Қазақстан және Швейцария кездесуі қарсаңындағы ізгілікті шара

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3009

Дэвис кубогында еліміздің намысын қорғайтын теннисшілеріміз Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, шеберлік сабағын өткізді.

Қазақстан және Швейцария кездесуі қарсаңындағы ізгілікті шара

Астанадағы Ұлттық теннис орталығында Қазақстан құрамасының ең үздік спортшылары "Балалар үйі" КММ жеткіншектерімен кездесті. Атап айтқанда, Михаил Кукушкин, Александр Недовесов, Дмитрий Попко, Тимур Хабибулин және Денис Евсеев сынды саңлақтарымыз 6-14 жас аралығындағы 30 баламен теннис ойнап, оларға осы спорт түрінің қыр-сырынан біраз дәріс берді. Шеберлік сабағы аяқталған соң Балалар үйінің тәрбеленушілеріне сыйлықтар табыс етілді.

Теннистен Қазақстан құрамасының ең үздік ойыншысы Михаил Кукушкин мұндай кездесулердің өздері үшін де, балалар үшін де өте маңызды екендігін баса айтты. Әрі өзінің мұндай ізгілікті шараларға әрдайым қуана қатысатындығын да тілге тиек етті. Тіпті балалардың көңіл-күйлерін көтеріп, оларға қуаныш сыйлаған ұнайтындығын да бүкпесіз айтты.

Осы ретте айта кетерлігі, еліміздің намысын қорғайтын теннисшілердің түгелдей Астанаға жиналуының өзінің "сыры" бар. 2-4 ақпан күндері Қазақстан құрамасы Девис кубогы аясында Швейцария теннисшілерімен кездеседі. Бұл – аталған кубок додасының, ең жоғарғы Әлемдік тобының, 1/8-финалы сатысындағы матч.

Қазір тіпті екі құраманың да сапы белгілі болды. Осы ретте айта кетерлігі, қазір құрама сапына бес ойыншыдан тіркеуге болады екен (бұрын төртеу болатын). Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев команда сапын жариялады. Олар – Михаил Кукушкин (ATP рейтингісінде 69-орында), Александр Недовесов (№234), Дмитрий Попко (№248), Тимур Хабибулин (№783) және Роман Хасанов (№711). Бірақ соңғысын Денис Евсеевпен (№581) алмастыруы да мүмкін екен.

Швейцария құрамасы Қазақстанға келетін құрамын бізден бұрын жариялаған. Астанаға әйгілі жұлдыздары Роджер Федерер (№2) мен Стэн Вавринка (№8) келмейді екен. Сарыарқа төсіне келетін теннисшілері – Генри Лааксонен (№118), Адриан Бодмер (№467), Марк-Андреа Хуслер (№601), Антуан Бельер (№704) және Лука Маргароли (№846).

Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, Федерер мен Вавринкасыз Швейцария құрамасының сапы сондай үрейлі емес. Тіпті дәл осы құрамындағы теннисшілерінің деңгейлері біздің жігіттерден жоғары да емес. Жігіттеріміз өз білгендерінен жаңылмаса, жеңіске жетулері керек. Команда капитаны Диас Досқараев оларды психологиялық тұрғыда жан-жақты әзірлейді деп сенеміз.

Жалпы, Қазақстан теннисшілері Швейцария құрамасымен Дэвис кубогы аясында бұған дейін екі рет кездескен. 2010 жылы Астанада С.Вавринкамен де тізе бүктіріп, яғни 5:0 есебімен басым түсіп, Әлемдік топқа жолдама алған. Ал 2014 жылы Женевада өткен шектен тыс тартысты матчта 2:3 есебімен ұтылып қалған. Себебі сол ойында Роджер Федерер де, Стэн Вавринка да ойнаған болатын. Жоғарыда жазғанымыздай, бұл жолы екеуі де келмейді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу