Қазақстанда алимент мөлшері артуы мүмкін

10599

Әділет министрлігі осындай бастама көтеріп отыр. Ведомство алимент төлейтін әкелердің беретін тиын-тебені баланы бағып, өсіруге жетпейді деген байламға келді.

Қазақстанда алимент мөлшері артуы мүмкін

"Қазақстандық отбасылар" ұлттық баяндамасының дерегінше, республиканың солтүстігінде әрбір екінші, ал оңтүстігінде – әрбір бесінші неке күйреп тынатын көрінеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда ажырасулар саны жыл сайын өсіп барады. Мысалы, 2000 жылы 27 391 неке бұзылса, 2005 жылы бұл көрсеткіш 32 377-ге, 2010 жылы 41 617-ге, 2015 жылы 53 293-ке, 2019 жылы – 59 796-ға жеткен. Пандемия кезінде ажырасу саны біршама азайған: 2020 жылы 48 002-ні, ал былтырғы 2021 жылы 48 239-ды құрады. Әлеуметтанушылар бұған карантин шектеулері салдарынан АХАТ, сот органдарының біраз уақыт жұмыс істемеуі әсер етуі мүмкін деседі. Сондай-ақ дағдарыс кезінде кейбір жұптар баспанасыз, табыссыз қалмау үшін бірге тұра тұруға уағдаласуы ықтимал. Өйткені күйзелістің жүгін бірлесе көтерсе жеңіл.

Сонымен қатар Әділет министрлігі ажырасқан жұбайлар арасында алимент дауы жиі өршитінін айтып дабыл қағуда. Бұл да дағдарыстың бір көрінісі болса керек. Сондықтан ведомство "Мәжбүрлеп орындату туралы" жаңа заң жобасы аясында алименттердің қолданыстағы мөлшерін қайта қарап, өсіруді жоспарлап отыр.

"Қазақстандағы алименттерді өндіріп алудың қолданыстағы жүйесіне сәйкес, борышкер өз табысының немесе жалақысының бір бөлігін төлейді. Атап айтқанда, 1 баласы болса, оған табысының 4-тен 1 бөлігін, 2 балаға – үштен бір бөлігін, 3 және одан көп бараға табысының, жалақысының жартысын беруге тиіс. Бірақ бұл жүйе баланың қажеттіліктерін толық көлемде қамтамасыз етпейді. Оның үстіне, алимент мөлшері оны төлеушінің жалақысының белгілі бір бөлігіне байланысты болғандықтан, бұл оған ақшаны тиісті көлемде беруден жалтару үшін төлемдерді жасанды түрде төмендетуіне мүмкіндік береді. Мысалы, жалақысы туралы құжаттарды бұрмалайды, жұмыс берушімен келісіп, табысы-жалақысының көлеміне қатысты жалған келісімшарттар жасасады", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Бұдан бөлек, балаларымен қалған бұрынғы әйеліне не күйеуіне бір тиын ұстатқысы келмей, қашып жүрген мыңдаған адам бар.

Ведомствоның хабарлауынша, бүгінде "алимент өндіріп алу туралы" атқарушылық құжаттардың жалпы санының 16 мыңы – "проблемалық" болып табылады. Олар бойынша борышкерлер не алиментті өте мардымсыз төлейді немесе мүлдем төлемейді.

"Мысалы, мұндай борышкерлердің көпшілігі ресми түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі және өзіне ең төменгі жалақыны белгілейді. Табысын 60 мың теңге ғана деп көрсетеді. Аталған сомадан есептегенде бір балаға алименттің мөлшері 15 мың теңгеге де жетпейді. Бұл баланы күтіп-бағуға, тәрбиелеуге, тамақтандыруға, киіндіруге жетпейді. Осыны ескере отырып, баланың мүдделерін ескеретін жаңа критерийлерді белгілеу орынды деп санаймыз", – деп мәлім етті Әділет министрлігі.

Жаңа талаптар заң жобасы таяуда қоғамдық талқылауға шығарылғанда белгілі болмақ.

Сарапшылар алимент көлемін табыстың белгілі бір үлесіне телімей, барлық балаға бірдей, нақты соманы бекіткен жөн дейді.

Жалпы бұл саланы "ит тұмсығы батпас" бюрократия жайлаған.

"Бұрынғы күйеуімнен алимент өндірту үшін ЖСО-ға баяғыда шағым бергенмін. Содан бері 11 жыл өтті! Ешқандай алимент түспеді. Жеке сот орындаушысы байланысқа шықпайды. Уатсабына да жазамын, жауап бермейді. Бұлар сонда не үшін керек? Оның орнына басқа ЖСО маған хабарлама жіберіпті, онда экс-жұбайымның бір борышын менің төлеуім керектігі жазылған. Не үшін? Әлдеқайда қаңғырып жүрген еркектің қарыздарын бұрынғы әйелі, жалғызбасты ана өтеуі керек пе? ЖСО "туысы" деп, мені тауып алған. Осы жылдар бойы балаларды жалғыз өсіріп келемін. Соған қарамастан, оның берешегін менен өндіруге бел буған ЖСО да арсыз екен. Төлемесең, банктік картаңды бұғаттап тастаймын дейді", – деп қапаланады Наталья Конуленко.

Кентау тұрғыны, 3 баланың анасы Бағила Л. 2015 жылы күйеуімен ажырасқан екен. 2017 жылы алиментке арыз жазады.

"Істі Мақтаарал ауданы Жетісай қаласының сот орындаушылары жүргізіп жатыр. Балаларымның әкесі Мақтаарал ауданының тұрғыны. Бірақ осы 5 жыл ішінде мүлдем алимент төлеген жоқ. Әділет министрлігіне бірнеше рет арыз жаздым. "Сот орындаушыңызға ескерту жасалды" деп құтылады. Жергілікті атқарушы органның барлығына бардым, еш нәтиже шықпады. Балаларымның әкесі алимент төлеуден қасақана жалтарып отыр. Жұмыс істейді, жеке көлігі де бар. Ал мен 3 баламмен пәтер жалдап тұрамын", – дейді ол.

Түркістан облысының Әділет департаментінің ұсынған мәліметіне сенсек, жеке сот орындаушысы Бағиланың бұрынғы күйеуінің табысының жартысын өндіру туралы атқарушылық істі сонау 2017 жылғы 1 тамызда қозғапты. Содан іс әрі қарай қозғалмаған.

"Атқару барысында ЖСО борышкердің есепшоттарына, белгілі бір іс-әрекет жасауына, Қазақстаннан сыртқа шығуына бұғат салу туралы қаулылар қабылдаған. ЖСО борышкердің сот бұйрығында көрсетілген мекенжайына барып, оны таба алмаған. Борышкердің тұрғылықты орнының белгісіз болуына байланысты Мақтаарал ауданының №3 аудандық сотына борышкерге іздеу жариялау туралы ұсыныс жолдаған. Соттың 2018 жылғы 8 ақпандағы ұйғарымымен борышкерге іздеу жарияланды. Алайда 2018 жылғы 5 мамырда ЖСО атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулы қабылдапты", – деп мәлімет берді ведомство.

Сол жылғы 8 қазанда ЖСО атқарушылық істі қайта жаңғыртқан. Өйткені "Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі" арқылы борышкердің атына "Ваз-21063" маркалы автокөлігі тіркелгені әшкереленді. Бірақ "алимент төлеуші" еш жерде ресми жұмыс істемейді, зейнетақы аударымдарын жасамайды.

Сондықтан ЖСО сотқа жүгініп, оның көлік жүргізу куәлігінің қолданысы уақытша тоқтатылды. Алайда оның көлігінің қайда жүйткіп жүргенін түркістандық полиция анықтай алмапты.

2021 жылғы 15 маусымда ЖСО қаулысына сәйкес, борышкердің қарызы 4,2 млн теңгеге жетті. Шаршаса керек, ЖСО қолды бір сілтеп, 2022 жылғы 19 қантарда атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қайтадан қаулы қабылдаған.

"ЖСО борышкерді іздестіру шаралары жөнінде мәлімет жолдау туралы тиісті мекемелерге еске салу хаттарын жолдаған. Департамент егер борышкердің мекенжайы анықталса, атқару құжатының талаптары орындалуы үшін заңнамада көрсетілген барлық атқарушылық шараларды жүргізуге ықпал етеді. Бұдан бөлек, борышкердің атына тіркелген автокөлік бойынша тиісті мәлімет жолдау туралы хат Түркістан облысының Полиция департаментіне жолданған, нәтижесі күтілуде", – деп қол жайды жергілікті әділет органы.

Әлеуметтік желіде билікке ұнамаған бір сөйлем жазған адамды құқық қорғау органдары лезде анықтайды. Ал әйелі мен баласын тағдыр тәлкегіне салған еркек пен оның машинасын бес жылдан бері таба алмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу