Қазақстан жастар құрамасы Гранаткин турнирінде топ бастады

2489

Қазақстан Литваны тас-талқан етіп ұтып, тұңғыш рет плей-оффқа жолдама алды.

Қазақстан жастар құрамасы Гранаткин турнирінде топ бастады

Бүкіл қазақ елін құттықтаймыз! Мұндай ойынды көрген де, көрмеген де арманда! Қазақстан жастар құрамасының бұл ойынын қарап отырып, көзің тоймайды. Осындай ойынды біздің негізгі ұлттық құрамамыз көрсетсе деп армандап отырасың. Расында біздің жастар жарады. Бүгінгі матчта литвалықтардың аяғына доп тигізбей әбден сандалтты.

Литвалықтар допты ойынға қосқаннан кейін, қазақтар қарымта шабуылдардың бірінде алғашқы минутта-ақ гол соғып кете жаздады. Еркебұлан Сейдахметтің әдемі тепкен добы сәл қиыс кетті. Шынын айту керек, осы ойында жігіттердің жеңіске деген құлшынысы көрініп тұрды. 1-таймда гол соғуға қаншама мүмкіндік болды, алайда литвалық қорғаушылар аяққа оратылып, доптың қақпаға кіруіне тосқауыл болды. Осылайша матчтың бірінші бөлігінде гол көрмедік.

Ал екінші кезең басталысымен біздің жастар тынымсыз шабуылға көшті. Бас бапкер Александр Кузнецов үзіліс кезінде командасына не айтқанын білмейміз, бірақ плей-оффқа өту үшін міндетті түрде гол соғып жеңу керекпіз, сол үшін тек шабуылдау керек деп нұсқау бергені көрініп-ақ тұрды. Өйткені литвалықтар әбден сасқалақтап, қазақ жігіттері алдында балаша доп қуалаумен болды.

Ақыры мықты команда гол соғатыны белгілі, сондай сәт матчтың 50-минутында келді. Оң қапталдан шабуылдаған футболшыларымызға қарсылас команда ие бола алмады. Нәтижесінде 22-нөмірлі Пайруз Жанәлі қақпашы Петкявичус Пиюстің қателігін пайдаланып есеп ашты (1-0). Қазақстан алға шықты.

Енді осы голмен тоқтап қалмау керек, өйткені литвалықтар гол соғып кетсе, бізге қиын болады. Тең ойын біздің құраманың үздік сегіздікке кіруіне кепілдік бермейді. Осыны дұрыс түсінген жігіттер шабуылды бір сәтке де бәсеңдеткен жоқ, сол шабуылдар өз нәтижесін берді де.

Матчтың 71-минутында осы Гранткин турниріндегі ең әдемі гол соғылды. Ол доптың авторы қазақ жігіті Еркебұлан Сейдахмет. Еркебұланның 30 метрдей жерден шіреніп тепкен әдемі добы голкиперден асып барып қақпаның оң жақ бұрышына топ ете түсті. Міне, гол деп осыны айт. Ұйымдастырушылар бұл голды міндетті түрде үздік соғылғандардың қатарына қосары анық (2-0).

Литвалықтар матчтың соңына қарай үсті-үстіне шабуылдаумен болды. Тіпті төреші Владислав Рыбаков 20 метр жерден айып добын белгіледі. Алайда литвалық Уткус Эдгарастың тепкен добы қазақтардың қойған тас қамалын жарып өте алмады.

Ал матч соңына қосылаған 3 минут та аяқталуға жақын қалған сәтте 21-нөмірлі жартылай қорғаушымыз Жақсылық Мұхитқа қарсы айып алаңында тәртіп бұзылды. Бірақ, өкінішке қарай, біздің капитан Дінмұхаммед Кашкен 11 метрлік пенальтиде қақпашыдан айласын асыра алмады.

Сөйтіп Қазақстан құрамасы 2-0 есебімен Литваны жеңіп өз тобымызда бірінші орынмен ширек финалға шықтық. Енді бізге Әзірбайжан мен Словакия арасындағы ойынның нәтижесін күтудің қажеті жоқ. Ол матч қалай аяқталса да Қазақстаннан бірінші орынды ешқайсысы тартып ала алмайды. Бұл матчтың нәтижесін Литва командасы күтеді. Турнир кестесі мынадай.

"С" тобы

командалар

ойын

жеңіс

тең

жеңіліс

доп айырмасы

ұпай

1

Қазақстан

3

1

2

0

4-1 (+3)

5

2

Литва

3

0

2

0

2-3 (-1)

4

3

Словакия

2

0

2

0

0-0 (0)

2

4

Әзірбайжан

2

0

1

1

3-4 (-1)

1

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу