Қазақстанда алғаш рет халықаралық "CONTENDER" сериясының турнирі өтті

Әлемнің үздік спортшылары қатысқан ауқымды жарыстың жүлде қоры 75 мың АҚШ долларын құрады.

Қазақстанда алғаш рет халықаралық "CONTENDER" сериясының турнирі өтті

Алматыда 13-18 қыркүйек аралығында үстел теннисінен "WTT CONTENDER ALMATY" халықаралық турнирі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Спорттық додада әлемнің 28 елінен 140 атлет бақ сынады. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері және әлем кубогінің жеңімпазы Дмитрий Овчаров (Германия), Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Линь Юньжу (Қытай Тайбэй), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Маттиас Фальк (Швеция) сынды үстел теннисінің атақты жұлдыздары бар.

Ақтық мәреге жақындаған сайын жарыс қыза түсті. Ерлер арасындағы финалдық кездесуде Еуропаның төрт дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Рувен Филус (Германия) спорттық ерік-жігерге толы ойын көрсетті. Кездесуде ол Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Лин Юндзюден (Тайбэй) 0:3 есебімен жеңіліп бара жатқан, алайда соңғы сәтте 4:3 есебімен жеңіске жетті. Нағыз спорттық дода көрсеткен қос спортшыға көрермендер орындарынан тұрып, қошемет көрсетті. 

"Мен бұрын да "WTT СONTENDER ALMATY" турнирлерінде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріне алмаған едім. Алматыдағы жеңіс маған сенімділік сыйлады, мен бақыттымын. Соңғы сәтке дейін қолдаған алматылық жанкүйерлерге алғысым шексіз", – деді Рувен Филус.

Әйелдер арасындағы бірінші орын Хина Хаятанға (Жапония) бұйырды. Ол финалдық додада Фу Юмен (Португалия) кездесті. Қос спортшы тартысты ойын көрсетті. Сонымен қатар жапондық атлет жұптық разрядта отандасы Хирано Миамен бірге әлемге танымал спортшылар Шин Юбин мен Чой Хёджуды жеңіп (Корея), бұл санатта да үздік атанды.

"Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. "ADD" үстел теннисі орталығы керемет, турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Келесі кездескенше, Қазақстан!", – деді жапондық спортшы Хина Хаята.

ITTF және WTT ережелеріне сәйкес, ел намысын 11 ер адам мен 11 әйел қорғады. Құрама көшбасшысы, Рио-2016, Токио-2020 Олимпиада ойындарының қатысушысы Кирилл Герасименко мен Азия жасөспірімдер чемпионатының қола жүлдегері Алан Құрманғалиев бастаған командамыз рейтингтік турнирде әсерлі ойын көрсетті.

Ерлер арасындағы жұптық разрядта үшінші орынды қазақстандықтар Денис Жолудев пен Сағынтай Құрмамбаев иеленді. Олар Дастан Кенжеғұлов пен Ырысбек Артықметовты (Қазақстан) жеңді, корей ойыншылары Чан Уджин мен Лим Джонхун медициналық себептер бойынша келмеулеріне байланысты келесі кезеңге өтіп, жартылай финалда Линь Юньжу мен Ляо Чен-Тинге (Тайбэй) есе жіберді.

Қазақстан үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Данил Пак елімізде алғаш рет халықаралық "CONTENDER" сериясының турнирі ұйымдастырылғанын атап өтті.

"Бұл турнирдің артықшылығы – ол рейтингтік жарыс болып есептеледі. Сонымен қатар Халықаралық үстел теннисі федерациясының бастамасымен өтетін әлемдік додалардың жоспарына кіреді. Мұндай халықаралық рейтингтік турнир ТМД елдерінде алғаш рет ұйымдастырылды. Қазақстан үстел теннисі федерациясы мұндай ауқымды шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлауда. Кейін "Star Contender" сериясының турнирін өткіземіз. Оған көбірек мемлекеттер қатысады, рейтингтік ұпайлар да жоғары, жүлде қоры да қомақты. Шамамен үш жылдан кейін осындай турнир ұйымдастырамыз деп ойлаймын", – деді федерациясының бас хатшысы.

Алматыда өткен ауқымды жарыстың жүлде қоры 75 мың АҚШ долларын құрады. Спорттық жарысты "PTC Holding" бастаған еліміздің бірқатар беделді компаниялары қолдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу