8-топта 17 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы 2025/26 жылғы Еуропа чемпионатының алғашқы іріктеу кезеңінің үшінші тур ойындары аяқталды. Нидерланды - Хорватия кездесуінде хорватиялықтар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл нәтиже алты ұпай жинаған Қазақстан құрамасына топта бірінші орын алып, екінші кезеңнің А лигасына жолдама алуға мүмкіндік берді.
Шешуші турға дейін көш бастап тұрған Нидерланды төрт ұпаймен үшінші орынға түсіп, В лигасына жол тартты. Алты ұпай жинаған Хорватия екінші орынға көтеріліп, А лигасында ойнайтын болды. Бір ұпайы бар Албания В лигасында жарысты жалғастырады.
Қазақстан құрамасы турнирдің алғашқы матчында Хорватияны 2:1 есебімен жеңді. Кейін Нидерландыға 1:4 есебімен есе жіберді, ал соңғы турда Албанияны 2:1 есебімен ұтты. Енді Бауыржан Сағындықтың шәкірттері 2026 жылдың көктемінде Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама үшін таласады.