Қазақстан ұлттық құрамасының үш ойыншысы жарақат алды

1219

Марат Быстров, Абат Айымбетов және Руслан Валиуллиннің денсаулығында кінәрат бар.

Қазақстан ұлттық құрамасының үш ойыншысы жарақат алды

Қазақстан - Украина матчынан кейін Руслан Валиуллин мен Марат Быстров жарақат алғаны белгілі болды. Медициналық тексерістен кейін олардың Босния құрамасына қарсы матч өткізуі неғайбыл болып отыр. Марат Быстровтың өкшесі қатты зақымдалған. Ал Руслан Валиуллиннің сіңірі созылып кеткен.

Финляндия - Қазақстан матчы кезінде Абат Айымбетов иығын жарақаттап алған. Бұл жарақат осыған дейін де шабуылшыны мазалап жүрген еді. Аталған үш ойыншының ертеңгі матчта алаңға шығуы белгісіз болып тұр. Команда дәрігері ертең ойын алдында нақты шешімін айтады.

Сонымен қатар бүгін баспасөз мәслихаты өтті. Босния және Герцеговина ұлттық құрамасының бас бапкері Ивайло Петев 2022 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстанмен болатын ойыннан не күтетіні жайлы айтты.

"Біз бұл матчқа 100% дайын болуымыз керек. Қазақстан - ұйымшыл және агрессивті команда. Матчтың ұзақтығы - 90 минут. Біз шыдамдылық танытып, ақылды болуымыз керек. Әрбір мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Мен жігіттердің дайын екеніне сенімдімін және ертең олар жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп ойлаймын. Әр матчта үш ұпай сарапқа салынады және біз жеңіске жету үшін бәрін жасауымыз керек. Матч біз үшін маңызды және жақсы жұмыс жасап, мақсатымызға жететінімізге сенімдімін. Бүгінгі жаттығудан кейін, ертең кімдердің алаңға шығатынын көреміз. Барлығы ойнай алады деп үміттенемін", - деді Ивайло Петев.

Бұдан бөлек Босния және Герцеговина ұлттық құрамасының қақпашысы Ибрагим Шехич те Қазақстанмен өтетін матч туралы өз ойын айтты.

"Бүгінде оңай матчт пен қарсылас жоқ екенін бәріміз білеміз. Мұндай командалармен ұпай жинау енді оңай емес. Қарсыластарымыздың жаттықтырушысы жақсы (Талғат Байсуфинов) және алаңда олар өздерін тамаша ұстайды. Бұл қиын матч болайын деп тұр. Бірақ, біз оларды талдадық. Мүмкіндігінше тезірек гол соғып, біз үшін өте маңызды матчта үш ұпай жинау үшін барымызды саламыз", - деді Ибрагим Шехич.

Қазақстан - Босния және Герцеговина арасындағы матч 7 қыркүйектен 8-не қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен 00:45 Зеница қаласында өтеді.
Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу