Чехияның Простеев қаласында теннистен 14 жасқа дейінгілер арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 4-нәтиже көрсетті. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық жасөспірімдер мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, әлемдегі үздік құрамалармен терезесі тең өнер көрсетті. Топтық бәсекеде әлем чемпиондары - Италия құрамасын жолдан тайдырып, ширек финалға шықты. Өкінішке қарай, қола жүлде үшін матчта қазақстандық жасөспірімдер екі дүркін әлемнің экс-чемпионы - АҚШ құрамасына жол берді. Бірінші кездесуде Дамир Жалғасбай Джек Кеннедиге есе жіберді - 3:6, 3:6. Содан кейін Заңғар Нұрланұлы Китон Хансені 6:3, 4:6, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, таразы басын теңестірді. Жұптық сында Даниэль Тазабеков пен Дамир Жалғасбай Кеннеди - Ханседен ұтылды - 4:6, 3:6.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (капитаны Сергей Квак) төртінші орынға табан тіреді.
Әлем чемпионты аяқталғаннан кейін Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов қазақстандық жас теннисшілердің өздерін нағыз күрескер ойыншы ретінде көрсетіп, тарихи нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.
"Мен жігіттердің өздерін нағыз күрескер ретінде көрсетіп, бір команда болып жұмыс жасағанына қуаныштымын. Мұнда әрбір ойыншы осы тарихи жетістікке үлкен үлес қосты. Турнирдегі қарсыластар өте мықты болды. Әрбір матч қажырлы еңбекті талап етті. Ойыншылар өздерінің ең жақсы қасиеттерін көрсетіп, бүкіл әлемге қазақстандық теннисті көрсете білді. Бұл нәтиже ойыншылардың қажырлы еңбегінің, сондай-ақ олардың ата-аналары мен жаттықтырушыларының үнемі қолдауының арқасында болды. Олардың қолдауы болмаса үлкен жетістіктерге жету мүмкін емес. Жарыс күндері біз жігіттерді бірге қолдадық, қобалжыдық. Мен ұлттық құрама ойыншыларымен, ата-аналарымен, бапкерлермен ұмытылмас эмоцияларды бастан кешкенімізге өте қуаныштымын. Бұл жетістік қазақстандық теннистің белгілі бір жетілу кезеңін көрсетеді. Мұнда біздің жасөспірімдер әлемдік теннистің элитасында жоғары орынға ие болып келеді. Біз өз жұмысымыздың деңгейін одан әрі сақтай аламыз және одан әрі жетілдіре аламыз деп сенемін. Тағы да бүкіл команданы құттықтаймын және жігіттерге келесі матчтарда сәттілік тілеймін!", - деді Болат Өтемұратов.
Ермұхамед Мәулен