Қазақстан жол салуға сапалы материалды әдейі қолданбайды – Дидар Смағұлов

6470

"Елде ноу-хау болып табылатын полимерлер бар. Оларды пайдаланса, сапа жақсы болады".

Қазақстан жол салуға сапалы материалды әдейі қолданбайды – Дидар Смағұлов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпе тәрізді" деп, үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі жол құрылысы саласын сынағаннан кейін елде "Әділдікті талап ет" деген акция басталды. Оны "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қолға алды. Науқан арқылы сапасыз жолдарды әшкерелеп, мемлекеттік органдар мен мердігер компанияларды кемшілікті түзетуге міндеттеуді көздейді.

Осы орайда inbusiness.kz тілшісі аталмыш қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Дидар Смағұловпен тілдесіп, саладағы ахуал туралы сұрап көрді.

"Біздегі кепілдік үш-бес жыл, Еуропада – 10-20 жыл"

– Іске енді кірісіп жатырсыздар. Қандай мәселеге көзіңіз жетті?

– Президент айтып өткендей, қазіргі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – біреуді қамау емес, халықты мазалайтын мәселелерді шешу. Еліміздегі ең өзекті мәселе жол екені белгілі. Мұны биыл үкіметтің кеңейтілген отырысында президент тікелей сынады. "Жол саласында сыбайлас жемқорлық фактілері өте көп, оны халықпен бірге бақылау керек" деп айтты. Мақсатымыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру.

Жалпы әрбір салынған немесе жөнделген жолға кепілдік беріледі. Мысалы, бізде жөндеуден өткен жол кемінде үш жылға шыдас беруге тиіс, ал жаңа жол бес жыл бұзылмауға тиіс. Әрине, бұл дегеніміз тым аз уақыт. Егер Еуропаны алып қарасақ, онда жолдың кепілдігі 10-20 жыл аралығында, кей жағдайда 25 жылға беріледі. Біздікі неге аз? Саясат сондай болып тұр. Түсіндіріп айтсам, менің ойымша, жол салатын компаниялар мен жұмысты ұйымдастыратын мемлекеттік мекемелер өздеріне ыңғайлы болуы үшін аз уақыт белгілейді, үш жыл сайын әлгі жолды жөндетуге ақша бөлгізіп отыруды ойлайды. 

Екінші мәселе бар. Жыл сайын жол жөндеу үшін республика бойынша кемінде 500-600 млрд теңге бөлінеді. Бір шақырым жолды салу құны біздің елде, орта есеппен, 600-700 млн теңге екен. Ал Еуропада – 1,5-2 млн еуро. Бізден екі есе арзан. Яғни олар аз ақшаға көп жыл шыдайтын жол салады. Бізде олардан екі есе қымбат ақша жұмсап, бес жылға ғана жететін сапасыз жол салынады.

Сондықтан бізге жол салу бағасын сәл өсіріп, кепілдік мерзімін көбейту керек шығар деп ойлаймын. Жылдағы көлемді де азайту керек шығар. Мысалы, 10 мың шақырым емес, бес мың шақырым салуды жоспарлап, 20 жыл кепілдік бергізу керек. 

– Жолдардың сапасыздығына негізгі кім жауапты?

– Егер жол кепілдікте тұрса әрі сапасыз болса, оған себеп бар. Бірінші, әкімшіліктің дұрыс бақыламай, немқұрайлы қарауы. Екінші, әкімшіліктің компаниямен келісімде болуы. Пара алған болуы мүмкін екенін білдіреді. 

– Айналып келгенде сапасыз жолға әкімдік кінәлі болады ғой?

– Иә. Өйткені ақшаны беретін де, бақылайтын да солар. Дегенмен олар бақылауға қызметкері жетпейтінін айтып жатады. Оның орнын біздің акцияның аясында халық толтырады, бақылауды күшейтеді деп үміттенеміз. 

"Техникалық бақылаушылар біреуге тәуелді"

– Сіздер жол салушымен де, тапсырыс берушімен де кездесіп, сөйлесесіздер. Олар қандай мәселелерді айтады? Қазір жол құрылысы неге қымбаттап кетті?

– Компаниялар, мемлекеттік мекемелер, техникалық бақылаушылар, авторлық бақылаушылар сынды әртүрлі нарықтың ойыншыларымен кездесу өткізе бастадық. Олардың әрқайсының мәселесін түртіп аламыз. Жол салушылар жоба қандай болса, сондай жол салып беріп отырмыз дегенді айтады. Ал кейбіреулер техникалық бақылаушылар жол салатын компанияларға тәуелді, сондықтан кемшілігін көрсетіп бермейді дейді. Яғни техникалық бақылаушылар басқа компаниядан болса да, оларға қаражатты жол салатын компания береді екен. Расымен, мұндай жағдайда техникалық бақылаушыларды тәуелсіз дей алмаймыз. 

Көптеген компанияны битум жетіспеушілігі мазалап отыр. Оны шетелден кіргізуге қазір тыйым салынған. Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты бұл жөнінен монополист ретінде жұмыс істеп отыр. Кейбір облыстарда қазір битум жоқ. Бұл мәселені шешу үшін "ҚазАвтоЖол" ұлттық операторы мұнай өңдеу зауытына керекті көлемге алдын ала тапсырыс беріп отыруды қолға алуы керек. Олай болмаса, импортқа рұқсат беруіміз керек. Өз басым импортқа неге тыйым салынғанын білмеймін, отандық өндірісті қолдаймыз дей ме екен, нақты білмедім. Бір білерім, осының салдарынан жол құрылысының құны өсіп, тапсыру мерзімі де созылып кетті. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда қазір жол құрылысын жүргізу мүмкін болатын соңғы ай. Себебі қыркүйекте жауын-шашын, қазанда қар жауады. Ал олар битум таппай отыр.

– Басқа жолы жоқ па сонда?

– Қазақстанда ноу-хау болып табылатын полимерлер бар негізі. Оларды пайдаланса, жолдың сапасы жақсы болады. Мысалы, астананың сыртында сондай жол бар екен. Жеке компаниялар шақырды, солардың полимері екен. Барып көрдім. Бірақ оны біздің компаниялар қолданбай отыр. Себебі жол ұзаққа шыдайды да, өздеріне ыңғайсыз болады. 

– Сіздер мұны ұсынып көресіздер ме?

– Біз барлық ұсынысты топтастырып, жоғарыдағыдай технологияларды іздеп – барлығын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне береміз. Бүгін жол комитетінің басшысымен кездесіп, акция бастағанымызды айтып шықтық. 

Үлкен жолдарды тексеру қиынырақ

– Қазір қандай нәтижеге қол жеткізіп жатырсыздар?

–  Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында ауыл арасындағы жол құрылысы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2020 жылы салынса да, сапасы сын көтермейді. Ақтөбе облысында кепілдікте тұрған бір жолдың сапасы нашар болып, мемлекеттен мердігерге айыппұл салынды. Қайта жөндеуге міндеттелді. Жетісу облысы Үштөбе қаласында 2020 жылдан бері асфальт төселмеген жолдар анықталды. Жарты жылда жағдайы нашарлап кеткен жолдар да осы Үштөбе қаласында белгілі болды.

Біз халықтың шағымдану жолын жеңілдетіп отырмыз. Жеке шағымдану заң жағынан қиын болады. Қандай бапқа сүйену керек, кімге хат жазу керегін білмей қалып жатады адамар. Ал бізде оңай. Қай жол нашар екенін көрсет, суретін сайтымызға жолда. Болды. Ары қарай өзіміз шұғылданамыз. Қазіргі уақытта барлық облыста кепілдікте тұрған жолдарды тізімдеп, сайтымызға жүктеп қойдық. Мыңнан астам жол кепілдікте тұр. Оларға халықпен бірге мониторинг жүргіземіз. Ауылдық чаттарға "осындай жолдар бар, олардың кемшілігін көрсеңіздер, біздің сайтқа салыңыз немесе жедел желіге хабарлаңыздар" деп ақпарат таратып жатырмыз. 

– Жақсы, облыс, аудан көлеміндегі жолдарды айттық. Ал республика көлеміндегі ірі жолдардың құрылысы да жылдар бойы созылып барады ғой. Мысалы, Талдықорған – Өскемен, Қызылорда – Қарағанды деген секілді. Бұларды бақылайсыздар ма?

– Иә, ондай жолдардың сапасын тексеруге жеке лабороторияларды тартамыз. Өз қаражатымызбен тексеру ұйымдастырамыз. Бірақ ірі жобаларды тексеру көп уақыт алады. Мысалы, Қарағанды – Балқаш жолымен екі айдан бері айналысып жатырмыз. "ҚазАвтоЖол" кейбір кемшіліктерімен келісіп, кейбірімен келіспейді. Бірақ жұмысты әлі жалғастырып жатырмыз.

– Әкімшіліктер де сындарыңызды қабылдамай қоюы мүмкін бе? Өйткені әлі орындалмай жатқан жолдар бар екенін айтып отырсыз.

– Олар қабылдауға міндетті. Орындамайтын болса, олардың әрекетіне Антикор мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне шағым түсіреміз. Қазір біз көрсеткен кемшіліктің ешқайсынан бас тартқан емес. Сотқа береміз, кемшілікті түзетеміз, қырамыз-жоюмыз деп жатады. Оларға "бұған дейін қайда болдыңдар?" деген үлкен сұрақ бар екені рас.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу