Алғаш рет Қазақстан Премьер-лигасында халықаралық төрешілерді алмастыру бағдарламасы іске қосылды. Қырғыз футбол одағының және Қазақстан футбол федерациясының төрешілік комитеттері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр.
Келісім аясында Қазақстан чемпионаты матчтарына шетелдік төрешілер тағайындалады. Ал отандық мамандар шетелдегі ойындарда төрелік етуге мүмкіндік алады. Бұл төрешілерге тәжірибе алмасуға, өзге төрелік мектептерінің ерекшеліктерімен танысып, халықаралық деңгей талаптарына бейімделуге жол ашады.
Бүгін "Астана" – "Елімай" ойынына Португалия төрешісі тағайындалса, турдың басты ойыны "Қайрат" – "Ақтөбе" матчына Қырғызстан төрешісі қазылық етеді.
Сағат 17:00-де Алматының орталық стадионында "Қайрат" – "Ақтөбе" кездесуі басталады. Ал 19:00-де Астана-Аренада "Астана" – "Елімай" матчы өтеді.
"Астана" мен "Қайрат" 21 матчтан кейін бірдей ұпай жинап отыр – 46. Дегенмен қосымша көрсеткіштер бойынша астаналық клуб көш бастап тұр. Алматылықтар екінші орында орналасқан. Ал қостанайлық "Тобыл" үздік үштікте.