Қазақстан вейпке тыйым салу туралы шешім қабылдады

4083

Денсаулық сақтау министрлігі бұл кеселді "эпидемияға" теңеді, тиісінше, онымен күрес те қатаң болатынға ұқсайды. Әйтпесе, вейп саудасы әбден бақылаусыз кеткен. 

Қазақстан вейпке тыйым салу туралы шешім қабылдады

Электронды сигарета, мини-кальян, бугенератор, вапорайзер немесе вейп – өте ұсақ тозаңды аэрозоль, қарапайым тілмен айтқанда бу тудыратын құрылғы болып табылады.

ДСМ-нің байламынша, Қазақстанда "электрондық тұтыну жүйелерінің" (ЭТЖ), вейптердің таралуы және пайдаланылуы "эпидемия сипатына ие" болды. Себебі олар бақылаусыз сатылады, әрі бағасы да жасөспірімдерге мейлінше қолжетімді. Қынжылтатыны сол, электронды сигареттер, вейптер жастар арасында сәнге айналды.

Министрлік анықтағандай, бұл проблеманы бірнеше фактор ушықтырып жатыр. Біріншіден, ол аумақтық тұрғыдан қолжетімді. ЭТЖ-вейптер әрбір дерлік ірі азық-түлік дүкенінен табылады, сауда орталықтарының кіреберісінде көбіне келушілерді осы өнім сатылатын стендтер мен дүңгіршектер қарсы алады.

Екіншіден, олар арзан тұрады. Бір вейптің құны 2 мың теңгеден аспайды. 1 девайстың бағасы орта есеппен 1 700 теңгеден. Салдарынан, оны жастардың, оқушылардың тұтынуы "геометриялық прогрессияда" өсіп барады. Мәселен, соңғы 6 айда ЭТЖ-вейптердің саудасы 372%-ға артқан. Әлеуметтік зерттеу барысында бұл өнімді тұтынушылардың негізгі бөлігі 21-ге толмаған жастар екені әшкереленді.

Үшіншіден, саудагерлердің көбі құқықтық нигилизм танытып, темекі атаулыны ашық сатуға тыйым салатын заңнама талаптарын аяқасты етеді. Бұл өнімдерді ашықтан ашық паш етеді. Балаларға да сата береді. Нәтижесінде, шымылдырық ішіне жасырылатын темекі өнімдеріне қарағанда адамдар үшін енді сыртқы қабы көз жауын алатын вейптер анағұрлым тартымды көріне бастады.

Төртіншіден, ЭТЖ-вейптердің елге бақылаусыз әкелінуі жолға қойылыпты. Бесіншіден, өндірушілер өз өнімінің шынайы құрамын қасақана жасырады, онда улы заттардың, тіпті никотиннің барын атап көрсетпейді.

Мұның бәрі ЭТЖ-вейптерге толық тыйым салуға негіз бола алады. "Осыған байланысты вейптердің айналымына толық тыйым салу мүмкін болатын жалғыз реттеу тетігі болып есептеледі" деген тоқтамға келді ДСМ.

Мұндай тыйым Денсаулық кодексіне түзетулер енгізетін "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырылған. Яғни, ол күшіне енуі үшін алда Үкіметке осы өнімді өндірушілердің, импорттаушылардың лоббиін және дау-жанжалын еңсеріп, Парламентте қорғап шығу қажет болады. Ең бастысы, ДСМ тиісті шешімге келіп отыр.

Жалпы министрлік пен оны қолдаушы қоғамдық ұйымдардың бұл салада күрес тәжірибесі зор. 2020 жылы олар дәл осылайша, шегілмейтін, яғни шайналатын темекі бұйымдары мен "темекісіз" снюстердің елдегі айналымына толық тыйым салынуына қол жеткізді. Салыстыру үшін айтсақ, соған қол жеткізе алмаған Өзбекстанда бүгінде "снюс эпидемиясы" өрши түсуде.

Қазақстанда қазір 6 300-ден астам сауда орнында бір реттік вейптер сатылады. Соның ішінде 2 100 сауда орны оларды стенд-сөрелерде ашықтан ашық орналастырып сатады.

Ғылыми қызметкерлердің халықаралық альянсы – HBSC-дің жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда 15 жастағы ұлдардың кем дегенде 14%-ы және қыздардың 6%-ы вейптерді татып көрген. 11-15 жастағы ұлдардың 8,5%-ы және қыздардың 3,8%-ы электронды темекіні тұтынған. 2014 жылғы деректерімен салыстырғанда көрсеткіштер ұлдар арасында 3 есе (!), қыздар арасында екі есе өсті.

Негізі, вейп, электронды сигареталарды өткізушілерді аяудың қажеті жоқ, тыйым салатын жағдайға жеткізген өздері кінәлі. Әлдекімнің еркесіндей, заңды елемей тайраңдады. Олардың бассыз ісіне тосқауыл қоймай, қарап отырса, биліктің пәрмені, қауқар-қайраны қайда?

Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-277/2020 бұйрығына сәйкес, ЭТЖ сұйықтықтарындағы никотиннің рұқсат етілген деңгейі 1 мг/см3 шамасынан аспауға тиіс еді.

Алайда министрліктің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүргізген зерттеудің нәтижелері оларда никотиннің мөлшері 67,6 мг/см3 дейін жететінін көрсеткен. Яғни, рұқсат етілген деңгейден ондаған есе асып кеткен!

"Вейптердің заттаңба-этикеткаларында жалған ақпарат басылады. Өндірушілер никотиннің құрамы жөнінен тұтынушыны адастырады. Никотин тіпті "никотинсіз" өнімдерден де табылды", – деп мәлім етті ведомство.

Мамандардың мәліметінше, вейп секілді өнімдерді тұтыну адамның жүйке жүйесіне және эндокринді жүйесіне теріс әсер етеді. Халықаралық түрлі зерттеулер көрсеткендей, жас адамдар никотинге тез тәуелді болып қалады. Бұл зат олардың бас миындағы қосылыстардың өзгеруіне соқтыруы мүмкін, салдарынан есейе келе биполярлы бұзылу, депрессия және басқа да психикалық дерттерге шалдығады. ЭТЖ-вейптер жасөскіндердің өкпесін қандай қорқынышты күйге жеткізетіні бейнеленген роликтер, зерттеу нәтижелері интернетте жетерлік.

АҚШ-тың Берклидегі Лоренс атындағы ұлттық зертханасының мамандары осы электронды сигареталарды шегу кезінде адам бойына 31 қауіпті зат даритынын әшкереледі. Бу тудыру үшін құрылғының аккумуляторын қыздырған кезде аты жаман ауруға соқтыратын концерогендік заттардың шоғырлануы айтарлықтай артады. Сондай-ақ өнімді әрбір клиентке қолжетімді әрі арзан ету үшін электронды сигарета, вейптерге арналған сұйықтықтарды көбіне кездейсоқ цехтарда, қолмен әзірлейді. Ондай заттың құрамы да белгісіз, гигиена мен санитарлық нормалар да сақталмайды.

Ендеше ұлт саулығына, ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді жоятын кез келді, тіпті ДСМ біршама кешігіп те қалғандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу