Дауыс беру учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Егер ауысыммен істейтін азаматтың жұмысы сағат 07:00-де басталса, онда 06:00-ден дауыс бере алады.
Мұндай учаскелердің көпшілігі Қарағанды мен Абай облыстарында, сонымен қатар Алматыда, ал вахталық елді мекендер Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында орналасқан.
1 шілдедегі жағдай бойынша 12 176 968 адам референдумға қатысу мүмкіндігіне ие.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, дауыс беруге арналған 10 323 учаске, оның ішінде 59 шетелдегі мекемелер жанынан ашылған 74 референдум учаскесі жұмыс істейді.
Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Нәдірқұлова мәлім еткеніндей, шетелде дауыс беруге құқығы бар отандастарымыздың тізімі жасалды. Олардың жалпы саны – 12 485 адам.
Бұл ретте Ливан, Иран және Израильдегі 228 Қазақстан азаматы дауыс бермейді. Таяу Шығыстағы жағдайдың айтарлықтай шиеленісуіне байланысты бұл елдердегі Қазақстан дипломаттары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Күрделі әскери-саяси жағдайда Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды.