Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы 20-23 қараша аралығында Қытайдың Бейжің қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады.
Команданы таяуда ғана Қазақстан хоккей құрамасының бас бапкері болып тағайындалған Талғат Жайлауов жаттықтыруда.
Оның бапкерлік ұжымына "Номад" клубының бас бапкері Константин Пушкарев, "Торпедо" командасының бас бапкері Андрей Корабейников және "Номадтың" қақпашылар жаттықтырушысы Александр Кудрявцев енді. Олардың барлығы – Өскемен хоккей мектебінің түлектері. Бапкерлер құрамының орта жасы 40-тан төмен, бұл ұлттық құрама тарихындағы ең жас штаб.
Азия чемпионатында Қазақстан Корея, Қытай және Жапония құрамаларына қарсы айдынға шығады.
Естеріңізге сала кетейік, бір жыл бұрын Алматыда өткен алғашқы құрлықтық турнирде отандық хоккейшілер алтын медаль иеленген болатын. Биыл да хоккейшілеріміз сол жетістікті қайталайды деген үміттеміз.