Қазақстан Ұлттық құрамасы көш бастады

2092

Қазақстан Албаниямен тең ойнап, бір ұпайға қол жеткізді.

Қазақстан Ұлттық құрамасы көш бастады

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының 3-туры аясында Албаниямен тең ойнады. Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Албания ойынның фавориті болғанымен, бұл матчта гол соғудың сәті түспеді. Сондай-ақ бұл кездесуде Ғафуржан Сүйімбаев сары қағаз алғандықтан, келесі матчқа қатыса алмайды.

Кездесу аяқталған соң Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек пен Албания құрамасының бас бапкері Эдоардо Рея ойынға қатысты өз пікірлерін білдірді.

Михал Билек матч нәтижесіне көңілі толатынын және қорғаныста ойыншылардың тапшы болғанын айтты.

"Бізде қорғаныста ойыншылар мәселесі туындады: Вороговский, Әліп, Малый ойыннан шығып қалды, ал Марочкин жарақат алды. Бірақ алаңға шыққан қорғаушылар жақсы ойнады. Мен оларға ризамын. Біз гол жібермегенімізге көңіліміз толады. Алайда гол соғу мүмкіндігі көп болмады", – деді Билек.

Ал Албания құрамасының бас бапкері италиялық маман матч аяқталған соң, төрешімен ұзақ тілдесті. Өткен ойын барысында төреші 12 сары қағаз көрсеткендіктен, Эдоардо Рея алаңдатушылық білдіргенін жасырмады. Дегенмен барлығына көңілі толатынын айтты.

"Бәрі жақсы. Төрешілер кейде қателіктер жібереді. Ойын алдында мен қатты алаңдадым. Өйткені төреші бұған дейін өткен бір матчта 12 сары қағаз көрсеткен болатын. Мені осы жағдай қатты мазалады. Қазақстан құрамасы біз үшін біраз қиындықтар тудырды. Бірақ маған команданың ойын мәнері ұнады. Біздің топтағы барлық командалар шамамен деңгейлес. Дегенмен физикалық жағынан жақсы дайындалған топ жеңіске жетеді",  –  деді Эдоардо Рея.

Топтың фавориті болып есептелген Албаниямен ұпай бөліскен Қазақстан 4 ұпаймен бірінші орында тұр. Албания құрамасында да 4 ұпай бар, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша екінші орынға тұрақтады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу