Қазақстан ұлттық құрамасы Белоруссияны жеңді

1385

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Латвияда өтетін Әлем чемпионатына дайындық аясында Белоруссияға қарсы өткен кездесуде жеңіске жетті. Ригада өткен жолдастық кездесу 2:0 есебімен, Юрий Михайлистің командасының пайдасына аяқталды.

Қазақстан ұлттық құрамасы Белоруссияны жеңді

Бірінші кезеңде хоккейшілер керемет ойынмен де, нәтижелі әрекеттерімен де қуантқан жоқ. Бірақ екінші 20 минуттықта командалар сәл белсенді өнер көрсете бастады. Нәтижесінде қазақстандық хоккейшілер 36-минутта Кертис Волктың күшімен есеп ашты.

Дегенмен беларуссиялықтар да  қарап қалмай, гол соғуға талпынды. Бірақ, Никита Бояркин қырағылық танытты. "Теміртау" қақпашысы Әлем чемпионаты басталмай тұрып ұлттық құраманың орналасқан жерінен кеткен Хенрик Карлссонды алмастырған болатын.

Үшінші кезеңде Михайлис шәкірттері екінші голды соқты. Бұл жолы 45-минутта Даррен Диц көзге түсті. Қорытынды есеп 2:0. Кездесу аяқталған соң Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Әлихан Әсетов ойынға қатысты өз пікірін білдірді және ең басты мақсат ресми кездесулерде жеңіске жету екенін атап өтті.

"Бірінші кезеңде ойнау өте қиын болды. Себебі барлығы көптен бері ойнамады. Барлығы да жігерлі болды. Екінші кезеңде біз айдынға емін-еркін шығып, жайбарақат ойнадық. Өз жұмысымызды атқарып, ұпай жинадық. Бірақ, қазір екі жолдастық ойын ешнәрсе шешпейді. Ең басты мақсатымыз - Әлем чемпионатында ресми матчтарда жеңіске жету", - деді ұлттық құраманың жаңа капитаны Әлихан Әсетов.

Естеріңізге сала кетейік, командалар екінші ойынды 15-мамырда өткізеді. Әлем чемпионаты 21-мамыр мен 6-маусым аралығында Латвияда өтеді. Қазақстандықтар чемпионатты турнир қожайындарына қарсы 22-мамыр күні бастайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу