Қазақстанда 610 миллиард доллар тұратын стратегия жазылуда

3857

Республика циркулярлық экономикаға көшетін болды.

Қазақстанда 610 миллиард доллар тұратын стратегия жазылуда

Мемлекет алпауыт жаңа қорды құрады. Сондай-ақ елде қоқысты ашық көму тоқтатылады. Осының бәрі бір стратегияда қамтылмақ.

Қазақстан әлемдегі көп ласталған елдердің бірі саналады. Әрине, мұның бәрі – отарлау кезеңінің зұлмат мұрасы. Әйтпесе, байырғы замандарда және Қазақ хандығы тұсында Ұлы дала жанға сая, дертке дауа болатын тұмса мекен еді. Ал бодандық дәуірінен елімізге ядролық және басқа да қаһарлы қарулар сыналған бірнеше сынақ полигоны, әскери полигондар, тұзы ұшқан Арал, көршінің көнерген зымырантасығыштарын ұшырып, биіктен улы гептил төккен "Байқоңыр" қалды. Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары да төбе-төбе болып, қазақ жерін улап жатыр.

Семей полигоны түпкілікті жабылғанымен, "жарасы" жазылған жоқ, Арал теңізі сол бойы толмады, Ресейге берілген әскери полигондар мен алып ғарыш айлағы зымыран ұшыруын жалғастырды.

Содан Үкіметке қалатыны – қалдықтар полигоны. Соның ондаған жылдар қордаланған проблемасын еңсере алса, соның өзі дәреже көрінеді. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекiту туралы" Президент Жарлығының жобасын әзірлеп шықты. Оның тұтас бір бөлімі "Қалдықтарды басқаруға" арналған.

Құжатта еліміздің циркулярлық, яғни айналмалы экономикаға көшетіні көрсетілген. Бұл – барлық азаматтар, бүкіл кәсіпорындар, салалардың бәрі тегіс өздері шығаратын қалдықтарды қайта пайдалануға ауысуын білдіреді екен.

Жалпы байырғы замандардан бері ата-бабамыз осылай қалдықсыз өмір сүргені мәлім. Мысалы, мал сойса, оның етін жеумен ғана шектеліп қоймай, терісінен саналуан киім мен аяқ киім түрлерін тіккен, жүнінен киіз, текемет және басқа да өнімдер шығарған. Мүйізінен түрлі ожау, құты, шақша, семсер, пышақ, ердің қасын, қамшының сабын, үйдің жасауын, тағы басқа әшекей бұйымдарды өрнектеп жасаған. Тіпті тұяғынан музыкалық аспап әзірлеген.

Ал технологиясы дамыған қазіргі ғасырда қазақтар мұның бәрін ұқсата алмай, ұятқа қалып отыр. Оның үстіне алда Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынатын 2060 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегия жобасында қазіргі қазақстандықтар шығаратын қалдықтардан не жасауға болатыны, бүге-шігесі, егжей-тегжейі ашып айтылмапты.  

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, циркулярлық экономика шикізат пен материалдар шығындарын азайта отырып, басқа секторларға синергетикалық әсер етеді.

"Циркулярлы экономика дегеніміз – қалдықты өңдеуден алынған қайталама ресурстарды молынан пайдалануға, сонымен бірге тұтынуды қысқартуға негізделген экономика. Осы бағыттағы дұрыс инвестициялардың қос қырлы қайтарымы бар. Қысқа мерзімді пайдасы: жаңа жұмыс орындары құрылады, экономикалық өсуге серпін береді. Ұзақ мерзімді пайдасы: Қазақстан экономикасы көміртексізденеді (декарбонизация), тұрақтылығы арта түседі. Халықаралық климаттық қаржыландыруды және инвестицияларды тартуға Қазақстанның мүмкіндігі де, беделі де жетеді. Бұл үшін корпоративтік жобалар, жасыл қаржылар, халықаралық қаржы институттары сияқты түрлі арналарды пайдалана алады. Бірақ төмен көміртекті даму, көміртек бейтараптығына жету орасан зор көлемде қаражатты талап етеді", – деп бағалады Дүниежүзілік банк.

Ұлттық экономика министрлігі халықаралық консультанттарымен ақылдаса келе, Қазақстанды төмен көміртекті дамуға көшіру және алдағы 30-40 жылда көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін соған ықпал ететін төмен көміртекті технологияларға 610 миллиард доллар инвестиция салу қажет деген байламға келген.

Осынша ұлан-дария соманы бюджет көтере алмайды. Сондықтан, ведомствоның хабарлауынша, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуге салынатын тікелей мемлекеттік инвестициялардың үлесі жалпы инвестициялар көлемінің тек 3,8%-ын ғана құрайтын болады.

Қажетті инвестициялардың жартысынан көбі немесе 327 миллиард доллары – экономикадағы қолданыстағы және айналымдағы инвестициялар болады. Дегенмен республикаға келген шетелдік инвестицияның көбі шикізат өндірісіне бағытталады. Сондықтан жаңа стратегияда көрсетілгендей, Үкімет осы қолданыстағы инвестицияларды шикізат секторларынан экономиканың барынша жасыл секторларына қайта бағдарлауға тиісті.

Соған қабілет-қарымы жетсе, онда декарбонизация стратегиясын жүзеге асыруға қажетті 610 миллиард доллардың тек 223 миллиардын ғана жаңа инвестициялық ресурстар түрінде тарту қалады.

Министрліктің дерегінше, бұл жерде 2030 жылға дейін тек 10 млрд доллар инвестиция қажет болады. Қалған орасан зор бөлігі – 600 миллиарды 2060 жылдың соңына дейін инвестицияланатын болады.

Айтпақшы, осы мақсатта елімізде жаңадан алып Қор құрылмақ. Ол – Карбон қоры деп аталады.

"Жаңа стратегия арқасында парник газдарының шығарындылары CO2-эквивалентінде 9,335 миллиард тоннаға азаяды. Инвестициялардың көпшілігін жеке және мемлекеттік кәсіпорындар, жеке үй шаруашылықтары, сондай-ақ Карбон қоры құяды. Арнайы құрылатын бұл қорда экономиканы экологияландыруға және көміртексіздендіруге арналған барлық экологиялық төлемдер, халықаралық гранттар мен инвестициялар шоғырланады", – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Стратегияның бір бөлігі саналатын "Қалдықтарды басқару жүйесі" бірнеше бағытта дамиды. Біріншіден, мемлекет қалдықтардың пайда болу көлемін қысқартуға күш салады. Бұл үшін әлемдік тәжірибеде бар ынталандырушы және жазалаушы тетіктер қолданылуы мүмкін. Екіншіден, барлық өңірлер, қалалар қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен және сұрыптаумен жеделдетіп, толық қамтылуы тиіс. Үшіншіден, қайта өңделетін қалдықтардың үлесі арттырылады.

Құжат жобасында Қазақстанда қазіргідей қалдықтарды далада ашық көму біртіндеп жойылатыны, қоқыс полигондарында қалдықтарды көму едәуір қысқартылатыны жазылған. Қоқысты жағып, оны энергияға айналдыратын кәсіпорындар қолдау көруі қажет. Тұрмыстық қалдықтарды арнайы пештерде өртеп, қуат өндіру – ұзақмерзімді стратегияда "қалдықтарды газдандыру" деген атау алды.

Бұл да циркулярлық-айналмалы экономика моделінің бір бағытына айналады. Waste to Energy, яғни қалдықты жағып, одан электр және жылу энергиясын алатын кәсіпорындар сонымен бірге қоқыстан түрлі қосалқы зат өндіріп, химиялық өнеркәсіпті қоса дамыта алады. Ендеше 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды өртейтін зауыттардың сан түрлі өнімі дүкен сөрелеріне жол тартуы шарт.

Мәжіліс депутаты Ғани Хамзиннің пікірінше, қазақстандықтардың өмір сапасын нашарлатып тұрған жайттардың бірі – қоршаған ортаның ластануы болып тұр. Жалпы бұл мәселені мәжілісмендер жиі көтеріп жүр. Алайда парламентшілердің сауалына жауабында билік өкілдері мәселеге кешенді түрде қарамайды екен. Үкімет пен Бас прокуратура заңсыз қалдық төккендерге айыппұлдар мен санкциялар салынғаны, бейберекет пайда болған қоқыс алаңдары жойылып жатқаны, жекелеген өңірде полигондар салу жоспарланғаны, қоқыс сұрыптайтын кәсіпорындар пайда болатыны туралы термелеп айтып беріпті.  

"Бірақ Қазақстанның қоқыстануы алапат қарқынға жетті. Республика аумағында 3 005 полигон бар. Оның бар-жоғы 635-і немесе 21 пайызы ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді.  Үкіметтің дерегінше, еліміздің 3 өңірінде экологиялық-санитарлық талаптарға сай полигондардың үлесі 4 пайызға да жетпейді екен. Павлодар облысында – 4 полигон немесе жалпы санының 1,25%-ы, БҚО-да – 2 полигон немесе 1,36%, СҚО-да – 16 полигон немесе 3,5%-ы талапқа сәйкес келеді. Әкімдіктер де, Экология министрлігі де проблеманы бір-біріне итеріп, сен салар да, мен салардың кебін келтіріп отыр. Ал халық күлімсі иісі қолқаны атып, қоршаған ортаны улаған полигондар мен заңсыз қоқыс орындарына үнемі шағымданады", – деді депутат.

Ол сонау 2013 жылы бекітілген Қазақстанның "жасыл экономикаға" көшуі туралы тұжырымдамасында 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу жоспарланғанын еске салды. Сол кезде қалдықты орталықтандырылған түрде шығарумен ел халқын 100% қамту, полигондардың 95 пайызын экологиялық, санитарлық талаптарға сәйкес келтіру көзделген.

Жоспарланған межеге небары 8 жыл қалды. Яғни мемлекет ол мұратына жете алмайтыны аңғарылады.

Сондықтан шенеуніктер "жасыл экономикаға" көшу орнына "айналмалы экономикаға" көшуді ойлап тауып отыруы да ғажап емес. Бұл жоспар да орындала ма, жоқ па, оған тағы уақыт төреші. 2060 жылы қазіргі билік өкілдерінің басым көпшілігі саясат сахнасынан түсіп кетуі мүмкін.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу