Қазақстан Түркі инвестициялық қорын құруға 70 млн доллар бөледі

Қордың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие.

Қазақстан Түркі инвестициялық қорын құруға 70 млн доллар бөледі Фото: Anadolu Agency

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

"Қазіргі жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның сыртқы байланыстарын әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізу негізгі мақсаттардың бірі болып табылады. Соның айғағы ретінде, экономикалық секторлардағы тұрақты өсуді қамтамасыз ете алатын барлық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастырудамыз. Осыған орай, екіжақты ынтымақтастықпен қоса, көпжақты платформалар шеңберінде, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясында белсенді өзара іс-қимыл жасаудамыз", – деді министр. 

Түркі мемлекеттері ұйымының негізгі міндеттерінің бірі –  экономиканың озық секторларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау, жаңа технологиялардың пайда болуын ынталандыру және оларды белсенді енгізу. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі Түркі инвестициялық қорын құру мәселесі болды.

Қорды құру бастамасына Әзірбайжан Республикасы ұйытқы болған. 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қорды тең капиталды және тең дауыс құқығы қағидатына сәйкес құру бойынша жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті. Осылайша, 2023 жылдың 16 наурызында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Мемлекет басшылары кеңесінің төтенше саммиті аясында Қорды құру туралы келісімге қол қойылды.

Түркі инвестициялық қоры түркі әлемінің экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты болып табылады. Қордың мақсаты өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық белсенділікті қолдау арқылы ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу.

Аталған мақсатқа жету үшін, Қор инвестициялық қызмет арқылы келесі функцияларды орындайтын болады – жобаларды, атап айтқанда шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылымды құруды және жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіптік өндірісті, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және жасыл экономиканы қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын салалардағы даму жобаларын қолдау.

"Бұл аталған жобалар ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуға, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретінін атап өту маңызды.  Қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны 350 млн доллар құрайтын төленген акциялар және номиналды құны 150 млн доллар құрайтын қосымша тартылатын акциялар болып табылады. Онда әрбір мемлекеттің  үлесі 70 млн доллар төленген акциялардан тұрады. Қордың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие", – деді Әлібек Қуантыров. 

Қордың құрамына Қордың Президенті, Басқарушылар кеңесі, Директорлар кеңесі, Бас директор және қатардағы қызметкерлер кіреді. Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының 2022 жылғы 11 қарашадағы шешіміне сәйкес Қордың бірінші президенті болып Түркі мемлекеттері ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Бағдат Құлтайұлы Әміреев тағайындалды.

Қордың орналасқан жері, яғни штаб-пәтері ретінде түркі елдері көшбасшыларының келісуімен Ыстанбұл қаласы болып белгіленді.

Қорды құру туралы келісім халықаралық шарт жасасудың заңдылықтарына, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері мен заңнамасына, ұлттық стратегиялық жоспарлау жүйесіндегі құжаттардың мақсаты мен міндеттеріне қарама-қайшы келмейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу