Қазақстанның үстел теннисі федерациясында – жаңа президент

3550

Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті болып ​Данияр Абылғазин сайланды.

Қазақстанның үстел теннисі федерациясында – жаңа президент

Мұндай шешім Астанада өткен федерацияның жылдық есебіне арналған жиында қабылданды. Бұған дейін Федерацияның бас хатшысы қызметінде болған Данияр Абылғазин Қасым-Жомарт Тоқаевты алмастырды.

"Бірінші кезекте еліміздегі үстел теннисінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен алғыс білдіреміз. Оның басшылығымен материалдық-техникалық база нығайып, аймақтардағы инфрақұрылым жақсарып, бапкерлердің біліктілігі артып, үстел теннисі бұқаралық спортқа айналды. Федерация дамуындағы ең басты бағыт – әлемдік қауымдастықтағы беделімізді нығайту болатын. Қазіргі күні де біздің алдымызда тұрған мақсаттар өзгермейді. Біз отандық үстел теннисін дамытуды әрі қарай жалғастырамыз", – деді Данияр Абылғазин.

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Астана ТМД елдері арасында алғаш болып Халықаралық үстел теннисі федерациясы өткізетін ең маңызды турнирлердің бірі ITTF World Tour Grand Finals додасын қабылдады. Бұл бәсекеге әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары жиналды. Федерацияның халықаралық бағыты аясында қазақстандық жас спортшылардың шетелде оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізуіне мүмкіндік жасалмақ. Бұл ұлттық құраманың қосалқы құрамын нығайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, отандық мамандарды халықаралық бапкерлік курстарға қатыстыру да ұйымның басты міндеттерінің бірі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу