Дэвис Кубогінің элиталық дивизионы былтырғы жылдан бастап World Cup of Tennis Finals атауына ие болып, қараша айының соңында бір апта бойы 18 команда арасында финалдық кезең өткізіледі. Финалдық кезеңге былтырғы маусымның төрт жартылай финалисі, ақпан айында өткен іріктеу турнирінен жеңімпаз атанған он екі команда және екі уайлд-кард иегері шықты.
Финалдық турнирде командалар алты топқа бөлініп, олардың арасынан алты жеңімпаз және 2-орынға ие болғандар арасынан үздік нәтиже көрсеткен екі команда іріктеліп алынады. Былтыр Қазақстан финалда бақ сынағанымен, топтан шыға алмай, 2-орын алған болатын.
Биыл наурыз айының басында Нұр-Сұлтан қаласында өткен іріктеу турнирінде еліміздің құрамасы Нидерланды теннисшілерін 3:1 есебімен ұтып, 23-29 қараша аралығында Мадридте ұйымдастырылатын финалдық кезеңге жолдама жеңіп алды. Ал, енді бейсенбі күні өткен жеребе тарту рәсімінде Қазақстан В тобына, яғни Канада және Швециямен бірге бір топқа түсті.
Бұл жолы отандастарымызға оңай қарсылас түскен жоқ. Канадалықтар былтыр Мадридте финалға дейін жетіп, тек Испания теннисшілеріне ғана есе жіберген болатын. Сонымен қатар тағы бір қарсыласымыз Швеция теннисшілері Дэвис Кубогының жеті дүркін жеңімпазы. Олар соңғы рет осы турнирде 1998-жылы жеңіске жеткен. Бұдан бөлек шведтер 5 мәрте финалда ұтылған. Осы нәтижелердің барлығы ХХ-ғасырдың аяғындағы көрсеткіштер. Бұл көрсеткіштерді сараптай келе В тобының фавориті қанадалықтар болып тұр. Ал Қазақстан мен Швеция құрамалары ¼ финалда үздік нәтиже көрсеткен 2-орын иегерлеріне берілетін жолдама үшін таласады.
Әйелдер құрамасына келер болсақ, Дэвис Кубогінің баламасы болып табылатын Федерация Кубогінің өтетін уақыты біраз кейінге шегерілді. Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық теннисші қыздар 17-18 сәуір күні Аргентина командасымен кездесу өткізуі керек болған. Алайда бейсенбі күні Халықаралық теннис федерациясының (International Tennis Federation, ITF) шешімі бойынша турнир кейінге шегерілді.
"Қалай болғанда да COVID-19 вирусының таралуына жол бермеу үшін біз барлық теннис федерацияларымен жұмыс істеуді тоқтатпаймыз. Дегенмен, ITF-тің консультативтік тобы COVID-19 вирусына байланысты жағдайды бақылауда ұстайды. Олар деректер мен сарапшылардың пікірін ескере отырып, нақты бір шешімге келгеннен кейін ресми ақпаратты жариялайтын болады", - деп хабарлады Халықаралық теннис федерациясы.
Ермұхамед Мәулен