Қазақстан жемқорлықтың салдарынан жылына 3,8 млрд доллардан қағылып отыр

13911

Мұны мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі есептеді.

Қазақстан жемқорлықтың салдарынан жылына 3,8 млрд доллардан қағылып отыр

"Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, сыбайлас жемқорлықтың салдарынан әлемнің ЖІӨ жыл сайын шамамен 2% жоғалтады, бұл 1,5-2 трлн долларға тең. Егер Қазақстан бойынша осындай есеп жүргізсек, еліміз жыл сайын шамамен 3,8 млрд доллар қаражат жоғалтады екен. Есептеуде ЖІӨ көрсеткіштері мен 2015 жылғы доллардың теңгеге қатысты орташа жылдық бағамы қолданылып, эктраполяция әдісі қолданылды", - делінген 2016 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро дайындаған баяндамада.

Бұл құжатта 2016 жыл жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының динамикасы келтірілген. Оған сәйкес, аталған кезеңде елде жемқорлық жасағаны үшін 910 адам сотталыпты. Олардың дені ішкі істер министрлігі мен қаржы министрлігінің қызметкерлері.

ІІМ-де жемқорлық жасағаны үшін 309 қызметкер сотталды – негізінен бұл әкімшілік полиция және қылмыстық-атқарушылық жүйенің жұмыскерлері. Ал өңірлер бойынша Астана қаласының, Қарағанды және Жамбыл облысының ішкі істер органдарының қызметкерлері көш алдында тұр.

ІІБ-де көп жағдайда қылмысқа баратындар:

жол-патрульдік полиция инспекторлары – жол қозғалысы ережелерін бұзған тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін пара алады;

тергеу және жедел топ қызметкерлері – қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін заңсыз ақы бопсалайды;

учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер, жол-патрульдік полицейлер – құқыққа қарсы әрекет жасайтын тұлғаларды қорғағаны үшін;

пенитенциарлық жүйеде – мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға көмектесу және сотталушының жақсы жағдайын қамтамасыз етуде.

Ал қаржы министрлігінде 58 мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды, негізінен бұл мемлекеттік кіріс органдарының қызметкерлері. МКК қызметкерлері ішінде ең жоғары көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Көбінесе олар салық, кеден алымдарын төлеуден жалтаруға, әдейі банкрот деп жариялауға көмектескені үшін және көлеңкелі экономика субъектілеріне қамқорлық жасағаны үшін сотталды.

Ал жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа бейімділігіне келсек, 2016 жылы жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 238 мемлекеттік қызметші соттан бірақ шықты, оның жартысынан артығы (82) білім беру ұйымдарының қызметкерлері, 50 әкім аппараттарының жұмыскерлері.

Білім беру саласында мектепке дейінгі мекемелерде сыбайлас жемқорлық жиі кездеседі. Білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлық қылмысы ең көп жасалған өңірлер: Ақтөбе - 9, Қарағанды - 7, Қызылорда – 7, Оңтүстік Қазақстан облыстарында - 7.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылған әкім аппараттарының қызметкерлері ішінде жартысына жуығы әр түрлі деңгейдегі әкімдердің өзіне тиеді - 50-дің 21.

"Статистикаға жүгінсек, 2016 жылы Астана қаласы, Атырау және Ақмола облыстарының әкімдіктерінде сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту фактісі болмағанын көрсетеді, Алматы қаласы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар облыстарының әкімдіктерінде бір-бір қызметші жауапкершілікке тартылған. Ал сыбайлас жемқорлық қылмыс саны ең көп тіркелген облыстар: Қостанай - 8, Шығыс Қазақстан - 7, Жамбыл - 7 және Қарағанды облыстары 7", - деп хабарланады баяндамада.

Жемқорлық қылмыстары көбіне пара алу, жер телімдерін бөлуде, субсидия беруде теріс мақсатты көздеу, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде бюджеттік қаражатты ұрлаумен байланысты болып жатады.

Бюджет пен Ұлттық қор қаражатын дұрыс мақсатта пайдаланбау фактісі бойынша 2016 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 143 лауазымды тұлғаны ұстап, оның 74 сотталды.

Шағын және орта бизнес жұмысына заңсыз киліккені үшін мемлекеттік органдардың 142 лауазымды тұлғасы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 115 сотталды.

Жалпы 2016 жылдың қорытындысы бойынша республикада 2807 жемқорлық қылмысы тіркелді, оның үштен бір бөлігін, 1031 немесе 37%-ын пара алу фактісі алса, 22% немесе 605 – ұрлық, 20% немесе 558 лауазымдық құзыретін асыра пайдаланушылық, ал 17% немесе 481 қызмет бабында жалған құжат жасаумен байланысты болған.

Динара Қуатова, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу