Қазақстан төлқұжатын алған ойыншы лигада үздік атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3773

Жақында ғана біздің елдің азаматтығын алған Энтони Клеммонс ВТБ лигасының желтоқсан айындағы ең үздік ойыншысы атанды.

Қазақстан төлқұжатын алған ойыншы лигада үздік атанды

"Астана" баскетбол клубының қорғаушысы, америкалық Энтони Клеммонс Қазақстан азаматтығын алып, еліміздің ұлттық құрамасының сапында ойнау құқығына ие болған. Өзі "Қазақ елінің намысын қорғау – мен үшін үлкен мәртебе" деп отыр. Сенімді ақтауға тырысатындығын, аянбай күш-жігерін салатындығын да тілге тиек еткен.

2018 жылы 13 желтоқсан күні, яғни Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында, ҚР Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Димаш Досанов ұлттық құраманың жаңа ойыншысына Қазақстан төлқұжатын табыс еткен болатын. Мақсат – ерлер арасындағы ұлттық құраманы күшейту, 2019 жылғы Әлем чемпионаты іріктеу додасының қалған ойындарында жеңіске жетіп, бүкіләлемдік біріншілікке ілігуге тырысу.

 

Қазақстан төлқұжаты Энтони Клеммонсқа майдай жаққан сияқты. Бұлай дейтін себебіміз, ол биылғы маусымдағы ВТБ Бірыңғай лигасы додасының үшінші айының, яғни желтоқсандағы ойындарының қорытындысы бойынша MVP болып танылды. Ауызекі тілмен айтқанда, өткен айдың ең бағалы ойыншысы атанды.

 

Осы ретте бір ескерте кетерлігі, соңғы рет "Астана" клубының ойыншысы ВТБ лигасында, осыдан төрт жыл бұрын MVP болып танылған-ды. Нақтырақ айтқанда, 2014/15 жылдар маусымында орталық шептегі Рашид Махалбашич бір айдың ең үздік ойыншысы атанған. Мұның қандай елеулі жетістік екендігін осыдан-ақ пайымдай беріңіздер.


Ал енді Клеммонстың өткен айдағы ойын өрнегі мен көрсеткіштеріне тоқтала кетейік. "Астана" желтоқсан айында үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңіске жетті. "Локомотив-Кубань", "Калев" және "Автодор" клубтарынан орта есеппен "+21" ұпай айырмасымен басым түсті. Әрі турнир кестесінде алғаш рет төртінші орынға көтеріліп, өзіндік рекорд орнатты.

Америкалық Энтони Клеммонс – "Астанның" көшбасшысы. Желтоқсанда орта есеппен әр ойында 22,0 ұпай еншілеп, үш ұпайлық қашықтықтан 45 пайыз соққысын дәл түсірді. Сондай-ақ 7,0 рет допты қағып әкетіп, әріптестеріне 5,7 мәрте нәтижелі пас берді. Қимыл-әрекеттерінің тиімділігі үшін 22,7 балл еншілеп отырды.

 

Сонымен қатар, өткен айдағы ең маңызды матчта, яғни "Локомотив-Кубань" клубымен додаға түскенде (90:71), Клеммонс команда қоржынына ұпай салудан осы маусымдағы өз рекордын орнатты (30 ұпай). Ең бастысы, астаналықтардың Краснодарда тұңғыш рет жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты.

Өкінішке қарай, "Астана" ВТБ лигасындағы соңғы ойынын Ресейде өткізіп, "Нижний Новгород" клубынан ұтылып қалды (78:85). Әрі турнир кестесінде бір саты төмен сырғып, 5-орынға орналасты. Команданың бас бапкері, Македония маманы Эмиль Райкович Нижнийдегі жеңілістен сабақ алып, қорытынды шығарып, енді тек алдағы ойындарға тыңғылықты дайындалатындықтарын баса айтқан болатын. Ендеше, алға "Астана"!   

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу