Қазақстанда алдағы уақытта әуе билеттері күрт арзандауы мүмкін

1526

Осыған қажетті жағдай жасау үшін Үкімет отандық әуе компанияларын отандық арзандау авиакеросинмен 100% қамтамасыз етеді. 

Қазақстанда алдағы уақытта әуе билеттері күрт арзандауы мүмкін Фото: canva

Көрші Өзбекстаннан төрткүл дүниенің кез келген түкпіріне ұшу әлдеқайда арзан.

Оның үстіне, өзбектердің ұлттық әуе тасымалдаушысы "Uzbekistan Airways" жылына бір рет барлық бағыттарға 30% жеңілдік береді. Оңтүстік көршіміз арқылы 99 бағытта сапарлауға болады.  

Компания маршруттік желісін үнемі кеңейтеді, әуе көліктерінің паркін ұдайы ұлғайтады, сервисін тұрақты жақсартады. Флотын жаңарту аясында компания 5 жаңа ұшаққа – екі Airbus A320 neo, екі ATR-72 және бір LET-410-ға қол жеткізді.

Бұдан бөлек, қазіргі кезде Boeing компаниясымен келісімге келді, ол бойынша америкалық компания 2029-2032 жылдары Boeing-787 Dreamliner маркалы су жаңа 14 ұшақты өзбекке жаңадан жасап береді. Бұған "Өзбекстан Эйруэйз" шамамен 2 миллиард доллар бағыттауда.

"Uzbekistan Airways" еуропалық Airbus компаниясымен де бірден 4 А320 ұшақтарын жеткізу туралы келісімге отырды.

Каспий бойынша көршіміз Әзербайжанның "AZAL" ("Азербайджанские авиалинии") компаниясы "Boeing" пен "Airbus" компанияларына 20-дан аса жаңа буындағы ұшақтарды сатып алуға тапсырыс орналастырғанын жариялады. Әзербайжандық ұлттық әуе тасымалдаушысы бұған маршруттік желіні кеңейту ауқымды бағдарламасы аясында барып отырғанын түсіндірді.

Қазақстандық авиакомпанияларда мұндай даму қарқыны байқалмайды. Керісінше, олар жанжалдан және сот арқылы моральдық айыпақы төлеуден бас көтере алмауда. Елге жалғыз оралып келе жатқан, паспортын жоғалтып алған өскемендік 10 жасар баланы түріктің Анталия әуежайында жалғыз тастап кеткені үшін сот ұлттық әуе компаниясына 1 000 АЕК (3 932 000 теңге) айыппұл салды.

Сорақылықтың шырқау шегі өткен мамыр айында тіркелді. Air Astana хәл үстінде, комада жатқан баланы паспорттық бақылаудан өтуге мәжбүр еткен. Алдын ала келісімге қарамастан, баланың әкесі және дәрігер отырған реанимобилді әуежай аумағына жібермей қойған.

Салдарынан, 2019 жылы туылған балдырған Қазақстанға жеткенде, ешқандай медициналық қолдаусыз қалып, естен танып жатқан күйде тексеру рәсімдерінен өткізілді. Баланы ұшақтан ауыр сырқаттарды тасымалдауға арналмаған техникамен – амбулифтпен алып кеткен.

Баланың ахуалына пысқырмаған шекарашы фотоға түсіру үшін оның көздерінен қорғаныш дәкесін алғызып тастаған. Ертесіне дәрігерлер ауруы асқынған баланы ауруханаға жатқызды, бірақ бала өліп қалды.

Алматының Түрксіб аудандық соты моралдық зиянның өтемі ретінде әуе тасымалдаушысынан 5 миллион теңге өндіртті. Судья кішкене жолаушының ауыр жағдайын біле тұра, ұлттық әуе тасымалдаушысының әуежаймен және шұғыл қызметтермен өзара әрекеттестікті лайықты үйлестірмегеніне назар аудартты.

Қазақстандық авиакомпаниялардың, жалпы азаматтық авиацияның жағдайына депутаттардың да көңілі толмайды.

Сенатор Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, халықты 3 мәселе көбірек алаңдатады. Бұлар – авиабилеттер қымбаттығы, рейстердің үнемі кешігетіні, әуежайлар мен әуе кемелеріндегі қызмет көрсету сапасының төмендігі.

"Авиабилеттер бағасының қалыптасуына авиаотынның жоғары құны айтарлықтай әсер етеді. Құны құрылымындағы ең үлкен үлесті – 36,5%-ды авиаотын шығындары құрайды. Авиабилеттегі техникалық қызмет көрсетудің үлесі – 14,9%, әуежайлық қызмет көрсетудің еншісі – 10,7% және жолаушыларға қызмет көрсету – 6,1% ғана. Бүгінде отандық мұнай өңдеу зауыттары саланың авиациялық отынға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыра алмай жатыр. Отын тапшылығы шамамен 237 мың тоннаны құрайды, ол Ресей мен Беларустен импорт есебінен жабылуда", – деді Сүйіндік Тасеменұлы.

Авиаотынға сұраныс жыл сайын тоқтаусыз артады. Болжамды тұтыну көлемі 2030 жылға қарай 2,5 миллион тоннаны құрамақ. Ал, Энергетика министрлігі отандық МӨЗ-дерде осы кезеңдегі өндірістің өсімі 1,4 миллион тонна деңгейінде ғана болатынын хабарлады.

Ішкі қуаттар азаматтық авиацияның қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алмаса, авиаотын импортына тәуелділік тек арта береді. Осыған байланысты, сенатор, отандық МӨЗ-дерде өндірісті ұлғайту мәселесі күн тәртібінде өткір тұрғанын жеткізді.

Сүйіндік Алдашевтің мәліметінше, саладағы жағдайдың нашарлауына біріншіден, елдегі авиаотынды өндіру және сақтау нарығының дамымауы, екіншіден, бәсекелестіктің жоқтығы, жоғары шоғырлануы, үшіншіден, авиаотынды негізгі жеткізушілердің әуежаймен сыбайлас-аффилиирленген компания болуы ықпал етті.

Салдарынан, әуежайларда авиаотынның әр тоннасының бөлшек бағасы 1 100-1 200 доллардан асып кеткен. Шынында, ішкі нарықта авиакеросиннің көтерме бағасы 650-850 доллар ғана тұрады.

"Авиаотынды сатудан түскен кіріс әуежайлар табысының негізгі бөлігін құрайды. Сондықтан олар басқа ойыншылардың осы инфрақұрылымға қол жеткізуіне мүдделі емес! Бұл авиакомпаниялар үшін отынның қымбаттауының себебі болып табылады және оның кесірі әуе билеттерінің құнына әсер етеді. Өкінішке орай, бүгінде авиаотынды сатудың және оның бағасын белгілеудің ашық тетігі жоқ, сондай-ақ меморгандардың бұл мәселені реттеуге ынтасы да, бірыңғай көзқарасы да жоқ", – деді Сенат депутаты.

Үкімет не дейді?

Премьер-министр Олжас Бектенов отандық азаматтық авиацияны дамыту мәселелері Қауіпсіздік кеңесінде ғана емес, Үкіметте де қаралғанын жеткізді. 

Алайда егер әуежайларымызда авиакеросин әрі қарай қымбат бола берсе, онда Қазақстан халықаралық авиахабқа айнала алмайды. 

"Авиаотынның құны авиа тасымалдардың бағасына және жалпы авиация саласының бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Сол себепті, Үкімет оның бағасын қолжетімді етуге бағытталған шаралар кешенін іске асыруда. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысында елде авиаотынды тұтыну көлемі 866 мың тоннаны құрады. Мұнда ішкі өндіріс 681 мың тоннаға жетті. Жетіспейтін көлем импорт есебінен өтелді", – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов отандық авиатасымалдаушылардың – Air Astana мен SCAT-тың 480 мың тоннадай ағымдағы жылдық сұранысы қазақстандық өндіріс есебінен толығымен өтелетінін мәлімдеді.

"Ал, импортталатын отынды негізінен шетелдік авиакомпаниялар тұтынады. Ішкі өндіріс көлемін ұлғайту үшін мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жалғасуда. 2030 жылға қарай авиаотын шығаруды жылына 1,4-1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда", – деді Бектенов.

Осыған орай Атырау МӨЗ-інің жаңғыртылуы есебінен ондағы авиаотын өндірісі 142-ден 165 мың тоннаға дейін өседі деп жоспарланған. Шымкент МӨЗ-ін кеңейту арқылы өндірісті жылына 300 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін арттыру міндеті қойылды.

Павлодар мұнай-химия зауытында сутегі өндірісінің қондырғысын орнату арқылы ондағы авиаотын 170 мыңнан 2026 жылға қарай 205 мың тоннаға дейін ұлғаюға тиіс екен.

Авиаотын көлемінің артуы оның арзандауына түрткі болады деп күтілуде. Авиакеросиннің арзандауы авиабилет құнының да төмендеуіне әсер етуі керек. Өйткені әлгінде айтылғандай, авиабилет құнындағы ең үлкен үлесті – 36,5%-ды авиаотын шығыны құрайды.

Бұған қоса, Бектенов әуежайларды айналып өтіп, мұнай өңдеу зауыттарынан авиаотынды авиакомпанияларға тікелей жеткізу тетігі енгізілетінін хабарлады. Премьер-министрдің есебінше, бұл тетік бағаны бірден 30%-ға дейін арзандатуға мүмкіндік береді.

Бірақ пайда қуған авиакомпаниялар авиабилеттерін бәрібір арзандатпауы мүмкін. Бұл енді олардың арына, сондай-ақ ішкі саясаты мен маркетингіне байланысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу