Қазақстан жастар құрамасы Талғарда оқу-жаттығу жиынын бастады

1672

Жастарымыз алдағы онкүндікте екі матч өткізеді.

Қазақстан жастар құрамасы Талғарда оқу-жаттығу жиынын бастады

Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы Талғардағы ұлттық құраманың базасында Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Шотландиямен өтетін ойынға дайындықты бастады. Қар араласқан жаңбыр астында өткен алғашқы жаттығуда команда екі топқа бөлінді. Бірінші топтағы футболшылар толық жаттығу жүргізсе, Премьер-лиганың үшінші турына қатысқан ойыншылар екінші топта арнайы дайындалды.

Айта кетейік, Қазақстан жастар құрамасы 24 наурыз күні Қырғызстанның олимпиадалық құрамасымен жолдастық матч өткізіп, 29 наурыз күні Шотландия жастарымен тартысқа түседі.

Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов өз командасының алдағы Қырғызстан мен Шотландия құрамаларына қарсы матчтарға дайындығы туралы айтты.

"Менің ойымша дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Біз үшін барлық жағдай жасалған. Барлық ойыншылар командаға қосылды, тек Мәскеудегі Широбоков пен литвалық "Жальгиристегі" Қашкен қиындыққа тап болды. Олар ертең немесе арғы күні келуі керек. Жалпы бәрі жақсы өтіп жатыр және жігіттердің көңіл-күйі керемет. Ойыншыларымыз матчқа дайын деп ойлаймын. Алдағы мақсатымыз – екі ойында да жеңіске жету. Алғашқы матчты Қырғызстан құрамасымен өткіземіз. Бұл Шотландияға қарсы матчқа дайындық деп санаймыз. Кездесуде біз жаңа тактикаларды қолданып, жігіттерге қалай әрекет ету керектігін түсіндіреміз. Жалпы қазіргі уақытта Шотландия құрамасымен ойын басты міндеттердің бірі болып саналады. Сондықтан бұл кездесуге жақсылап дайындаламыз деген үміттемін. Чемпионатымыз енді ғана басталды, дайындық жақсы жүріп жатыр, өйткені біздің ойыншылар тұрақты түрде ойнап жүр. Нақтырақ айтсам жастар құрамасының төрт-бес ойыншысы "Қайрат" пен "Тараздың" негізгі құрамында доп тебуде. Ойынға дейін сегіз күн бар. Сондықтан осы күндерді дайындыққа арнап, жігіттердің рухын көтеріп, Шотландия құрамасын жан-жақты саралап алғымыз келеді. Жалпы, жігіттердің жағдайы жақсы. Бірақ дайындық процесі енді ғана басталды. Қалай болатынын көре жатармыз.

Сонымен қатар Қазақстан жастар құрамасы мен алматылық "Қайраттың" шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет те алдағы ойындар туралы пікір білдірді.

"Кеше чемпионаттың кезекті турын аяқтап, бүгін таңертең барлығымыз Талғардағы жастар құрамасының оқу-жаттығу жиынына келдік. Алдымен Қырғызстан құрамасымен жолдастық матч өткіземіз. Одан кейін 29 наурызда Шотландиямен ойнаймыз. Қырғызстан құрамасына қарсы ойында өзіміздің артықшылықтарымыз мен кемшіліктерімізді көргіміз келеді. Олардың оңай қарсылас емес екенін білесіздер. Талантты және сапалы ойыншылардан жасақталған. Бұл матч өте қызықты болады деп ойлаймын. Сондай-ақ Шотландияны жеңу үшін Қырғызстанмен болатын жолдастық кездесуде өзімізді жақсы қырымыздан көрсетуге тырысамыз. Барлық жанкүйерлерді алдағы ойындарда бізді қолдауға шақырамын", – деді Еркебұлан Сейдахмет.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу