Қазақстан жастары маңызды ойында сүрінді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4439

Шайбалы хоккейден Канадада өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында жас таланттарымыз үшінші рет оңбай ұтылды.

Қазақстан жастары маңызды ойында сүрінді

20 жасқа дейінгі жастар арасындағы ХХХХІІІ әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталуға айналды. Бүгін таңертең Қазақстан-U20 құрамасы "В" тобында ең маңызды ойынын өткізіп, Словакия жастарынан 2:11 есебімен күйрей ұтылды. Ал бұл – плей-оффқа шығу мүмкіндігінен түпкілікті айырылды деген сөз. Өйткені, басты бәсекелесінен ұтылып отыр. Енді ұпайлары бірдей болса да, екеуара матчта жеңіске жеткен словактар жоғары тұрады. 

Осы ойынның топтық кезеңдегі ең маңызды матч екенін бапкерлер құрамы үш жақтап түсіндіруге тырысқан ба, белгісіз? Әйтеуір, жауапкершілігін жүгін тым асқақтатып, әсірелеп жібергендей секілді. Бас бапкер Сергей Старыгин ғана емес, оған кеңесші болып бекітілген Андрей Шаянов пен Александр Высоцкий қосылып, құдды, екі күн бойы жас хоккешілеріміздің бастарын қатырып, "миларын ашытып" жібергендей. 

Бұлай дейтін себебіміз, ойын басталған бетте, небәрі 32 секундтың ішінде Словакия жастары екі гол соғып, Қазақстан-U20 құрамасын сең соқандай күйге түсірді. Ал бірінші гол 22-секундта соғылды. Бұл – бокс тілімен айтқанда, нокаут болмаса да, ауыр нокдаун! Ал бірінші кезең аяқталғанда, таблодаға есеп 0:6 болды... Бапкерлер құрамы үшінші голдан кейін-ақ қақпашымызды ауыстырып, қандай да бір әрекет жасауға тырысқандай болды.

Рас, Словакия жастарының жылдамдықтары жоғары екен. Қолды-аяққа тұрмайды. Әйтсе де, екінші кезеңнен бастап, Қазақстан жастары оларды мұзайдын жақтауына қысып қалып, қалай да тоқтатуға тырысты. Шайбалы хоккей ережесі аясында күш-айла қолданып, аптықтарын басуға талпынды. Бұл нәтижесіз болды деп айта алмаймыз. Словактар сәл де болса, тартынып ойнай бастады...

Әйтсе де, жас таланттарымыз бапкерлеріміз тым әсірелендіріп жіберген ойында 2:11 есебімен ойсырай ұтылды (екі голды да Артур Гатиятов соқты). Өкінішті, әрине... Өйткені, деңгейлері Словакия жастарынан жоғары АҚШ және Финляндия құрамаларынан да бұлай ұтылмап еді. Енді тек осы жеңілістен сабақ алып, қорытынды шығарып, жоғары дивизионда қалуға тырысу керек.

Қазақстан-U20 құрамасы "В" тобындағы соңғы ойынын көш басындағы Швеция жастарымен өткізеді. Олармен тайталасып, қара терге түсудің қажеті жоқ сияқты. Себебі, деңгейлері – әлдеқайда жоғары. Сондықтан, жігіттеріміздің күш-жігерлерін "А" тобының аутсайдерімен өтетін "өтпелі матчтарға" сақтау керек сияқты. Себебі екі жеңіске дейін созылатын осы ойындарда жоғары дивизионда қалу құқығы сарапқа салынады.

Жастар арасындағы әлем чемпионаты. Канада.

"В" тобы, ойындар нәтижесі:

АҚШ – Словакия – 2:1

Швеция – Финляндия – 2:1

Швеция – Словакия – 5:2

Финляндия – Қазақстан – 5:0

АҚШ – Қазақстан – 8:2

Финляндия – Словакия – 5:1

Швеция – АҚШ – 5:4

Словакия – Қазақстан – 11:2

Маруан Түсіп

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу