Қазақстан үш ауысымды оқудан толық бас тартады

2094

Ол үшін коррупционерлерден тартып алынған қаражаттар мен дүние-мүлік мектеп салуға жұмсалады. 

Қазақстан үш ауысымды оқудан толық бас тартады Фото: google.com

Елімізде 2025 жылға қарай 840 мыңнан астам жаңа оқушылық орын ашылады. Ол мектептердің барлығы бірегей архитектуралық стильде тұрғызылады және жаңа құрылыс стандарттарына сай  салынады.

Олардың бәрі бірдей болмаса да, көпшілігі таза қазақ мектебі болады деп күтіледі.

Бұл жаңа мектептердің бәрінің құрылысын бір ұйым үйлестіреді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Президент тапсырмасымен, "Samruk-Kazyna Construction" акционерлік қоғамы осы орта білім беру ұйымдары объектілерінің нысаналы құрылысы жөніндегі Бірыңғай оператор ретінде айқындалды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы, биылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы жариялаған "Жайлы мектеп" бағдарламасы туралы біраз сөз болды. Бірақ егжей-тегжейі айтылмаған. "Жайлы мектеп" білім беру саласындағы ұлттық жобасының бүге-шігесі енді белгілі болып отыр.

Атап айтқанда, осы ұлттық жоба аясында білім саласы 2025 жылы Қазақстан үшауысымды оқудан және барлық апатты мектептен толығымен құтылады деп белгіленіп отыр. 2023–2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын "Жайлы мектептің" басты мақсаты ретінде "Орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апаттылығын жою" деп нақты көрсетілген.

Әдетте, ең озық білім ордалары мегаполистерімізде ғана ашылатыны мәлім. Бірақ ұлттық жобада жаңа сипаттағы жайлы мектептердің ауылда да бой көтеретіні жазылған. Тек ауыл тұрғындарының саны қарқынды өскен, "белсенді дамып келе жатқан, перспективті елді мекен" болуы шарт. Ол білім ошақтарының бәрі заманауи оқу жабдықтарымен жарақтандырылады, зертханаларына дейін болады, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады.

Жоба аясында қазір 300, 600, 900, 1200, 1500, 2 мың, 2,5 мың білім алушыға арналған орта мектеп құрылысының типтік эскиздік жобалары әзірленеді. Ал мектептердің құрылысы жаңа жылда басталады.

Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаның ғаламат ауқымын паш ететін бір көрсеткішті атады: егер бұған дейін мектеп салуға мемлекет 100 млрд теңге қаржыдан бөліп келсе, енді бірден бірнеше триллион теңге бөледі. Яғни,  "Samruk-Kazyna Construction" мол ақшаның астында қалғалы тұр. Демек, ақша талан-таражға түсіп, ұстаған жемқордың қолында, тістеген алаяқтың аузында кетпеуі үшін құзырлы органдар, Парламент, қоғам бақылауда ұстағаны маңызды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын дайындадық. Осы жобада біз барлық тәуекелдерді ескердік. Бұл ұлттық жобаның өз ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, біріншіден, ұлттық жоба қаржымен толық қамтамасыз етілді. Бұған дейін республикалық бюджеттен жылына 100 миллиардқа жуық қаражат бөлінсе, енді Мемлекет басшысының қолдауымен бұл ұлттық жобаға республикалық бюджеттен 2,6 трлн қарастырылып отыр. Екіншіден, мектеп салуда біркелкі құрылыс нормативтері сақталады, ол үшін жаңа құрылыс нормативтері қабылданды. Мектеп салуда бірізділікті сақтау үшін ол жұмысты ортақ оператор атқаратын болады. Бұл өте маңызды", – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов.

 

Үшіншіден, оның айтуынша, мемлекеттік мектептерді салғанда тек оның ғимаратын тұрғызумен шектелмей, "ішкі контентіне" баса назар аударылады. Мысалы, ондағы шәкірттер ең озық әдістемелермен оқиды. Оларды су жаңа мектеп автобустары тасуға тиіс.

"Ол мектептердің әрқайсысына баратын жолдар төселеді. Жанында автобус аялдамалары ашылады. Барлық инженерлік инфрақұрылымды да қамтимыз. Себебі, мұның бәрі жайлылық ұғымына кіреді, тиісінше ол мәселелердің бәрі қарастырылады. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық жоба 800 мың балаға арнап, жоғары стандарттарға сәйкес заманауи, жайлы мектеп салынады дегенді білдіреді. Оған өте сапалы құрылыс материалдары қолданылады. Балалар үшін тиісті жағдайлар жасалады. Қауіпсіздік жүйелері де енгізілетін болады", – деді министр.

Жаңа мектептерді салуға кем дегенде 2 трлн 606,6 млрд теңге талап етіледі. Оның 1 трлн 960 миллиарды – республикалық бюджеттен алынады. Тағы 646 млрд 535 млн теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Өйткені ондағы мұнай түсімдері болашақ ұрпаққа арналған, ал мектептер дәл сол ұрпаққа қызмет етеді.

Бұл жоба келесі жылы басталады. 2023 жылы – 499 млрд 999,7 млн теңге, 2024 жылы – 1 трлн 38,3 млрд теңге, ал 2025 жылы – 1 трлн 68,2 млрд теңге бөлінеді.

Сонымен бірге ел Президенті "тарихи" құрылыс көрігін қыздыратын тағы бір табыс көзін атаған. Мұны Үкімет басшысы Әлихан Смайылов растады: ол қараша айында коррупционерлерден кәмпескеленген ақша мектеп құрылысына бағыттала бастайтынын жеткізді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат мектептер мен оларға қосымша құрылыстар салуға бағытталатын болады. Бүгінгі таңда республика бойынша 100 млрд теңге туралы сөз болып отыр. Қаражат бөлу қараша айында басталады", – деді Премьер-Министр.

Оқу-ағарту министрі жолдауда Мемлекет басшысы жемқорлықтан тәркіленген қаражатты мектеп салуға жұмсауға тапсырма бергенін еске салды. Оның мәліметінше, бұл мәселе бойынша заңнамалық өзгерістер әзірленді, осы бағытта жұмыс қолға алынып жатыр.

Ол жақтан да миллиардтар ағындайтыны белгілі болып отыр. Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің хабарлауынша, биылғы 5 ай ішінде 630 миллиард теңгенің заңсыз әкетілген активтері мемлекетке қайтарылды.

"Қылмыстық істерді тергеп-тексерудің және монополиясыздандыру жұмыстарының аясында мемлекетке шамамен 595 млрд теңге өтелді. Антикор алыс шет елдерден шамамен 230 млн доллар тұратын зергерлік бұйымдарды қайтара алды", – деп нақтылады ол.

Осынша мол қаржыны жемқорлар артынша мектептер салу кезінде талап алмай ма? Бұған жол бермеуге Бірыңғай оператор жауапты болады. Тәуелсіз бақылаушы ретінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен "Samruk-Kazyna Construction" АҚ мына міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс:

  • мердігерлік ұйымдарды таңдау рәсімінде, тендерлерге қатысу үшін барлық кәсіпкерге тең мүмкіндіктер жасау;
  • Бірыңғай оператор мен мердігерлік ұйымдар арасындағы келісіп, сөз байласуға жол бермеу;
  • мердігерлік ұйымдарды таңдауда ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету;
  • мердігерлік ұйымдарды таңдау рәсімінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеуге міндетті.

Жалпы, егер билік сөзінде тұрса, бұрын-соңды болмаған кең ауқымды, тарихи құрылысты ғаламторға шыға алатын кез келген азамат бақылай алады. Оператор 2023 жылдың 1 тоқсанынан кешіктірмей, ақпараттық жүйені – Ақпараттық картаны енгізуге тиіс. Сол арқылы әр мектептің құрылысы барысына мониторинг жүргізіледі. Онда бейнебақылау, фотоесептер, құрылыстың автоматтандырылған мониторингі, инжинирингтік қызметтердің электрондық есебі болады.

Ақпараттық жүйені енгізу арқылы әрбір мектептің құрылыс процесін толық ашық ету жоспарланған. Бұл үшін оператор құрылыс алаңдарының әрқайсысынан онлайн режимінде, тәулік бойы бейнебақылау, трансляция ұсынуы, немесе апта сайынғы негізде құрылыс барысы туралы фотоесептер жариялауы қажет. Орындалған және қалдық жұмыстардың көлемі туралы есеп береді.

Осы алып құрылысқа отандық өнімдер тартылады, қазақстандық үлесті арттыруға мән беріледі. Бірақ отандық өндіруші өз өніміне конструктивті элементтер бойынша – кемінде 60 ай, ал әрлеу материалдары, жабдықтар мен жабдықтар бойынша – кемінде 36 ай кепілдік беруі шарт. Егер мектеп құрылысы қымбаттаса, ол тәуекелді Samruk-Kazyna Construction көтереді, яғни сол өтеуі керек.

Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова Мемлекет басшысының жаңа мектептер салуды "Үкімет пен әкімдердің басым міндеттерінің бірі" ретінде бекіткенін еске салды.

"Биылғы оқу жылында елордада және Алматыда бірінші сынып оқушыларының рекордтық санының келгеніне куә болдық. Демографиялық динамика мен урбанистік процестер оқушы орындарының тапшылығы жағдайын одан сайын қиындатуда. Сонымен қатар үш ауысымды және апатты мектептер бойынша балалардың оқуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасауға мүмкіндік бермейтін проблемалар бар. Құпия емес, бұрындары да осыған ұқсас бағдарламалар іске асырылған. Алайда олардың аясында салынған мектептердің сапасына, құнының қымбаттауына байланысты проблемалар әлі күнге шешілмеген. Біразының құрылысы аяқталмады. Бірқатар өңірлерде мектеп салу бойынша алдыңғы жоспарлар толық көлемде орындалмаған", – деді депутат.

Оның хабарлауынша, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 504 мектеп салынбақ. Бұл көлем елдегі демографиялық өсімді де ескереді екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу