Төрт турдан кейін Н тобындағы командалардың турнирлік кестесі келесідей: "Карабах" – 10 ұпай, "Базель" – 8 ұпай, "Омония" – 2 ұпай, "Қайрат" – 1 ұпай. Конференция лигасының соңғы турында "Қайрат" өз алаңында "Карабахқа" ұтылып (1:2), ал сыртта "Базель" Омониямен тең түскен еді (1:1). Ал "Қайрат" пен "Базель" арасындағы бірінші матч қыркүйекте Швейцарияда өтіп, "Базель" 4:2 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Алматылық "Қайрат" бүгінгі ойынның "Таза қала – ортақ жеңіс" ұранымен өтетінін хабарлады. Осылайша, алматылық клуб қала тұрғындарын табиғи өнімдерді тұтынуға шақырып, ойыннан кейін стадионда қоқыс қалдырмау мәселесін шешпек. Матч қарсаңында Орталық стадионға арнайы пункттер орнатылады. Онда матчтан кейін пластикалық бөтелкелерді қайта тапсыруға болады. Осылай жасаған әрбір жанкүйер арнайы матч белгісін сыйлыққа алатын болады.
Сонымен қатар стадион аумағына қоқыс жәшіктері қойылып, қалдықтар ECOSEN компаниясында сұрыпталып, қайта өңделеді. Матчтан кейінгі шара аясында жанкүйерлер мен еріктілер стадионды тазалауға және қалдықтарды сұрыптауға жұмылдырылады. Матчты ұйымдастырушылар осы акцияға қатысқан адамдарға фирмалық сыйлықтар үлестірмек.
"Қайраттың" жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен эко-матч қарсаңында жанкүйерлерге үндеу жасады.
"Мен ойын күні жанкүйерлерден матч өтетін стадионға жетудің экология үшін ең тиімді жолды таңдауын өтінемін. Мысалы, қоғамдық көлік, метро немесе автобуспен келуге болады", – деді Айбол Әбікен.
Бұған дейін 19 қыркүйек күні АПЛ аясында "Тоттенхэм" мен "Челси" клубтары алғаш рет эко-матч ұйымдастырған еді.
Ермұхамед Мәулен