Ведомство алғашқы 50 тонна бидай ұны Нью-Йоркке жеткізгенін және Eurasian Legacy брендімен тұтынушыларға ұсынылғанын жария етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазіргі сәтте отандық өнім Amazon, Walmart онлайн платформаларында саудалануда. Бұл АҚШ-та ұлттық тауарымызды сатудың жаңа стратегиясы аясында жүзеге асқан алғашқы ірі экспорттық жоба саналады. QazTrade қолдауымен ай сайынғы жеткізілім көлемі 100 тоннадан асуы мүмкін. Еске салайық, QazTrade – ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанындағы экспортты дамытуға жауапты бірыңғай оператор.
Amazon-дағы қазақ ұнының бағасы келі қаптамасы үшін – $14,50. Қаптамада "Product of Kazakhstan" деген белгі бар.
– Біз ұнмен ғана тоқтап қалмаймыз. Қарақұмық, гранола, талқан, шоколад пен какаоны да таныстырдық. Нью-Йорк, Чикаго және Вашингтондағы серіктестеріміз бұл өнімдердің сапасын көрді. Американың нарығына шығу шілде айында Вашингтонда QazTrade кеңсесі ашылғаннан кейін мүмкін болды. Нәтижесінде дистрибьюторлар мен ритейлермен тікелей жұмыс істеуге жол ашылды. Енді осы қалаларда қазақстандық өндірушілердің бизнес-миссиясын өткізген дұрыс болады деп отырмыз. Бұл серіктестермен байланысты нығайтып ғана қоймай, табиғи өнімдерді жоғары бағалайтын HoReCa сегментіне шығуға мүмкіндік береді, – деп қуанышты жаңалығымен бөлісті QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.
Онлайн саудадан бөлек, қазіргі сәтте қазақстандық ұнды мейрамханаларға, кофеханаларға және жергілікті асханаларға жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Сонымен бірге, АҚШ-тың ірі сауда желілері – Costco, Whole Foods және Trader Joe’s дүкендеріне шығу мүмкіндігі де қарастырылып жатқан көрінеді.