Қазақстан тағы бір мақсатына жете алмауы мүмкін екені айтылды

111

Сәуір басталған тұста Қазақстан экономикасына қатысты күтпеген жаңалық жарияланды.  

Қазақстан тағы бір мақсатына жете алмауы мүмкін екені айтылды Фото: Sputnik/Владислав Воднев

Наурыз айымен салыстырғанда Ұлттық қордағы қаржы аяқ асты 2,3 трлн теңгеге азайып, актив көлемі 37,3 трлн теңгені құрағаны мәлім болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Баспасөз беттерінде осы ақпарат жарық көргелі бері журналистердің сұрауымен бұл жағдайды Қаржы министрлігі түсіндіруге тырысқаны да бар. Ведомствоның алға тартуынша, көрсеткіштер қайта есептелген.

Екіншіден, 2025 жылдың IV тоқсанында ұлттық валюта – теңге бағамы нығайған. Ұлттық қор активтері негізінен шетелдік валютада сақталғандықтан, теңге нығайған кезде оларды қайта есептеу барысында "теріс бағам айырмасы" пайда болады. Бұл бухгалтерлік есепте қордың теңгелік мәндегі көлемінің төмендеуіне апарыпты.

Бұған қоса, министрлік жыл басында "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында балалардың есепшоттарына аударылған қаржыны алға тартқан. Яғни, Ұлттық қордың тиімділігі теңгемен емес, АҚШ долларымен өлшенеді.

Бәріміз білеміз, бұған дейін Ұлттық банк Ұлттық қордың активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жариялады. Онда 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерінің көлемін 100 млрд долларға дейін ұлғайту жоспарланған. Қараңыз, көзделген мерзімге 4 жыл ғана қалды. Қазір деңгей 60-70 млрд доллар шегінен аса алмай келеді. Яғни, бұл жоспар орындалмай қалуы да мүмкін.

"Бұл жолы Ұлттық қорда ақша жоғалып кетті деуден гөрі, есеп пен саясаттың әсері барын ескеру керек. Валюталық қайта есептеу мен балаларға арналған төлемдер секілді факторлармен түсіндіріледі. Мәселе қайда десек, бюджет тапшылығын толтыру үшін қордан жыл сайын кепілдендірілген трансферттер алынады. Кейде қосымша қаражат та тартылады. Міне, осы жинау емес, жоғалтудың құралы іспетті", – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Сарапшының сөзінше, қорды 100 млрд долларға жеткізу – теориялық тұрғыдан мүмкін іс. Ал тәжірибеге келгенде бірнеше шарт бар: мұнай бағасының жоғарылауы, бюджет тапшылығының азаюы және экономикалық әртараптандыру. Әсіресе үшіншісінің маңызы зор.

"Қазір бюджеттің кірісі тұрақсыз, оның үстіне әлеуметтік міндеттемелер өсіп жатыр. Осы мәселелерді тиімді шешпейтін болсақ, қордың қаржысын өсіру қиын болады", – деп топшылайды Бауыржан Ысқақов.

Демек, меже мен нақты істің айырмасына қарап отырып, міндеттің орындала қалуы қиын екенін байқаймыз. Ұлттық қор дегеннен шығады, сонау 2000 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен осы жинақ пайда болғаны есте. Міне, содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Алғашында қаржы капиталдарын ескергенде 660 млн доллар ғана болған қор бүгінде біраз белеске жетті.

Кейін сатудан түскен барлық қаражат тікелей Ұлттық қорға аударылатын болды. Ұлттық қор кірістерінің елеулі бөлігі табиғи ресурстардың экспортынан түсетінін білеміз. Әсіресе, ел экономикасы әбден сенім артып алған мұнай арқылы.

Осы тұста өзіміз дей бермей, әлем тәжірибесін ақтарып көрдік. Негізі қорларды жинақтаушы елдердің көбі табиғи ресурстар есебінен толтырып отырады. Қазақстан да осы тәжірибені алған. Мысалы, Кувейтте бір емес, екі қор бар – 1960 жылы құрылған Бюджеттік резервтік қор және 1976 жылы ашылған Болашақ ұрпақтың резервтік қоры. Байқасаңыз, бірі бюджеттегі тұрақтылықты сақтауға, екіншісі болашақ ұрпақ үшін еш қол сұғылмастан сақталады. Болашақ ұрпақ қорына мемлекеттік кірістердің 10 пайызы аударылады.

Ал көпшілік қара алтын державасы санайтын Біріккен Араб Әмірліктерінде инвестициялық басқару бойынша қызық кейс бар. Мұнда Абу-Даби әмірлігіне тиесілі ұлттық әл-ауқат қоры 1970 жылдардың басында мұнай бағасының өсуіне жауап ретінде 1976 жылы тәуелсіз инвестициялық мекеме ретінде құрылған. Бұл қордың 49 еншілес компаниясы бар, барлық халықаралық нарықтарда акцияларға, облигацияларға, инфрақұрылымға, жылжымайтын мүлікке инвестиция жасайды.

Америкада 1976 жылы Аляска қоры ашылған. Ол – мемлекеттің жаңартылмайтын мұнай және минералдық байлықтарын сақтауға, Аляска тұрғындарының барлық ұрпақтарына арналған тәуелсіз әл-ауқат қоры. Ол екі бөліктен тұрады: негізгі шот және кірістердің резервтік шоты. Заң бойынша негізгі сома тұрақты жинақ ақша ретінде жүреді, яғни, ешкім қол сұға алмайды, ал кірістердің резервтік шотының қаражатын пайдалануға болады.

Ұлттық қорлар турасында әңгіме болғанда ең алдымен кәрі құрлықтағы Норвегияның 1990 жылы құрылған Мұнай қоры еске түседі. Бір қызығы, онда да біздегі секілді мемлекеттік тұрақтандыру тетігі бар, сондай-ақ болашақ ұрпаққа арналған қор рөлін де атқарады. Толтыру тәртібін үкімет айқындайды және жыл сайын парламент бекітеді. Қорға мемлекеттік бюджеттегі мұнай кірісінің 50 пайызға жуығы жұмсалады. Алайда олардың қоры біздегідей азайып емес, жыл сайын көбейіп жатыр. Қазір Норвегия қоры әлемдегі ең ірі инвестициялық қорлардың бірі.

2024 жылы Норвегия қорының активтерінің құны 1,8 трлн доллардан асып, жаһанды таңғалдырғаны есте.

Қалай алғанда да, Қазақстанның Ұлттық қорының өсуіне мүмкіндіктер көп болғанымен, кері тартатын себептер де баршылық. Яғни, барлығы табысқа емес, тиімді жұмсауға да байланысты іспетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу