Қазақстанда адамдар ЖСН-імен бірге жоғалып кетуде

7328

Цифрлы дәуірде адамның тағдырын "құлтемір" шешеді. 

Қазақстанда адамдар ЖСН-імен бірге жоғалып кетуде

Алматы тұрғыны Әйгерім Қайруллина тосын, тіпті "тылсым" жағдайға тап болды. Ол бір түннің ішінде Қазақстаннан "ізім-ғайым жоқ болғанын" білмей қалыпты.

Барлығы 25 жасар бойжеткен жеке куәлігін жоғалтып алғанда басталған көрінеді. Болған жайтты анасы былайша әңгімеледі:

"Менің қызым Әйгерім оғаш оқиғаға тап болды. Таяуда, 2020 жылғы қарашада ол абайсызда жеке басын куәландыратын құжатын және ұялы телефонын жоғалтып алды. Сол күні Бостандық ауданының ішкі істер бөліміне барып, өтініш жазды. Ертесіне Бостандық ауданының халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінді. Оған жаңа жеке куәлік алу керек қой. Сорақысы сол, орталық қызметкерлері оның жеке деректерін тексере бастағанда, ХҚКО базасында Әйгерімге қатысты ешқандай дерек болмай шықты", – дейді қыздың анасы Айым Мусина.

Мамандар дереу өзге дерекқорлар мен ақпараттық жүйелерден Әйгерім Ерболқызының мәліметтерін іздеуге кіріседі.Салық органдарының да, көші-қон қызметінің де жүйелерінде азаматшаның деректері жойылып кеткен.

Мамандардың айтуынша, Әйгерімнің ЖСН-ны күшін жойған, тиісінше "тұлға жойылған".

"Осының кесірінен, қызым жеке куәлігін қайтадан алу құқығын да пайдалана алмай отыр. Биліктен Әйгерімнің деректерін базаларда қалпына келтіру бойынша тиісті шара қабылдауды сұраймын. Ол қазір өз бетімен шағым да жаза алмайды. Өйткені электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы өтініш беруіне мүмкіндік жоқ. Жазғандарын "электронды Үкімет" порталы өткізбей тастауда. Сондықтан оның атынан мен арызданып жүрмін", – дейді ана.

Жалпы, барлық дерек цифрлық кеңістікке көшірілген қазіргі заманда адам "жоғалып" кетуі қиын емес көрінеді. Мысалы, Владимир асырап алған қызының аты-жөнін, әкесінің атын өзгертеді.

"2014 жылы ХҚКО-да Қазақстанның паспортын рәсімдедік. Ізінше төлқұжаты да қолға тиді. Бұл шетелге қыдыру үшін қажет. Содан қызым 16-ға толғаннан кейін, ел ішінде пайдалану үшін жеке куәлік алайық деп қайтадан ХҚКО-ға барсақ, ондағылар мұндай адамның жоғын айтып, қарап отыр. Себебі, ЖСН жойылды дейді. Осыны білген соң, паспорттың күшін де жойды. Орталық мамандары төлқұжаттың ескі ЖСН-мен берілгенін анықтады. Олар балама 2014 жылы қалайша паспорт ала алғаныма таң қалады. Мен оны ұрлап алған жоқпын ғой, құжатты мемлекеттің өзі берді. Мамандардың айтуынша, ЖСН адамға өмір бойға бір-ақ рет телінеді. Тек бұл талап бала асырап алуға ғана жүрмейді, онда баланың ЖСН-ы өзгереді екен. Балаға жеке куәлікті қалай алатынымызды білмей, басымыз қатты", – дейді ол.      

Владимир заңгерлер көмегіне жүгінуде.

Ал Алматы облысының тұрғыны Кенжебек Алпысбаев ақпараттық жүйелер дерегі бойынша "баяғыда өліп қалғанын" білді. Бұл оқиға бүкіл елге тарап кетті. Ол биылғы тамызда Nur Otan праймеризіне қатыспақ болады. Бірақ өтініші қабылданбайды: қағаз жүзінде К.Алпысбаев "қайтыс болды" деп танылыпты.  

"Шынымды айтайын, осы уақыт бойы еш проблемасыз жұмыс істедім, өмір сүрдім. Партия праймериз өткізіп жатыр дегенді естіп, соған қатысуға ұйғардым. Алайда АХАТ бөлімі мені 9 жыл бұрын "жерлеп" қойыпты", – деп ашынды Кенжебек.

Әрине, мұндай шу шыққан соң, Алматы облыстық партиялық бақылау комиссиясы оның "тірі" мәртебесін қайта қалпына келтіруіне көмектесті. Билеуші партия сондай-ақ осы оқиғаға кінәлілерге қатысты шара қабылдауды талап етті. Мысалы, Алакөл ауданы әкімінің аппарат басшысы Дамир Сатыбалдиевке партиялық сөгіс жарияланыпты. Партиялық бақылау комиссиясы азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Динара Мұхаметжанованың тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсынған.

Егер шенеуніктер бұл іске жауапсыз, салғырт қарауын қоймаса, Қазақстан айдың-күннің аманында біраз тірі азаматынан "айырылып" қалуы ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу