Биыл бюджет пен халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен 6 мыңнан астам шақырым канал қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ирригациялық каналдарды жаңғыртумен қатар, өзге де маңызды гидротехникалық құрылыс нысандарында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, сыйымдылығы 245 миллион текше метр болатын Ақтөбе су қоймасы, 120 мың гектар аспалы алаңы бар Қызылорда су торабы, Шымкент қаласындағы Тоғыс су қоймасы жаңғыртылып пайдалануға берілді. 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 200 мыңға жуық тұрғыны бар 49 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған 8 су нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді", - деді ведомство басшысы.
Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, былтыр су ресурстары және ирригация министрлігі жалпы құны шамамен 600 миллиард теңге болатын 137 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізді.
"Биыл бюджет қаражаты мен халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен 6 мыңнан астам шақырым канал қайта жаңғыртылуда, оның ішінде 2025 жылы екі жүз мыңға жуық гектар жүктелген аумағымен мың шақырымға жуық канал пайдалануға берілуі жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, 2021-2025 жылдар аралығында шамамен жеті мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылатын болады", - деді Су ресурстары және ирригация министрі.