Қазақстан U-17 құрамасы "Развития" кубогіне қатыспайды

2063

Басты себеп футболшылардың COVID-19 тестінен өте алмауында.

Қазақстан U-17 құрамасы "Развития" кубогіне қатыспайды

Минск қаласында өтетін "Развития" кубогіне Қазақстан жасөспірімдер құрамасы қатыса алмайтын болды. Себебі футболшылардың басым көпшілігінің ПТР-тест нәтижелері оң болып шықты. "Қызыл статус" алған футболшылар саны көп болғандықтан, құрама команда шет мемлекетке шыға алмайды. Александр Кузнецов баптайтын ұжым апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласына келіп, оқу-жаттығу жиынын жүргізіп жатқан еді.

"Біз Минсктегі жарысқа қатысқымыз келіп еді. Тіпті, билет те алып қойғанбыз. Алайда коронавирус өз дегенін істеді. Футболшыларымыз күн сайын тест тапсырса да, көбісінің нәтижесі оң болып шықты. Десе де, біздің Нұр-Сұлтан қаласындағы жаттығу жиынымыз толығымен жүзеге асты деп айта аламыз. Ең алдымен біз шақыртылған ойыншылардың деңгейімен таныстық. Тек соңғы 2 күн бойы вирус жұқтырған ойыншыларды жаттығуда байқай алмадық" дейді бапкер Александр Кузнецов.

Айта кетейік, 6-13 ақпан күндері өтетін "Развития" кубогіне вирустың кесірінен Әзербайжан құрама командасы да қатыспайтынын мәлімдеген еді.  

"Развития" кубогі жасөспірімдер арасында жыл сайын Белоруссия астанасында өтеді. Оған 17 жасқа дейінгі Ұлттық құрама ойыншылары қатысады. Бұл жарыс алғаш рет 2006 жылы Минскіде ұйымдастырылған еді. Міне, содан бері турнирде 26 елдің құрамасы жыл сайын бақ сынап келеді. Өкінішке орай, биыл жастарымыз аталған жарысқа қатыса алмайтын болды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу