Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы кезекті рет командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алып, өз есімін тарихқа тағы да жазды.
"D" тобындағы қорытынды матчта Юрий Щукиннің шәкірттері Колумбия құрамасын 2:0 есебімен ойсырата ұтты. Бірінші кездесуде Юлия Путинцева Валентина Ариасты 6:0, 6:1 есебімен жеңді. Екінші ойында Елена Рыбакина өз шеберлігін көрсетіп, Юлиана Лизаразоны 6:1, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп Қазақстанға шешуші ұпайды әперді.
Бірінші матчта Қазақстан командасы Билли Джин Кинг кубогының жеті дүркін чемпионы әрі корт иесі Аустралия құрамасын қапы қалдырды. Бұл Қазақстан теннисін дамытудағы стратегиялық әдістің тиімділігін айқын дәлелдейді.
Кубоктың финалдық кезеңі Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 16-21 қыркүйекте өтеді. Бұл Азиядағы турнирлер сериясы кезінде ойыншылар үшін қолайлы. Жарыс қожайыны Қытай мен әлем чемпионы Италия және Қазақстан финалға жолдама алды. Қалған бес команда топтық бәсекелер қорытындысы бойынша анықталады.