Словенияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы хоккейден IA дивизионының әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Францияны ірі есеппен жеңді. Антон Васин жаттықтыратын команда матчты 14:6 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Матч қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды. Алғашқы кезеңде Франция Антонин Фин мен Натан Риюдың шайбалары арқылы алға шықты. Қазақстан құрамасы тек Виталий Божконың голымен жауап берді.
Алайда екінші кезеңде біздің команда ойынның бағытын өзгертті. Қазақстандықтар қатарынан төрт шайба соғып, басымдыққа ие болды. Бұл кезеңде Мстислав Шипилин, Виталий Божко, Тимофей Симонов және Корней Корнеев мергендігімен көзге түсті. Француздар сапынан Фин тағы бір шайба соқты.
Үшінші кезеңде Қазақстан құрамасы толық үстемдік құрды. Құрама тоғыз шайба соғып, қарсыласты еш қиындықсыз жеңді. Бұл кезеңде Семен Черкасов екі, Асанали Саркенов төрт шайба соқса, Абзал Әлібек, Алишер Саркенов және Корней Корнеев те бір-бір шайбадан салды.
Бұған дейін Васин шәкірттері алғашқы ойында Украинаға овертаймда 1:2 есебімен жол беріп, Словенияны буллит сериясында 5:4 есебімен жеңген еді.
Бүгін, 11 желтоқсанда, Қазақстан Норвегиямен кездеседі. Ал 13 желтоқсанда құрамамыз Аустрияға қарсы соңғы ойынын өткізеді.
Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде алты ұпай бар және турнир кестесінде екінші орында тұр. Ал сегіз ұпай жинаған Норвегия көш басында келеді. Бұл дивизионнан элитаға тек бір ғана команда жолдама алады.