Ақтық кездесуде біздің жігіттер турнир қожайындары – Франциямен кездесті. Есепті Александр Мигунов ашса, одан кейін қарсылас таразы басын теңестірді. Арада бес минут өтпей-ақ Никита Ситников Қазақстанды тағы да алға шығарды. Одан кейін Бейбарыс Оразов есепті 3:1-ге жеткізді.
Екінші кезеңде басымдықты Кирилл Канкин ұлғайтты. Ойынның үшінші бөлігінде француздар қақпасына Давлат Нуркенов пен Егор Левковец гол соқты – 6:1. Ал Александр Мигунов Қазақстан құрамасының сапында матчтың үздік ойыншысы атанды.
Осылайша хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (18 жасқа дейін) 20 жылдан кейін әлем чемпионатының элиталық дивизионына жолдама алды.. Бұған дейін командамыз Украина (5:0), Жапония (5:0) және Венгрия (3:0) құрамаларын жеңіп, тек Данияға (3:8) есе жіберген болатын.
Француздар Даниядан ұпай алу арқылы бізге көмектесті (2:3 ОТ). Тіпті Дания күтпеген жерден Жапонияға есе жіберген еді (3:5). Нәтижесінде Қазақстан 12 ұпаймен топта бірінші орын алса, Дания 11 ұпай жинады.
Қазақстан құрамасы бірінші және соңғы рет элитада 2003 жылы өнер көрсетті. Бір қызығы, 2018 жылы Старыгин 11 жылдан кейін Қазақстан жастар құрамасын да элитаға шығарған еді.
Команда құрамы:
Қақпашылар: Владимир Истомин, Владимир Никитин ("Барыс", "Астана"), Руслан Кәкенов ("Хокс", Орал)
Қорғаушылар: Роман Большедворский, Аслан Жүсіпбеков, Глеб Решетько, Даниал Шақшақбаев (барлығы – "Барыс"), Александр Ким (Эссят, Финляндия), Бейбарыс Оразов, (Астана), Рахат Оспанов (Онтарио хоккей академиясы, Канада)
Шабуылшылар: Арыстан Әмірқанов, Артур Гросс, Кирилл Канкин, Владимир Корчагин, Егор Левковец, Денис Леута, Кирилл Ляпунов, Александр Мигунов, Асанәлі Русланұлы, Семен Симонов, Никита Ситников (барлығы – "Барыс", "Астана"), Әділ Бейсембаев (Астана), Давлат Нұркенов (Эссят, Финляндия).