Қазақстан темекі бағасы ең арзан ел. Бұл жақсы ма, жаман ба?

2322

Австралия билігі темекі шегетіндердің санын азайту үшін бағаны әдейі жоғарылатып қояды екен.

Қазақстан темекі бағасы ең арзан ел. Бұл жақсы ма, жаман ба?

The Lancet басылымында жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы темекі шегушілердің саны 1,14 миллиард адамға жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны "темекі эпидемиясы" деп атайды, өйткені "жыл сайын сегіз миллион адам темекінің кесірінен көз жұмады".

Picodi.com сайты темекі шегудің қаржылық аспектісіне назар аударып, талдау жүргізген. Олар әлемнің 104 елінде темекі құнының айырмашылығын және адамдардың жыл сайын темекіге қанша ақша жұмсайтынын есептеп шыққан.

"Біздің рейтингімізге енген елдердің ішінде Австралияда темекі бағасы жоғары болды. Онда 20 тал темекі бар бір қорап 25,63 доллар (10 933 теңге) тұрады. Австралия билігі темекі шегушілердің санын азайту үшін бағаны әдейі жоғарылатып қойған. Бұл елде акциз (көпшілік тұтынатын заттарға салынатын жанама салық – ред.) 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін жыл сайын 12,5% өскен", – деп түсіндіреді зерттеушілер.

Темекі бағасы ең қымбат елдер тобына Жаңа Зеландия (бір қорап – 24,75 доллар – 10 558 теңге), Ирландия (16,49 доллар – 7 034 теңге) және Ұлыбритания (15,66 доллар – 6 680 теңге) кіреді.

Керісінше, рейтингтің төмен жағында Нигерия (бір пакет – 0,97 доллар – 413 теңге) тұр. Төменнен санағанда "екінші" орында – Қазақстан ($1,18 - 503 теңге). Одан кейінгі арзан темекі Армения ($1,56 – 665 теңге), Беларуссия ($1,60 – 682 теңге) және Өзбекстанда ($1,69 – 720 теңге).

Желге ұшқан ақша

Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, жыл сайын 7,41 трлн (7 410 000 000 000) темекі шегіледі. Темекі шегетін бір адамға күніне 18 темекіден келеді. Ендігі сұрақ: Темекі шегушілер жыл сайын қанша ақша жұмсайды және ол табысының қанша пайызын "құртады?" 

"Тұтынылатын темекінің мөлшері әр елде әр түрлі, бірақ зерттеу жүргізу үшін біз орташа темекі шегуші жылына 365 қорап темекі сатып алады деп болжадық", – деп түсіндіреді зерттеушілер.

Қазақстанда күніне бір қорап темекі шегетін адам бір жыл ішінде 430$ (183 мың теңге) жұмсайды екен. Бұл біздің елде салық төлегеннен кейінгі жылдық орташа табыстың 8%-ына тең. Дәл осындай шығынды Австрия, Германия және Швеция елінің азаматтары жұмсайды (әрқайсысы 8%).

Табыстың көп бөлігін темекіге жұмсайтындар Ямайка (38%), Доминикан (41%) және Угандада (44%) тіркеліп отыр.

"Темекі бағасы numbeo.com сайтынан алынды, оны бүкіл әлем халқы пайдаланады. Валюталарды айырбастау үшін біз Google Finance-тің 2021 жылғы қыркүйектегі орташа бағамын қолдандық. Белсенді темекі шегушілердің саны мен тұтынылатын темекі саны туралы статистика The Lancet басылымының Дүниежүзілік зерттеуінен алынған", – деп түсіндіреді зерттеу жүргізгендер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу