Командамыз бұл ойында қосалқы құраммен өнер көрсетті. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына бас бапкер Әли Әлиев резервтегі ойыншылар мен жас футболшыларды шақырды. Қазақстан құрамасы сапынан келесі ойыншылар алаңға шықты:
Дінмұхаммад Жомарт ("Жеңіс"), Мади Хасейн ("Жеңіс"), Улар Жақсыбаев ("Ордабасы"), Амандық Набиханов ("Атырау"), Серікжан Мужиков ("Жетісу"), Жаслан Жұмашев ("Тобыл"), Давид Есімбеков ("Черноморец", Ресей), Наурызбек Жагоров ("Тобыл"), Айбар Жақсылықов ("Қайсар"), Алияр Мұхамед ("Оқжетпес").
Бірінші таймда командалар қақпа маңдайшасына бір-бір соққыдан бағыттап, бірқатар қауіпті сәттер тудырды. Екінші таймда Әли Әлиев бірнеше ойыншыны алмастырды. Ал, 70-минутта кореялықтар қазақстандықтардың қорғаныстағы қателігінен кейін гол соқты. Ри Иль Сон Бекхан Шайзада қорғаған қақпаны дәл көздеді.
Қосымша уақытта Ри Иль Сон дубль жасап, кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 2:0 КХДР пайдасына.
Матч ФИФА күнтізбесіне сәйкес келмегендіктен, командалардың ресми статистикасына енгізілмейді.
Бұған дейін Қазақстан Түркиядағы жиында Ташкенттің "Локомотивімен" 1:1 есебімен тең түскен болатын. Ал КХДР Өзбекстан мен Ресейдің жоғарғы лигасындағы клубтарын – "Сурханды" (3:1) және "Рубинді" (4:1) жеңіп, "Балтикамен" (1:1) тең ойнап, "Тюменьге" (0:1) ұтылды. Аталған соңғы екі ресейлік клуб та бірінші лигада өнер көрсетеді.
Қазақстан құрамасы жаңа маусымдағы алғашқы ресми матчын 23 наурызда Уэльске қарсы өткізеді. Сондай-ақ, 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында командамыз Бельгия, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен де кездеседі