Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінде қарсыластарын әдемі жеңіп жатқан Юлия Путинцева ширек финалға жолдама алды. Енді оның рейтингтік ұпайлары көбейіп, келесі айда қарыштап алға жылжиын деп тұр. Қазақстанның екінші ракеткасы дәл қазір 46-орында келе жатыр. Алғашқы айналымда канадалық теннисші Катерина Себовты үш сетте жеңген Юлия келесі айналымға оңай шықты. Қарсыласы енді шығып келе жатқан жас спортшы болса да Путинцева оған бір сетті сыйлыққа бергендей көрінді. Одан кейін әлемнің үшінші ракеткасы Паула Бадоспен болған ойында отандасымыз бірден жеңіске ұмтылды. Алғашқы сетті 7:5 жеңген соң, екінші сеттің алғашқы геймін де ұтып алды. Испаниялық теннисші жарақатым бар деп жарыстан шығып, жолын Путинцеваға беріп кетті.
1/8 финалда қазақстандық спортшы Элисон Рискпен кездесті. Аты-жөні теннис әлеміне таныс Риск бірінші сетте еш қауқар көрсете алмады. Есеп 6:3. Ал екінші сетте АҚШ спортшысы қарсылық көрсетіп, геймдерге таласып көрді. Дегенмен жеңіс Юлияның еншісінде, есеп 7:5. Енді қарсылас ретінде америкалық теннисшілер легі шыға бастайды. Ширек финалда Путинцева тағы бір АҚШ өкілі Джесика Пегуламен ракетка түйістіреді. Ол әлемнің 7 ракеткасы екенін де осы жерде айта кетейік. Егер оны да жеңсе Путинцева рейтингте ТОП 20 қатарына кіріп кетуі де ғажап емес.
Путинцева мен Пегула әзірге бір-бірімен кездепеген. Джесика өткен жылы осы жарыстың жартылай финалында өнер көрсеткен. "Роланд Гаррос" Франция ашық біріншілігінің финалына шыққан. Сондықтан да қарсылас өте мықты екенін мойындауымыз керек. Алайда дәл қазір қазақстандық теннисші нағыз бабында жүрген сыңайлы. Аса қатты жарақаты да жоқ. Егер осы жарыста біршама жерге барып, жүлде алып жатса онда ол Елена Рыбакинадан да асып түсуі ықтимал. Демек Қазақстанның бірінші ракеткасы деген атақты да Юлия Путинцева тартып алуы әбден ықтимал.
Ермұхамед Мәулен