Қазақстан жастар құрамасы Қырғызстаннан басым түсті

2042

Жастарымыз келесі ойынды Шотландия құрамасына қарсы өткізеді. 

Қазақстан жастар құрамасы Қырғызстаннан басым түсті

21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы бүгін Талғардағы ұлттық құраманың базасында өткен жолдастық кездесуде Қырғызстанның олимпиадалық (U-23) құрамасын 2:0 есебімен жеңді. Матч барысында алматылық "Қайраттың" футболшысы Арсен Буранчиев пен павлодарлық "Ақсу" футбол командасының футболшысы Мирас Тұрлыбек мергендік танытып, командасына жеңіс сыйлады.

Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Қайрат Нұрдәулетов Қырғызстанмен өткен жолдастық ойынның қорытындысы туралы ҚФФ баспасөз қызметіне пікір қалдырды.

"Бәрі ойдағыдай болды деп ойлаймын. Қарсыластың ойынын талдап, зерттеу жүргізгенбіз. Бүгінгі ойында футболшыларға әртүрлі тактикалар көрсеттік. Бірінші таймда жақсы ойнағанымызбен, шабуылдарды соңына дейін жеткізе алмадық. Алайда, негізгі мақсат орындалды. Екінші таймда он футболшыны ауыстырдық. Жаңа команда шықты деуге болады. Ойын екпінін де үдете түстік. Кездесу соңына қарай қарсылас физикалық жағынан есе жібергендей. Алға қойылған комбинациялар мен жаттығуда жасаған "стандарттарды" іске асыра алдық. Ел чемпионатында ойнап жүрген балалардың шақырылды. Деңгейлері жаман емес. Үйреніп жатыр. Әлі де жақсартатын жерлер бар. Соны алдағы күндері пысықтаймыз. Шотландиямен өтетін келесі кездесуге сақадай сай болуымыз қажет", - деді Қайрат Нұрдәулетов.

Қазақстан U-21 - Қырғызстан U-20 - 2:0

Голдар: Арсен Буранчиев 54, Мирас Тұрлыбек 89

Қазақстан U-21 негізгі құрамы: Вадим Петров (V) - Егор Ткаченко, Арсен Буранчиев, Дінмұхаммед Қашкен, Жалғас Жақсылықов, Лев Скворцов - Сұлтан Сагнаев (С), Елхан Астанов - Вячеслав Швырёв, Еркебұлан Сейдахмет, Абылайхан Жұмабек.

Айта кетейік, 29 наурыз күні Алматының орталық стадионында, елорда уақытымен 17:00-де Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Шотландияға қарсы ойнайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу