Қазақстан Украинадан 5 азаматын қайтарып алмақшы

Парламент Сенатында "Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экстрадиция туралы келісімшартты ратификациялау" туралы Заң жобасы қаралды. 

Қазақстан Украинадан 5 азаматын қайтарып алмақшы

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында қос ел азаматтарын экстрадициялауды қамтамасыз ететін заң жобасы қаралды.
Құжаттың жобасын кеңес мүшелеріне ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов таныстырды.

"Бұл шарт қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстау, беру мәселесін шешеді. Шарт бойынша жасалған қылмыс үшін  екі елге де кемінде бір жыл бас бостандығынан айыру көзделген болса немесе сотталған адамның өтелмеген мерзімі 6 айдан көп болса,  ол адам ұстап беріледі.  Әрине, беруден бас тарту негіздері де көзделген. Мысалы бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе,  сұралып отырған әрекет әскери қылмысқа жатса,  ұстап беру егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса,  Қазақстанның заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге  қайшы келсе, адамды ұстап беруден бас тартуға негіз бар. Соңғы 3 жылда Украина бізге 6 қылмыскерді ұстап берді.  Қазір ол елде жасырынып жүрген 5 адамымыз бар. Оларды қайтару қаралып жатыр", – деді Бас прокуратура өкілі.

Марат Ахметжановтың айтуына қарағанда, аталмыш 5 азаматтың бірнешеуі қамауда отырса, қалғандары заң органдарына бой тасалап жүрген көрінеді.

"Екі азаматымыз Украинада нашақорлық және ұрлық бойынша қамауда отыр.  Қалған үшеуінің сол елде бой тасалап жүргені туралы мәлімет бар.  Оларға Украинада іздеу жарияланған. Қазір қамаудағы екі азаматты экстрадициялау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал іздеудегі азаматтарды Украина тарапы ұстап жатса, осы келісімшарт аясында қайтаруға болады. Ұсталғандарды Украинадан бізге қайтару үшін аталмыш келісімшартқа қол қойылғаннан кейін бір жылдай уақыт кетеді. Әзірге Украина тарапынан біздегі азаматтарын экстрадициялау туралы талап түскен жоқ", – дейді Бас Прокурордың орынбасары.

Заң жобасы кеңес мүшелерінің шешімімен Палата қарауына жіберілді. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу