Қазақстанда 29,7 мың тонна қой жүні қоқысқа тасталады

5416

Жүн өңдейтін 13 зауыттың жетеуі ғана нақты жұмыс істеп тұр.  

Қазақстанда 29,7 мың тонна қой жүні қоқысқа тасталады

Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын республикада 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі. Жүннің ең көп үлесі, яғни шамамен 56 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар, 4 пайызын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, 40 пайызын шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар өндіріп отыр. Өндірілетін барлық шикізаттың шамамен 70 пайызы Қазақстанда сұранысқа ие емес қылшықты және жартылай қылшықты жүн. Тек биязы және жартылай биязы жүн ғана өңделуге жатады.

Былтыр елімізде 40,4 мың тонна қой жүні өндірілген. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға жоғары. Өндірілген жүннің 10,7 мың тоннасы немесе 26,5 пайызы өңдеуге жіберілген. 3 027,3 мың долларға 6,8 тонна жүн экспортталыпты. Қазақстанда өндірілген қой жүні негізінен Қытай, Ресей және Моңғолия мемлекеттеріне жеткізілген. Сонда 29,7 мың тонна өнім немесе жалпы өндірілген жүннің 73,5 пайызы өңделмеген күйі қалып отыр. Яғни жүннің төрттен бір бөлігі ғана қайта өңделеді де, қалған бөлігі қоқысқа тасталады немесе өртеледі. 

Қой жүні көп көлемде өндірілгенімен, ішкі нарықтағы сұраныстың 8 пайызы ғана қамтамасыз етілуде. Демек бізде жүннен иірілген жіп пен жүн маталарының отандық өндірісі жоқ деген сөз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен сала сарапшыларының пікірінше, бұл жағдай дәстүрлі тоқыма өндірісінде пайдаланылмайтын қылшықты және жартылай қылшықты жүнді терең өңдеуге маманданған кәсіпорындардың жоқтығымен байланысты.

Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиевтің пікірінше, ет өндіруге бағытталған аралас тұқымды қойлардың көп болуы қылшықты жүннің үлесін арттырып отыр. Ал бәсекеге қабілетті биязы және жартылай биязы жүннің көлемі азаюда.

"Елімізде 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қой өсірумен айналысады. Ал жүн өңдейтін 13 зауыт қана бар. Оның төртеуі ғана жүнді қайта өңдеудің толық циклімен айналысады. Яғни таралған жүнді немесе дайын өнімді өндіре отырып, биязы жүнді қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Қалған кәсіпорындар – киізден және қылшықты жүннен илеп аяқкиім шығаратын фабрикалар. Демек Қазақстанда жүннің терең өңделуі іс жүзінде тек киіз илеу өндірісімен ғана шектеледі", – дейді М. Жұмағазиев.

Сондай-ақ жүн өңдейтін 13 зауыттың 7-еуі ғана нақты жұмыс істейді. Мәселен, былтыр сұраныс пен шикізаттың жоқтығынан жүн өңдейтін 6 кәсіпорын жұмыс істемепті. Қатардағы 7 кәсіпорынның жүктемесінің өзі тым төмен – 30 пайызға жетер-жетпес деңгейде.

"Қазақстанда тоқыма өнеркәсібінің 90 пайызға дейінгі өнімі импортталады. Бұл негізінен жүнді терең өңдеуден кейін жасалған өнімдер. Атап айтқанда, қосылған құны жоғары дайын өнімдер, иірілген жіптер, маталар, кілем бұйымдары. Ал жүннен жасалатын өнімдерді өзімізде өндіру үшін біздің кәсіпорындарға тиісті шикізат – биязы жүн жетіспейді", – дейді депутат.

М. Жұмағазиевтің пікіріне сүйенсек, Қазақстанда қой жүні мұнай тәрізді экспортқа бағытталған әлеуетті салаға айнала алады. Мәселен, Аустралия әлемдік нарыққа жүннің 1 килосын 18 доллардан өткізеді. Аталған мемлекет ондаған жылдар бойы әлемдегі жүн көлемінің шамамен 25 пайызын өндіріп келеді. Сонда жыл сайын 3 млрд доллардан астам сомаға өнім шығарып отыр.

"Отандық алыпсатарлар биязы қой жүнінің 1 килосын 100-150 теңгеден қабылдайды. Мұндай бағамен жүн тапсыру шаруаға тиімсіз. Қой қырқу науқаны кезінде шаруа жұмыскерді жалдау үшін қойдың бір басына шамамен 300-500 теңге жұмсайды. Осыдан кейін жүнді өткізу жолдарын іздестіреді. Соңында жүнді өртеп тынады", – дейді сенатор.

Қойдың жүні – жылытқыш. Оның микроқұрылымы ерекше. Сондықтан ол ауа өткізгіш, суыққа да, ыстыққа да төзімді қасиетке ие. Жоғары энергетикалық шығындарды талап етпейтін, өзіндік құны төмен экологиялық шикізат. Сол себепті оны құрылыс материалдары өндірісінде де пайдалануға болады. Осы тұрғыдан алғанда үлкен сұранысқа да ие.

"Қойдың жүні тоқыма өнеркәсібінен бөлек, құрылыс саласына да қолданылады. Әсіресе, шет мемлекеттер осыны тиімді пайдаланып отыр. Біз де қой жүнінен құрылыс материалдарын алу бағытына көшуіміз керек. Бұл елдегі құрылыс бағасын арзандатуға, тұрғын үй бағасын тұрақтандыруға аз да болса үлес қосар еді. Сондай-ақ қазір Ресейге салынған санкциялар жағдайында жүнді кәдеге жарататын жаңа өндіріс орындарын ашудың реті келіп тұр", – дейді депутат.

М. Жұмағазиев агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шаралары жүнді тапсырушыларды да, инвесторларды да ынталандырмайтынын алға тартты. Инвестициялық субсидиялар инвесторларды қолдауға ықпалды себеп және маңызды құрал болар еді. Алайда негізгі проблема екі уәкілетті орган арасындағы өкілеттіктердің бөлінуінен туындап отыр. Сөйтсек бұл салаға екі министрлік жауапты екен. Шикізат өндіру және тері мен жүнді бастапқы өңдеу Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына жатады. Ал тері мен жүнді терең өңдеу мәселелері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды.

"Осының салдарынан мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде іске асырылатын преференциялар мен мемлекеттік қолдау шаралары бірін-бірі толықтырмайды. Керісінше, кейбір мәселе бойынша белгілі бір қиындықтарды тудырып отыр. Сондықтан тері мен жүнді терең өңдеу ісін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне басы бүтін беру керек. Сонда салаға бір ғана ведомство жауапты болады. Бұдан бөлек қой шаруашылықтарынан және тұрғындардан жүн сатып алудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыру мақсатында еліміздің барлық өңірінде тері мен жүнді қабылдайтын сервистік-дайындау пункттерін құру маңызды", – дейді депутат. 

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу