Швейцария мен Словакия құрамаларына жеңілгеннен кейін құрама командамыздың плэй-офф сатысына шығатын мүмкіндігі азайып кетіп еді. Бұл жолы олар Әлем чемпионы Финляндия құрамасына қарсы ойнады. Патрик Пуйстол есеп ашып, финдер сенімді түрде алға шықты. Бірақ, Қазақстан жастары тегеурінді қарсылық көрсетті. Андрей Буяльский 11-минутта таразы басын теңестірді.
Тең нәтиже тек 15-минутқа дейін ғана сақталды. Финляндия шабуылшысы Кристиан Танус суоми елін қайтадан алға шығарды. Ал екінші периодта Финляндия хоккейшілері 3 шайба салып, бас көтерткізбеді. Үшінші кезеңнен кейін есеп 7-1 болып, Финляндия жастары бекерден бекер Әлем чемпионы емес екендігін дәлелдеді.
30-қаңтар күні Сергей Старыгин шәкірттері Швецияны жеңгеннің өзінде де соңғы орыннан көтеріле алмайды. Себебі, 3 ұпайы бар Швейцария мен Словакия жеке көрсеткіштер арқылы да, біздің жастармен өткізген жеке ойындар нәтижесі бойынша да жоғары тұрады. Сондықтан, Қазақстан жастар құрамасын 2 жеңіске дейін болатын өтпелі матч күтіп тұр. 2019 жылдың қаңтарында Қазақ жастары Данияны екі ойында жеңіп, элиталық топта қалып кетіп еді. Ал бұл жолы қарсы топтың соңғы орнында Канада жастары келе жатыр.
Ермұхамед Мәулен