Алматыда қатты жаңбыр жауып, екі команданың да ойынын қиындатты. Бірінші таймда Қайрат Нұрдәулетов шәкірттерінің бірнеше мүмкіндіктері болғанымен, гол соға алмады. Ал қарсыластар сапында Росс Грэм мен Том Клэйтон бұрыштама добын сәтті пайдаланып, қос бірдей гол соқты. Дегенмен 71-минутта Еркебұлан Сейдахмет пенальтиден мүлт кетпей, есеп айырмасын қысқартты. Ал 95-минутта Абылайхан Жұмабек көзге түсті.
Осылайша, Қазақстан іріктеу турнирінде алғашқы ұпайына қол жеткізді. Қайрат Нұрдәулетовтің командасы келесі ойынын 4 маусымда сырт алаңда Данияға қарсы өткізеді.
Матч аяқталған соң Қазақстан жастар құрамасының бапкері Қайрат Нұрдәулетов ойынды қорытындылады.
"Шотландиямен кездесуге салмақты дайындалдық. Бұған дейін сырт алаңда ойнағандықтан, қарсыластың мығым әрі осал тұстарын жақсы білдік. Ең мықты тұсы – стандарттарды орындауы. Бүгін екі голды да бұрыштамадан соқты. Ойыншылар да, жаттықтырушылар штабы да соңына дейін сенді. Біздің жігіттер керемет ойнады. Жігер, ниет және мінез көрсетті. Әрі қарай осы ойынды жалғастыратын болсақ жеңістің ауылы алыс емес. Бүгінгі кездесуде сауатты ойын көрсетуге ауа-райы кедергі келтірді деп ойлаймын. Сол себепті өзгерістер енгізуге мәжбүр болдық. Матчтың соңғы секундына дейін күресіп, есепті теңестіре алдық. Дегенмен турнир кестесіндегі жағдайымыз жақсы деп айта алмаймын. Кейбір матчтарда сәттілік жетіспеді. Алайда футболшылардың деңгейі өсіп келеді деп санаймын. Бұған дейін шабуылға қарағанда қорғаныста жақсы ойнап келдік. Осы кездесуде шабуылдағы күшімізді көрсеттік. Бүгінгі ойынның сапасына көңілім толады", – деді Қайрат Нұрдәулетов.
Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі, 6-тур
Казахстан U-21 – Шотландия U-21 – 2:2
Қазақстан U-21: Темірлан Анарбеков (қ) – Сағи Совет, Арсен Буранчиев (Вячеслав Швырев 64), Дінмұхамед Қашкен, Жалғас Жақсылықов, Лев Скворцов – Эльхан Астанов, Сұлтан Сағынаев (к) (Мирас Тұрлыбек 85), Станислав Басманов (Данияр Үсенов 75), Еркебұлан Сейдахмет (Жасұлан Жұмашев 85) – Абылайхан Жұмабек;
Шотландия U-21: Киран Сликер (қ) – Джош Доиг, Росс Грахам, Стивен Уэлш (к) (Том Клейтон 51), Келвин Рэмзи (Скотт Бэнкс 69) – Льюис Майо, Джон Кэмпбелл, Коннор Баррон – Джек Барроуз (Скотт Хай 74), Марк Леонард, Гленн Миддлтон;
Ермұхамед Мәулен