Қазақстанда адамдар мыңдап жоғала бастады

456

Елде бүгінде ресми түрде 6 мыңнан астам адамға іздеу салынған.

Қазақстанда адамдар мыңдап жоғала бастады Фото: ЖИ

Ресми статистиканың құрғақ цифрларының астарында қорқынышты жұмбақ бар. Бүгінде Қазақстанда мыңдаған адам ізделу үстінде. Бұл көрсеткіштің артында қоғамымыздың ала-құла әрі алаңдатарлық көрінісі жатыр: арасында қалаға кетіп, қайтып оралмағандар да, сот төрелігінен бас сауғалап қашып жүргендер де бар, деп жазды inbusiness.kz сайты. 

Тек бір ғана Ақтөбе облысында жоғалғандар саны жүздеп саналады. 2026 жылдың басынан бері жергілікті полицияға 900-ден астам мазасыз қоңырау түскен. Ulysmedia.kz мәліметінше, мұның тең жартысына жуығы – 470 өтініш ата-аналары таппай қалған балаларға қатысты болған.

Бақытқа орай, жедел іздестіру арқасында жоғалғандардың барлығы дерлік уақытында үйлеріне аман-есен қайтарылыпты. Дегенмен, Ақтөбе облысында бүгінде 3 адам сол бойы табылмады: олар – 44 жастағы екі ер адам және қарт зейнеткер – Асылхан Хасенов, Сергей Ковтун және Болат Қоңырбаев.

Әрбір факт бойынша арнайы іздестіру топтары құрылған: жедел уәкілдер туыстары мен куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттейді. Жоғалғандар баруы мүмкін орындарды тексереді. Сыртқы жасақтардың жұмысын үйлестіреді, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдармен және еріктілермен иық тіресе жұмыс істейді.

Қажет болған жағдайда іздеу аймағы өңір шекарасынан тыс жерлерге де кеңейтіледі. Полиция іздеудегі адамдардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білетін жандарды 102 нөміріне қоңырау шалуды немесе таяу маңдағы полиция бөліміне хабарласуды сұрайды.

Ұқсас көрініс елдің солтүстігінде де байқалады. Солтүстік Қазақстан облысында хабар-ошарсыз кеткендер саны 100 адамнан асты. Жергілікті полиция мұндай арыздарды үнемі қабылдап тұрады және істердің көпшілігі қысқа мерзімде жабылады. Мәселен, 2026 жылдың басынан бері іздеу жарияланған 75 адамның барлығы табылды.

7152.kz сайтының хабарлауынша, 2025 жылдың ішінде СҚО-да адамның жоғалуы туралы 536 арыз түсіпті. Соның ішінде 526 солтүстікқазақстандық іздеп табылды.

Алайда өткен жылдардың салдары әлі де сезіліп тұр: бүгінде өңір бойынша 31 адам сол бойы іздеуде. Олардың 10-ы 2025 жылы жоғалса, қалған 21-і көп жыл бұрын белгісіз бағытқа кетіп, оралмапты.

Деректер базасындағы тұлғалар бейнесі

Қазақстан Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректер базасында іздеу драмасының ауқымы нақты құқықтық сипатқа ие. 2026 жылы ел бойынша ресми іздеуде 6 140 адам тұр. Яғни, әлі күнге табылмағандар арасында:

балалар (ескіру мерзімінің өтуіне байланысты іздеуі ресми түрде тоқтатылған, бірақ табылмаған, хабар-ошарсыз кеткен күйде қалған балалар) – 29;

із-түссіз кеткендер (іздеу есебінде хабар-ошарсыз кеткен, туыстарымен байланысын үзген адамдар, соның ішінде балалар) – 1 939;

қылмыскерлер (анықтау, тергеу органдарынан, соттан қашып жүрген, жазасын өтеуден және пробациялық бақылаудан жалтарып жүрген тұлғалар) – 2 137;

борышкерлер (атқарушылық өндіріс бойынша борышкер, мемлекет мүддесі үшін берілген талап арыздар бойынша жауапкер, сондай-ақ мертігуден, денсаулықтың өзге де зақымдануынан немесе асыраушысының қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы істер бойынша жауапкер тұлғалар) – 1 331;

алимент бойынша іздеу жарияланған жоғалған борышкерлер (бөлек статистика) – 704.

Қазақстанда хабар-ошарсыз кеткендердің басым көпшілігі – ең белсенді жастағы, яғни 30 бен 49 жас аралығындағы ер адамдар (жалпы санның 77%-ы).

Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі елең еткізерлік басқа ғаламат цифрларды жариялады: өткен 2025 жылы полицейлер мен еріктілердің күш-жігері арқасында жоғалғандар тізімінде болған 20 мыңнан астам адамның, оның ішінде 6 мыңнан астамы балалардың орналасқан жері анықталды. Тұрмыстық жағдайлардың көпшілігінде адамдар арыз берілгеннен кейінгі алғашқы тәулікте немесе бірнеше апта ішінде аман-есен табылады.

Бірақ іздеу – бұл заң бұзғандардың соңына түсу дегенді де білдіреді. ІІМ баспасөз қызметі өткен жылы Қазақстаннан тыс жерлерде жасырынып жүрген 156 қылмыскердің табылып, ұсталғанын нақтылады.

"Сонымен қатар, еліміздің аумағында ТМД және алыс шетел мемлекеттерінің сұранысы бойынша іздеуде жүрген 639 адам ұсталды. 2025 жылы түрлі қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген 1600-ден астам адам қолға түсті", – деп мәлім етті ведомстводағылар.

Белгісіздікке қарай қадам: жоғалу себептері

Кейбіреулер үйінен шығып кетіп, еш қоңыраусыз, ескертусіз, түсіндірусіз және айқын себепсіз ғайып болады. Құқық қорғаушылардың байламынша, мұндай драмалардың көпшілігіне қарапайым отбасылық жанжалдар, уақытша ес-түсінен айрылуы немесе өмірді жаңадан бастауға деген тосын ұмтылыс себеп болады. Қылмыстық іздер сирек кездеседі екен.

"Қалай болғанда, әрбір іс бойынша адамның жоғалуының мән-жайлары анықталады, ықтимал мекенжайлар тексеріледі, туыстарынан жауап алынады, бейнекамералардың жазбалары талданады. Бағыттамалар барлық бөліністер мен көршілес өңірлерге жіберіледі. Іздеу жұмыстарына еріктілер мен бейжай қарамайтын тұрғындар белсенді түрде қатысады", – деп түсіндіреді СҚО ПД баспасөз қызметі.

ІІМ ересектердің өз отбасын немесе ата-анасын ескертпестен, сим-карталарын немесе тұрғылықты жерін ауыстырып, басқа қалалар мен елдерге жұмыс істеуге жиі кететінін алға тартады.

Ал, жасөспірімдер ата-анасымен ренжісіп қалғанда, құнды заттарын жоғалтып немесе сындырып алғанда, тіпті кейде бұл әрекеттің қауіптілігін түсінбей, нашар баға алғаны үшін де үйден қашады.

Бірақ бұдан да үрейлі тұстары бар. Қылмыстық іздестіруге "әлеуметтік желілер мен виртуалды танысулардың құрбандары" жиі ілігеді. Көбінесе жас қыздар интернетте танысып, смартфон экранындағы әдемі уәделерге арбалып, кездесуге шығады да, содан кейін жоғалып кетеді.

Ең жақсы дегенде, олар ата-аналарымен байланысын үзіп, танымайтын адамдармен бірге тұра бастайды. Ең нашар жағдайда – құлдыққа түсіп, тауарға айналады.

Тергеушілердің ескертуінше, құқық қорғау органдарының күш-жігеріне қарамастан, посткеңестік кеңістікте адамдарды еркінен тыс еңбек және сексуалдық құлдыққа жегу мәселесі әлі де өткір тұр. Тәуекел тобына аз қамтылған отбасылардан шыққан, жақсы жұмыс, мол табыспен алдау арқылы шетелге шығарылатын жас келіншектер, студенттер мен мектеп оқушылары кіреді. Сарапшылар мұндай қанау географиясының өрісі өте кең екенін, Азия мен Еуропа елдерінен бастап Латын Америкасына дейін жететінін нұсқады.

Уақыт пен үміт тартысы: іздеудің алтын сағаттары

Белгіленген полиция регламентіне сәйкес, ересек адамды іздеу 3 тәулік өткен соң басталады. Алайда шұғыл жағдайларда, мысалы, қылмыс белгілеріне күдік болса, жедел уәкілдер бірден іске кіріседі.

Балалар үшін ешқандай уақыт шектеуі жоқ. Баланы іздеу зәресі ұшқан ата-ана полиция бөлімшесіне жүгінген мезеттен бастап, дәл сол минутта дереу басталуға тиіс. Тәртіп сақшылары бұл жерде уақыт – басты одақтас екенін еске салды: ізі суымай тұрып іздеу басталса, алғашқы тәулікте адамды аман-есен табу мүмкіндігі өте жоғары көрінеді.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру ісі адам жоғалған сәттен бастап 10 жыл өткеннен кейін жабылады. Алғашқы айларда табылмағандар "хабар-ошарсыз кеткен" деген құқықтық мәртебеге ие болады: бұл адам заң жүзінде бар, бірақ іс жүзінде оның жер бетіндегі орны белгісіз болатын қорқынышты әрі белгісіз күй.

Халықаралық жоғалған балаларды іздеу орталығының (ICMEC) ресми мәліметінше, тек кәмелетке толмағандардың арасында жылына 8 миллион балаға дейін жоғалады. Яғни, әр 12 ай сайын үлкен мегаполистің халқына барабар балалар тобы жоқ болады екен.

Бұған ересектерді қосса, жалпы көрініс шынымен де қорқынышты сипатқа ие болады. Деменция салдарынан жадын жоғалтқан қарттар, қорғансыз еңбек мигранттары, табиғи апаттардың, жергілікті соғыстардың, қатыгез қылмыстардың құрбандары – осының бәрі осы қайғылы тізімді толықтырады.

Дегенмен, бұл оқиғалардың шамамен 80%-ы үйіне сау оралумен немесе мәйітінің табылумен аяқталады. Қалған 20%-ы мәңгілікке белгісіздік қойнауына кетеді.

Сондықтан айналаңыздағы адамдармен үнемі байланыста болу өте маңызды. Ата-анаңа қоңырау шалу, достарыңның жағдайын сұрап тұру, көршінің жоқтығын байқау – адамгершіліктің негізін құрайтын басты құндылық. Ақыр соңында, өркениет тек заң баптарымен емес, біздің бір-бірімізге қамқорлық таныта білу қабілетімізбен салмақталады ғой.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу