Қазақстан суға да цифрлық таңба салмақ

2451

Елімізде алкогольсіз сусындардың түпнұсқалығын тексеруге арналған қоғамдық бақылау құралы сынақтан өтуде.

Қазақстан суға да цифрлық таңба салмақ

Қазақстанда тұтынушыларға сатып алынатын су мен құрамында қант бар сусындардың түпнұсқалығына цифрлық таңбалауды енгізу арқылы кепілдік беру жоспарлануда. Қазір қанатқақты жоба жүріп жатыр. Оған қапталған суды өндіретін бірқатар компания қосылған.

Біздің елдегі қапталған су мен құрамында қант бар сусындарды таңбалау жөніндегі қанатқақты жобаға ЕАЭО елдерінің келісімі негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі бастамашылық еткен. Қанатқақты жоба осы жылдың 1 шілдесінде басталған.

"Пилоттық жоба салалық кәсіпорындардың бизнес-процестерін зерделеу үшін жүргізіледі. Осылайша, қатысушылар тікелей өздерінің өндірістік желілерінде өндірілетін өнімді таңбалау процестерінің ерекшеліктерімен танысады. Саланың жобаға белсенді қатысуы біздің елдегі су мен сусындарды таңбалау жобасына қойылатын талаптардың қаншалықты мұқият ескерілетініне байланысты. Цифрлық таңбалауды енгізе отырып, өндірушілер нарықтың барлық өзгерістеріне жедел мониторинг жүргізіп, өз брендін қорғай алады. Ал тұтынушылар сатып алынатын тауарларға қоғамдық бақылау жүргізу мүмкіндігіне ие", – дейді тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы – Цифрлық экономиканы дамыту орталығының жоба жетекшісі Ерлан Нұрмағанбетов.

Еске сала кетейік, Ресей қазірдің өзінде суды цифрлық таңбалауға көшті. Бұл елде сарапшылар аталған нарықтағы сапасыз және жалған өнімдердің үлесін 67 пайыз деп бағалап отыр. Қазақстандағы бұл көрсеткіш бірнеше есе аз. Яғни 20 пайызға тең. Бірақ қоғам өкілдері көлеңкелі айналым деңгейінің төмендігіне қарамастан, суды және сусындарды жаппай сұранысқа ие өнім деп санайды. Сондықтан тұтынушыларға өнімді заңды түрде тексеруге мүмкіндік беру маңызды.

Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Әлия Мамытбаеваның айтуынша, еліміздегі контрафакт және заңсыз айналым статистикалық қателік деңгейінде.

"Әрбір өнімнің қаптамасына кез-келген нәрсені жазуға болады. Жалған деректер жазу проблема емес. Ал қаптамада тауардың жарамдылық мерзімі, құрамы, өндірушісі туралы барлық мәлімет жинақталған цифрлық код болған жағдайда, сапа мен заңдылыққа сенімді бола аламыз. Бізді тұтынушы ретінде мұндай құқықтан айыруға болмайды. Контрафактінің елден елге таралып кетуіне де жол жоқ", – дейді Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Жәмила Садықова.

Пилоттық жобаның қатысушысы "Tassay" сауда белгісімен өнім шығаратын "Юникс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз өндірісінде цифрлық таңбалауды енгізуді бастады.

"Біз өзіміз үшін жобаны енгізудің тиімді техникалық шешімін анықтадық. Таңбалау кодтарын қолданудың қолжетімді типографиялық әдісін зерттедік. Жалпы бұл процестен сырт қала алмаймыз. Өйткені өнімді таңбалау енгізіліп жатқан Ресейге су экспорттаймыз. Демек біз көрші елдің жаңа нарықтық ережелеріне бейімделуіміз керек. Әрине, жабдықты сатып алу бойынша мәселелер бар. Бірақ мұның бәрі реттеледі деп ойлаймын", – дейді "Tassay" компаниясының таңбалауды енгізу жөніндегі жоба жетекшісі Ибрагим Абдуллин.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу