда қандай жетістікке жеткенін паш етпекші болған. Оған Президент те қатысады деп күтілген. Өйткені "қазақстандық мазмұнды" ілгерілету туралы айтылғанына жиырма жылдай уақыт болды. Дегенмен, Қазақстанда нақты не жасалатынын халық та, билік те біле бермейді. Тіпті дүкен сөрелері толған шетелдік өнім.  

Бірақ мемлекеттік "Бәйтерек" холдингі Ulttyq Onim қазақстандық өндірушілердің VIII көрмесін өткізбейтінін жариялады.

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ының басшылығы 2024 жылғы 17–19 мамырға жоспарланған Ulttyq Onim қазақстандық өндірушілердің VIII көрмесін өткізбеу туралы шешім қабылдады. Мұндай шешімге Қазақстанның бірнеше өңіріндегі су тасқыны себеп болып отыр. "Бәйтерек" холдингі Ulttyq Onim көрмесі қазақстандық өндірушілердің тауарларын алға жылжытатын маңызды арна екенін түсінеді. Алайда қазіргі жағдайда табиғи апаттан зардап шеккен аудандардағы кәсіпкерлерге тікелей қолдау көрсету одан да маңыздырақ", – деп хабарлады "Бәйтерек" холдингінің баспасөз қызметі.

Холдинг су басқан өңірлердің экономикалық жағдайын қалпына келтіруге көмектесу үшін бар күшін салуға тура келетінін ескертті.

Әуе шарларының халықаралық фестивалі

Алматы облысы Әуе шарларының халықаралық фестивалін өткізуден бас тартқаны белгілі болды. Qonaev International Balloon Festival атты халықаралық фестиваль биылғы 11-12 мамырда ұйымдастырылады деп жоспарланған болатын.

Жыл басынан бері қатысушылар шақырту алып, думанды өткізуге дайындық қарқынды жүргізілген. Енді оған Алматы облысының әкімдігі тоқтау салды. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, іс-шараны доғаруға теңдесі жоқ тасқын және елдегі су басуға қатысты ауыр жағдай себеп.

"Алматы облысының әкімдігі салмақты күйреулерге соқтырған және тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндірген табиғи апаттарға байланысты Qonaev International Balloon Festival халықаралық әуе шарлары фестивалінен бас тартылғанын өкінішпен хабарлайды. Қазіргі уақытта бірқатар облыста ТЖ режимі жарияланған. Бұған қоса, өрттер қаупі артты. Осыған байланысты біз аталған іс-шараны өткізу тараптардың бәрі үшін еңсерілмес қиындық әкеледі деп санаймыз", – деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев.

Қазақстанда Үкімет өкілдерінің қатысуымен, Машина жасаушылардың форумын өткізуден бас тартылды.

Жалпы, қазіргі кезде Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері 2024 жылғы республикалық бюджетті қайта қарап, нақтылауға кірісті. Оның аясында тағы да көптеген халықаралық және ел ішілік іс-шараларды доғару мәселелері пысықталады.

Мысалы, биылғы ақпанда inbusiness.kz Цифрлық даму министрі 2024 жылы жаһандық форумды – Біріккен ұлттар ұйымының "Цифрлық қосу және трансформациялау жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлік конференциясын" Астанада өткізуді жоспарлап жатқанын жазды.

Мусин отставкаға кетті, енді оның бұл жаһандық форумы өтер ме екен? Талқылану үстінде. Өйткені одан бас тарту оңай болмайды. Қазақстан Үкіметінің сұрауымен БҰҰ Бас ассамблея бұл жиынды Қазақстанда өткізу туралы 47/202 қарар қабылдап қойған. Бірақ әзірге нақты уақыты бекітілмеді: ҚР Үкіметі мен БҰҰ арасындағы келісім жобасында форумның 2024 жылғы қыркүйекте өтетіні белгіленді. Оған әлемнің елуден астам елінен мыңдаған қонақ келеді, оның бәрінің шығынын Қазақстан бюджеті көтереді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу