Қазақстан жастар құрамасы жеңіске жетті

5874

Қазақстан жастар құрамасы әлі үш ойын өткізуі керек.

Қазақстан жастар құрамасы жеңіске жетті

Қазақстан жастар құрамасы Еуро-2021 іріктеу кезеңінде Израиль құрамасынан басым түсті. Матч Израильде өтіп, қонақтардың пайдасына 2:1 есебімен аяқталды.

Кездесуде есепті бірінші болып қазақстандықтар ашты. Бірінші таймға қосылған қосымша минутта Эльхан Астанов гол соқты. Израиль құрамасы да қосымша минутта есепті теңестірді. Гол авторы Итамар Швиро. Ал 94-минутта Оралхан Өміртаев Қазақстанға жеңіс әкелді.

Матч аяқталған соң жастар құрамасының бас бапкері Алмас Құлшынбаев ойынға қатысты өз пікірін білдірді.

"Командаға жаңа бапкер келгенде ойыншылар мен жаттықтырушылар бір-біріне үйренісіп кету үшін уақыт керек. Жігіттердің көбінің есімін де білмейтінмін, танымайтынмын. Футболшылардың мүмкіндіктерінің қандай екенін де білген жоқпын. Алғашқы ойында Черногория құрамасынан ұтылған соң біз ойын тактикасын өзгерттік, түзетулер енгіздік. Бүгін ойыншыларымыз барын салды. Олар жақсы нәтиже көрсетуге тырысты. Сондай-ақ Қазақстан Футбол Федерациясы бізге чартерлік рейс ұйымдастырып, Израильге еш кедергісіз ұшып келдік. Бұл да ойынға өз әсерін тигізді", - деді Алмас Құлшынбаев.

Осы ойыннан кейін он ұпаймен Қазақстан жастар құрамасы іріктеу тобында екінші орынға ие болды. Израиль сегіз ұпаймен үшінші орында қала бермек.

Жастар арасындағы Еуропа Чемипионаты

Іріктеу кезеңі:

Израиль(U-21) – Қазақстан (U-21)

Голдар: Астанов, 45 (0:1); Швиро, 92 (1:1); Өміртаев, 95 (1:2)

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу